Жеке адамдарды банкроттау заңы ұзаққа кейінге қалды ма?

3277

Сарапшылар бұл заң жобасын Әз-Наурыз қарсаңында Мәжіліс қарайды деп болжаған.  

Жеке адамдарды банкроттау заңы ұзаққа кейінге қалды ма?

Мұның символдық мәні бәр. Ұлыстың ұлы күні адамдар бірін-бірі кешірген. Бірақ қазір бұл құжаттың Мәжіліске қашан енгізілетіні де белгісіз болып отыр. Заң жобасының тежелуіне не себеп?

Президенттің "қасіретті қаңтар" оқиғасына орай, 5 қаңтарда берген осы тапсырмасының орындалуына тікелей жауапты меморган – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасының тұжырымдамасын алғаш рет 2022 жылғы 1 ақпан күні қоғамдық талқылауға шығарды.

Сарапшылардың, жүздеген мың борышкер қазақстандықтың осы құжат тезірек қабылданады деп үміттенуіне бірнеше себеп түрткі болды. Біріншіден, жеке азаматтарға өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндік беру тетігі – Қазақстан ойлап тапқан ноу-хау емес, бүкіл дамыған әлемде қолданылады. Яғни тәжірибе де, дайын үлгі де көз алдында, көшіре бер.  

Екіншіден, Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын 2013 жылы жазып шыққан болатын. Бірақ оны сол кездегі Үкімет бұғаттап тастады. Себебі салықшылардың байламынша, "мұндай тетікті тек 2016-2017 жылдары табыстарды жаппай декларациялауды енгізгеннен кейін ғана іске қосу мүмкін болады". Әрине, 2016 жылы жаппай декларациялау кейінге шегерілді. Барлық қазақстандықтың табысы мен шығысын мемлекетке жария етіп отыру міндеті тек 2024 жылы енгізілмек. Үкімет оны күте алмайды.

Үшіншіден, бұл – Мемлекет басшысының "қаралы қаңтар" оқиғаларынан кейін қабырғасы қайысып, аза тұтқан елдің еңсесін көтеруге бағытталған бастамасы еді. Ендеше тез қабылдануы қажет еді. Онда президенттік бастама неге созбалаңға салынды?

Қаржы министрлігі мамандарының айтуынша, бұған меморгандардың және сарапшылардың арасында ортақ ұстанымның болмауы, келіспеушіліктер кедергі болуда. Салдарынан, заң жобасын қоғамдық талқылау мерзімін алдымен 15 ақпанға, одан кейін 23 ақпанға, артынша 3 наурызға дейін ұзартуға тура келген. Ол уақыт та бітті, алайда тараптар ортақ тоқтамға келе алмапты.

"Жыл басында Президентіміз жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданатыны жайында айтып еді. Тиісті заң жобасы да дайындалған. Соның ақыры не болды?", – деп жазады Мереке Түркістанов Үкімет мүшелеріне бағыттаған өтінішінде.

Халық алаңдай бастады. Сарапшылар болса, заң жобасына ұсыныс енгізуді жалғастыруда. "Тілеулин және серіктестері" заңгерлік фирмасының басқарушы серіктесі Ілияс Тілеулин 2017 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы (ЖТБ) туралы үкіметтік заң жобасы да әзірленгенін қаперге салады.

"Алайда ол банктік лоббидің қысымымен қатты өзгеріске ұшырады. Салдарынан, "Нұр Отан" фракциясының алдын ала тыңдауынан да өтпей қалды. Содан 2022 жылғы қаңтардың ортасында барлық мүдделі меморгандар мен ұйымдарға ұсыныс-ескертпелерін алу үшін ЖТБ заңы жобасының жаңа нұсқасы бағытталды. Бұл нұсқа Ресейдің ұқсас заңының ережелерін толығымен көшіреді. Ал ақпанда үшінші, әзірге соңғы нұсқасы қоғамдық ашық талқылауға шығарылды. Оның мазмұнына үңілген маман оны әзірлеушілер азаматтардың қарызға батуы проблемасының және одан туындаған әлеуметтік шиеленістің ауқымын жете бағаламайтынын аңғарады", – дейді заңгер.

Заң жобасында еңсерілмес кедергілер бар...

Оның пікірінше, заң жобасында азаматтардың басым көпшілігінің банкроттық рәсімін пайдалануына кедергі болатын ережелер бар.

"Соның кесірінен қаптаған борышкерлердің арасынан санаулысы ғана өзінің қаржылық жағдайын сауықтыруға қол жеткізе алатын болады. Тарата айтсақ, ол барлық борышкерлерді 3 санатқа бөледі. Бірінші санатқа 306 300 теңгеге (100 АЕК) дейінгі қарызы барлар жатады, олар несиесін өтеу мерзімін кешіктіргеннен тек 1 жыл өткен соң ғана соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады. Екінші санатқа 306 300 теңгеден 4 900 800 теңгеге дейін берешегі барлар кіреді. Олардың "просрочкаға" шыққаннаннан кейін ең кемі 6 ай өткенде ғана соттан тыс банкроттыққа өтініш жазуына мүмкіндігі бар. Үшінші санатқа 4 900 800 теңгеден көп борышқа ие адамдар ілігеді. Олар тек сот арқылы банкроттықтан үміттене алады", – дейді Ілияс Тілеулин.

