Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурстарына шағым түсіретіндер көп. Алайда оның бәрі көп жағдайда негізсіз болып шығады. Сондықтан Қаржы министрлігі кәсіби шағым түсірушілерді тәртіпке шақыратын норма қабылдамақ.
"Мемлекеттік сатып алу конкурстары көп жағдайда процеске қатысты түсірілген шағымдардың салдарынан өтпей қалып жатады. Мәселен, осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында мемлекеттік сатып алуларға қатысты шамамен 17 мың шағым келіп түскен. Шағым түскен жағдайда мәселенің анық-қанығы анықталғанша, процесті 10 жұмыс күніне тоқтату керек. Олар конкурс қатысушыларына, ұйымдастырушыларға шағым түсіреді. Өкінішке қарай, шағымдардың шамамен 60 пайызы негізсіз болып шығады", – дейді Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, шағым түсірудегі мақсат – конкурстың мерзімін ұзарту немесе оның өтуіне кедергі келтіру. Қысқасы, адал бәсекелестікті болдырмау.
"Біз мұндай қатысушыларды "кәсіби шағым түсірушілер" деп атаймыз. Олар шағым түсірген соң, арада біраз уақыт өткеннен кейін "менің шағымымды қарастырмауды сұраймын" деп өтініш береді. Мұның бәрі конкурстың уақытылы өтуіне, адал кәсіпкерлердің жеңіске жетуіне кедергі келтіреді. Қазіргі уақытта кәсіби шағым түсірушілер өзекті проблемаға айналып отыр", – дейді вице-министр.
Қаржы министрлігі кәсіби шағым түсірушілердің алдын алу үшін жаңа норма енгізбек. Яғни, сатып алу процесіне шағым түсіру процесін ақылы етпек. Осылайша, адал бәсекелестікті қолдамайтын конкурс қатысушыларын тәртіпке шақыру көзделіп отыр.
"Егер түсірілген шағым шынымен негізді болса, тиісті құжаттармен дәлелденсе, қатысушының шағым түсіруге төлеген қаржысы қайтарылады. Ал шағым негізсіз болса, дәлелденсе, шағым түсіру үшін төленген қаржы қайтарылмайды. Ол ақша кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға құйылады. Бірақ біз бұл бастаманы соңына дейін жеткізіп, ойластырған жоқпыз. Сондықтан шағым түсіру үшін қанша қаржы төленетінін нақты айта алаймыз. Десе де, Грузияның тәжірибесін зерделеп көрдік. Бұл елде шағым түсіру үшін мемлекеттік сатып алулар келісімшартындағы соманың 20 пайызы төленеді екен. Бір анығы, Қазақстанда шағым түсіру үшін төленетін ақы аса жоғары болмайды. Өйткені төленетін ақы тым жоғары болса, нақты проблеманы көре тұрып, шағым түсірмеу белең алуы мүмкін", – деп толықтырды сөзін Руслан Бекетаев.
Қаржы министрлігі бұл мәселені алдағы уақытта бизнес өкілдерімен бірге талқыламақ.
Фархат Әміренов