Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың тәуекелін төмендетіп, адал бәсекелестіктің бәсін қыздыру үшін мемлекеттік сатып алу жүйесін электронды форматқа көшірді. Сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасына нақты талап қойып, бір көзден сатып алу үлесін азайтты. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуға тиісті қаражат айналымы, материалдық және еңбек ресурсы бар компанияларды ғана қатыстыратын болды. Осының нәтижесінде былтыр мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алудан 361 млрд теңге үнемдеді.
Салыстыру үшін айтайық, үнем көрсеткіші 2016 жылы – 173 млрд, 2017 жылы – 250 млрд, 2018 жылы – 311 млрд теңгені құрады.
Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың сөзінше, 2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алудан 1 трлн теңге үнемдейді.
"2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткізілмеді деп танылған мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу шартын жасау мүмкіндігі жойылды. Содан бергі уақытта бір көзден сатып алу үлесі 72%-дан 49%-ға қысқарды. Жоспар бойынша алдағы жылдарда бір көзден сатып алу көрсеткішті 35%-ға дейін төмендетіледі", – деді Руслан Бекетаев.
Биыл 1 қаңтардан бастап қаржы, әділет, индустрия және инфрақұрылымдық даму сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрліктері сынды 4 орталық мемлекеттік органда, Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары сияқты 5 жергілікті атқарушы органда орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі қанатқақты жоба ретінде іске қосылды. Мұндағы мақсат бір лотқа ірілендіру есебінен бюджет қаражатын үнемдеу, мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізуге жұмсалатын әкімшілік шығыстарды қысқарту, бюджеттік ұйымдарды өзіне қатыссыз функциядан босату, кәсіби біліктілік арттыру арқылы сатып алудың сапасын жақсарту және сатып алушылардың қызметін бақылау мен қадағалауды оңтайландыру негізінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Естеріңізде шығар, 2009 жылға дейін мемлекеттік сатып алу қағаз арқылы жүргізілді. Газеттерге хабарландыру жарияланып, өтінім ашық хатпен жолданды. Сәйкесінше мемлекеттік сатып алуда бәсекелестік болған жоқ.
Мемлекеттік сатып алуға 1-2 компания ғана қатысып жүрді. Берілген өтінім саны 2-ден аз болуына байланысты мемлекеттік сатып алудың өтпей қалатын күндері көп болды. Бірте-бірте мемлекеттік сатып алу автоматтандырыла бастады. 2012 жылдан бастап мемлекеттік құрылымдар арасындағы мемлекеттік сатып алу байқауы электронды форматқа көшті. Осыдан бастап мемлекеттік сатып алу жүйесіне аукцион енгізілді.
2016 жылы жаңа заң қабылданып, барлық мемлекеттік сатып алу электронды форматқа ауысты. Осылайша мемлекеттік сатып алуды жоспарлаудан бастап, төлем төлеуге дейінгі аралықтағы операциялар 100% цифрландырылды. Бұған қоса мемлекеттік сатып алуға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды. 2017 жылы мемлекеттік сатып алуға – 3,4 трлн, 2018 жылы – 3,6 трлн, 2019 жылы – 4,4 трлн теңге бөлінді.
Қазір мемлекеттік сатып алудың барлық құжаттары электронды форматта рәсімделеді. Электронды шарт жасалып, қатысушыларға электронды банк кепілдігі беріледі. Қазынашылық органдарда шарттар электронды тіркеледі. Ал азаматтар электронды әмиян мен электронды депозитарийге жүгінеді.
Мемлекеттік сатып алуға қатысты барлық мәліметтер мен олардың құжаттамасы және техникалық ерекшеліктері туралы деректер ашық әрі қолжетімді.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы" заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік сатып алу веб-портал арқылы түрде жүзеге асырылады.
Заң арқылы бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке көтерілді. Бұл норма балабақша, мектеп, емхана, аурухана, мәдениет үйі, интернат, қарттар үйі сынды бюджеті шағын тапсырыс берушілерді қамтыды. Ал ауыл әкімдіктері үшін шекті сома 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Атап көрсетерлігі, мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда тапсырыс берушілерге бұл істі қайта ұйымдастыру міндеті жүктелді. Өз кезегінде бұл бір көзден сатып алуды қысқартуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік сатып алуды "бұзу" арқылы заңсыз пайда табуды көздейтін "трольдерді" тезге салу үшін конкурстық өтінімге кепіл бермеген әлеуетті жеткізушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын көруге тыйым салынды.
Былтыр мемлекеттік сатып алуға қатысты 27 509 шағым түсті. Оның дені негізсіз болды.
Абылай Бейбарыс