Бірақ бұл жерде бір гәп бар екен. І және ІІ санаттағылар банкроттық игілігін пайдалану үшін МҚҰ немесе банк оларды қарызын өтемегені үшін сотқа беруі керек. Заңгердің айтуынша, клиенттерімен соттасуға банктер де, микроқаржы ұйымдары да асықпайды, тіпті құлықты емес. Сонда не істейді?

"Олардың борышты коллекторларға табыстай салады. Коллекторлық агенттіктер осы істен аста-төк экстра-табыс табады. Тиісінше, олар да борышкерлерді сотқа сүйреуге мүдделі емес. Өйткені егер сотқа берсе, берешек сомасы нақты бекітіледі. Нәтижесінде, коллектор үнемі өсімпұл мен айыппұл қосып, ол қарызды өсіріп, "сауынды сиырға" айналдыра алмайды. ЖТБ заңы мүлдем жұмыс істемесін дегені ме, оның жобасына І және ІІ санаттағылар үшін олардың атқару қағазын жеке сот орындаушысы кері қайтаруға тиіс деген талап қарастырып қойыпты. ЖСО-лар тәжірибеде атқару қағазын ешқашан уақытында қайтармайды, өйткені ол үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған", – дейді І. Тілеулин. 

Оның байламынша, заң жобасының тиімділігін нөлге теңестіретін бап бар. Борышкерлердің көбінің күні қарайтын "соттан тыс банкроттықтың бірыңғай әкімшісі" ретінде Қазақстанда жоқ институт белгіленген, ол – "банкроттық саласындағы өзін-өзі реттеуші ұйымдар институты" деп аталады. Мамандардың мәліметінше, мұндай ұйымдар қағаз жүзінде бар. Бірақ өмірде олардың кеңсесін не мекенжайын тіпті ірі қалалардың өзінде табу қиын. 

"Заңда өзін-өзі реттейтін ұйымды құру және осы саладағы ұйымдардың соған ерікті мүше болуы қарастырылыпты. Алайда оны құру жауапкершілігін кім өз мойнына алады, кім ұйымдастырады? Ресурсты қайдан табады? Тіпті осы түйткілдер шешілгеннің өзінде ол банкроттықты бүкіл ел аумағында толыққанды, кең ауқымды жүзеге асыруға кепілдік болмайды. Біз банкроттық – дамыған елдердің бәрінде экономиканы сауықтырудың құралы болып табылатынын назарға алуға тиіспіз", – деген пікірде заңгер.

Билік не дейді?

Қаржы министрлігі "ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасына тағы түзетулер мен толықтырулар әзірленіп жатқанын хабарлады.

"Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында біздің министрлік аталған заңның жобасын әзірлеу бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Заң жобасы "Ашық НҚА" сайтында орналастырылғаны мәлім. Алайда сол жобаның бірқатар ережелері Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында талқылау барысында қайта қаралып, өзгертілді. Сондай-ақ эксперттік кеңестердің, қоғамдық кеңестердің ұсыныстары мен сын-ескертпелері де ескерілуде", – деді бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, мысалға, заң жобасынан азамат банкроттықты пайдалана алуы үшін "атқару парағын сот орындаушысы қайтаруы керек" деген талап алып тасталып отыр. Сонымен қатар әкімшілердің кәсіби ұйымының ("профессиональная организация администраторов") қызметіне қатысты норма да жойылыпты.

Қаржы министрлігіне әртүрлі адамдардан – сарапшылардан, қоғам белсенділерінен, блогерлерден өздерін жұмыс тобына қосу туралы сұрау түсіп жатқан көрінеді.

"Жұмыс тобы Қаржы министрінің 2022 жылғы 20 қаңтардағы №67 бұйрығымен құрылған. Оның құрамына мүдделі меморгандардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары, банктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар енді. Қазіргі уақытта жұмыс тобын кеңейту немесе құрамын толықтыру жоспарланып отырған жоқ. Дегенмен қызығушылық білдірген мамандар топ отырыстарына ZOOM сілтемесін алып, сол бойынша қосыла алады. Отырысқа онлайн қосылу үшін олар k.uazhanov@kgd.gov.kz электронды мекенжайына байланыс деректерін ұсынуы қажет", – деп мәлім етті Қаржы министрлігі.

Осының алдында өзге сарапшылар банкроттықты пайдаланған азаматтарға қойылатын шектеулердің пәрменсіз екенін атап өткен. Мысалы, алған несиелерін төлемей, өзін банкрот жариялаған адам 3 жылға дейін шетелге шыға алмайды. Шынында, қарыз алушылардың көбі онсыз да сыртқа саяхаттамайды, демек бұл – олар үшін ешқандай шектеу емес. Мұндай талап тек бизнесі шетелдік сапарлармен байланысты кәсіпкерлерге ғана ой салуы мүмкін.

Әзірлеушілер банкрот тұлғаларға шетелге шығуға рұқсат еткелі отыр.

"Қолданыстағы заңнама бойынша салықтық және басқа қарызы бар қазақстандықтарға шетелге шығуға тыйым салынған. Ал ЖТБ туралы заң жобасында банкрот болған адамдарға шетелде емделетін жақын туысына ілесіп жүруі немесе жерлеу рәсіміне қатысуы үшін Қазақстаннан тыс шығуға рұқсат етілмек. Сонымен бірге шетелге шығу негіздерінің тізбесін кеңейту, атап айтқанда, банкрот-азаматқа жұмысқа тұру немесе оқу үшін шетелге шығуына мүмкіндік беру мәселесі талқылануда", – деп түсініктеме берді ведомство.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу