Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу нәтижесіне шағым білдіру үшін ақы жинаудың жаңа тетігіне қатысты түсініктеме берді.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алу веб-порталында "электрондық шағымдану" функционалы енгізілгені мәлім. Осылайша, шағым білдіру жеңілдетілді. Тендер жеңімпазын қаралау үшін еңселі кеңселерді жағалау қажет емес, электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, веб-портал арқылы электронды түрде "домалақ арыз" жаза салуға болады.
Сондай-ақ бұл бейкүнә тірлік емес, керісінше, ондай әрбір арыз бизнесмендердің басын дауға қалдырып, ісін кері кетіреді. Өйткені егер тендер нәтижесіне шағым түссе, мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша жеңімпаз компаниямен шарт жасасу тоқтатылады. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алу рәсімі ұзаққа созылады.
Осының нәтижесінде былтырдан бері кәсіпкерлік қауымдастықтар және мемлекеттік органдар "кәсіби шағынданушылар" пайда болғанын айтып, дабыл қаға бастады. Шағымданушылар қандай да бір мемлекеттік сатып алуды тапсырыспен бұзып, сол үшін ақы алатын көрінеді.
Бүгінде елімізде тендерге қатыса алатын 256 225 ықтимал жеткізуші тіркелген. Оның қаншасы кәсіпорын терісін жамылған "кәсіби шағымданушы" екенін ешкім білмейді. Ондай "қара тізімді" ешбір орган құрмайды. Жаңа тетік іске қосылса, тізім де пайда болуы мүмкін.
Қаржы министрлігі шағымдануды ақылы етуді қарастыратын заң жобасы тек 2020 жылдың соңына дейін қабылданады деген жоспар белгіленгенін хабарлады. Заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.
Сонымен бірге, келесі жылдың соңына дейін жаңа "Сатып алуды жүзеге асыру қағидалары" бекітіліп, ол 2021 жылдың 1 қаңтарынан өмірге жолдама алады.
Қалай болғанда, бұл салада бір шара қабылдамай болмайды. Әйтпесе, шағым ауқымы тау басынан құлаған қар жентегіндей барған сайын ұлғаюда. Мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган атына келіп түскен шағымдар саны 2015 жылы небәрі 2265 болған және кәсіпкерлер негізінен тендерлік комиссияның әділетсіз істеріне наразылық білдірген. Алайда осы арқылы тендерді тоқтатуға болатыны анықталысымен, шағым көлемі күрт артқан.
2016 жылы шағым бірнеше есе өсіп 8081-ге, 2017 жылы – 9142-ге жетеді. Былтырғы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 14 629 болған.
Биылғысы тіпті алапат. 2019 жылдың 9 айының өзінде 20 035 шағым тіркелген. Олардың 41%-ы немесе 8315-інде айтылған заңсыздықтар ғана расталды. Қалғаны шындыққа жанаспайды деп танылған.
"Бұл ретте статистикаға жүргізілген талдау көрсеткендей, өтініш берушілердің дәлелдері расталған шағымдардың саны төмендеуде. Мәселен, қанағаттандырудан бас тартылған шағымдардың үлесі 2016 жылы 36% (2922 өтініш) болса, 2017 жылы ол көрсеткіш 33% (3045), 2018 жылы 49%-ды (7238) құрады. Шағымдардың 74%-ы тендерге қатысушы бәсекелестердің өтінімдеріне қарсы берілген. Жаңа тетік негізсіз шағымдардың санын төмендетуге бағытталады. Яғни, мемлекеттік сатып алуда жеңуді мақсат тұтпайтын, "өзіме де болмасын, өзгеге де болмасын" дейтін "кәсіби шағымшыларға" қарсы күрес күшейтіледі", – дейді қаржы министрлігі.
Жалпы шағым бергені үшін ақы алу Қазақстанның ойлап тапқаны емес, бұл тәжірибе әлемдегі біраз елде, соның ішінде ТМД аясында Грузия, Украина, Арменияда қолданылады.
Жаңа тетік бес күн ішінде шағым түссе, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша шарт жасасу рәсімін сол шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтата тұруды жоймайды, ол тәртіп сол бойы қалады.
Тендерге қатысушы бәсекелестердің бір-бірінің өтінімін өзара қарау рәсімі де сақталады.
Тек содан кейін, қайсыбір тарап шағым түсіремін десе, ол мемлекетке ақы төлеуі қажет.
"Егер өтініш берушінің дәлелдері расталса, тиісті төлемі оған қайтарылып беріледі. Өтініш берушінің дәлелдері расталмаған жағдайда тиісті төлем бюджет кірісіне аударылады", – деп түсіндірді қаржы министрлігі.
Шағымшылардан жиналатын төлем мөлшері әзірге анықталмапты. Ол соманы, сондай-ақ төлем енгізу мен қайтару тәртібін ведомство пысықтау үстінде.
Мемлекет бұл істе сақтық танытып, байыппен қимылдауда. Себебі, жиналатын төлем көлемі тым үлкен болса, ол кәсіпкерлердің әділетсіздікке шағымдануына қойылған кедергіге айналуы мүмкін. Мәселен, бірнеше миллион теңгені құраса, кейін ол қаржысының қайтар-қайтпасына алаңдаған бизнесмен бассыздыққа көніп, қолын бір-ақ сілтеуі ықтимал.
Ал төлем көлемі тым аз болса, тендерді тоқырауға ұшыратқаны үшін онсыз да қомақты сый алатын жалған жеткізушілерге еш тоқтау бола алмайды.
Жанат Ардақ