Биліктің шағын бизнеске "қамқорлығы" кәсіпкерге сор болып жабысты

2932

Тендерлерде өнімнің отандық тауар екенін дәлелдейтін сертификатты жаппай талап ете бастауы шағын кәсіпкерлерді тұралатып кетуі мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.  

Биліктің шағын бизнеске "қамқорлығы" кәсіпкерге сор болып жабысты

Жуырда еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаев кезінде, Қаржы министрі болып тұрған тұста Бақыт Сұлтанов қабылдап кеткен құжатты түзетіп, оның біраз нормасының күшін жойды. Әңгіме Қаржы министрінің "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығы жайында болып отыр.

Бұл өзгерістер елдегі шағын бизнестің өркендеуіне өріс ашып, қазақстандық тауарларды ілгерілетуге бағытталған еді. Алайда әсері мүлдем басқаша болып, онсыз да пандемия және дағдарыстан қалжыраған кәсіпкерлікке соққы болғанға ұқсайды.

Мәселенің мәнісі неде?

Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың 2021 жылғы 17 маусымда қол қойған жаңа бұйрығына сәйкес "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына" өзгеріс енді. Оның жай-жапсарына тоқталсақ, Бақыт Сұлтанов кезінен бері қолданылып келе жатқан қағидалар тек құны 1 мың АЕК-тен (биыл – 2 917 000 теңгеден) асатын мемлекеттік сатып алулар мен тендерлерде ғана "СТ-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификатты ұсынуды талап ететін.

Қазіргі бас қаржыгер бұл норманы жойды: енді әлгі талап ұсақ-ірісіне қарамастан, барлық мемсатып алу туралы келісімдерге таралады.

Бір қарағанда, бұл – жөн. Осы арқылы бюджет қаржысы үлестірілетін байқауларға тек "Қазақстанда жасалған" өнімдер ғана жіберіледі. Алайда отандық өндірушілердің көбінде ондай сертификат жоқ. Олардың бәрі де енді тендер атаулыдан тыс қалуда.

Жеке кәсіпкер Дамир Тугумбаев өзге бизнесмендер қатарлы мемлекеттік сатып алуларға қатысып, тауар жеткізу арқасында күн көріп келген. Жаңа "шектеу" шағын кәсіпкерлікті қаусатып кетуі мүмкін екенін айтады.  

"Бұрынғы бұйрыққа енгізілген өзгерістер жеткізушілерге орасан зор шығын келтіруде. Өйткені олардың 70%-дан астамы сомасы 10 мыңнан бастап 2 млн теңгені құрайтын ұсақ жеткізілімдер бойынша жұмыс істейді. Арасында ауыл кәсіпкерлері де жетерлік. Үлкен шығын шығаруға олардың мүмкіндігі жоқ. Өйткені 1 сертификат бағасы 90 мың теңге және одан жоғары. Егер жеткізілетін тауар сомасы "СТ-KZ" сертификаты құнынан да кем болса, жеткізуші қалпымен шығынға отырады ғой. Мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер де қиындыққа жолығуда. Олар өздеріне қажетті, бағасы аса қолайлы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді қабылдай алмайды. Қабылдағанның өзінде сертификатының жоқтығы үшін жеткізушіні сотқа беруге тура келмек. Ал бұл меммекемелерді қаржы мен уақытты шығындауға мәжбүрлейді", – дейді Д.Тугумбаев.   

Осылайша, оның айтуынша, Ерұлан Жамаубаевтың бұйрығы "шағын бизнес пен мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылар үшін жоқ жерден үлкен проблема тудырып берді".

Сондықтан ұсақ жеткізілімдерді орындайтын кәсіпкерлер Қаржы министрлігінен бұйрықтың ескі редакциясын қайтаруды сұрауда.

"Егер министр мырза бұрынғы редакцияны қайтарса, кәсіпкерлер мен тапсырыс берушілерге тендерлер бойынша жеңілдік әкеліп, айтарлықтай көмек көрсетер еді. Егер Қаржы министрі шағын кәсіпкерлердің дабылына құлақ аспаса, онда біз Президент Тоқаевқа шағыммен жүгінуге ниеттіміз", – дейді Д.Тугумбаев. 

Оның мәліметінше, қаржы ведомствосы былтыр да осындай талап енгізуге талаптанып көріпті, пандемия жағдайында бизнесмендерге залалы тигенін байқап, уақытша аяқ тартқан.

Түркістандық отандық тауар өндіруші "Төребек-Д" ЖШС-нің басшысы Баян Нарбекова осындай проблеманың барын растады. Оның айтуынша, биылғы өзгеріс Білім және ғылым министрінің бұйрығы негізінде өткізілетін білім саласындағы азық-түлік тауарларын сатып алудағы балл есептегіш көрсеткішіне кері әсер етуде.

"Өзгерістер енгізілгенге дейін 1 ғана азық-түлік түріне "CT KZ" отандық тауар өндірушісі сертификаты бар болған жағдайда, конкурста жарияланған барлық лоттарға балл есептелініп келген болатын. Мысалы біздің компанияның сиыр еті өнімдеріне "CT KZ" сертификаты бар. Дегенмен, басқа лоттарға қатысқанда барлық лотқа бірдей сол сертификатымыз саналып, тиісті балл қосылатын. Өзгеріс енгізілген соң кейбір мекеме тек сертификат берілген тауарға ғана балл есептейтінді шығарды. Енді біреулері сол бұрынғы тәжірибемен, барлық лотқа балл жазып жүр. Осының қайсысы дұрыс екенін білмей далмыз", – дейді ол.  

Ұсақ дилерлер де зардап шегуде

Алматылық жеке кәсіпкер Мархабат Алпаров мемсатып алулар порталы арқылы мемұйымдарға әртүрлі жабдықтар жеткізуден нәпақа табады.

"Бюджеті ең жоғары дегенде 2 миллион теңгеден аспайтын, баға ұсыныстарын сұрату әдісімен өтетін сатып алуларға қатысамын. Қаржы министрлігі бір жылдай үзіліс жасап, биыл тапсырыс берушілерге "СТ-KZ" сертификатын ұсыну талабын қайта енгізді. Бұл құжатты тек тікелей отандық зауытпен жұмыс істейтін дистрибьюторлар ғана ала алады. Бірақ олар қосымша шығындалмау үшін ондай құжатты иеленуге құлықсыз. Себебі, ол оларға қажет емес: мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды. Олардың орнына бұл функцияны біз – ұсақ дилерлер атқарамыз. Дистрибьюторлар тек миллиардтық бюджеттен тұратын ірі ашық конкурстарға ғана қатысады", – дейді М.Алпаров.    

Оның түсіндіруінше, егер дистрибьюторда "СТ-KZ" сертификаты болмаса, ол оның ұсақ дилерлеріне де берілмейді.

"Салдарынан парадоксты жағдай қалыптасуда: тапсырыс беруші мемлекеттік кәсіпорын менің жеткізген сапалы тауарыма – қажетті жабдыққа қатты зәру. Алайда менде тауардың шығу тегі туралы сертификат болмағандықтан, ол оны қабылдай алмайды. Қабылдаса, ертең бақылаушы органдардан тексерушілер келіп, айыппұл салып кетеді деп қорқады. Салдарынан, мемлекеттік органның жұмысы дағдарады. Бүгінде соттар жеткізушіні, тіпті отандық өндірушілердің өзін "жосықсыз жеткізуші" деп тану туралы талап-арыздардың астында қалды. Мемсатып алулар есебінен күнелтіп келген шағын бизнестің ісі ілгері баспауда. Бұдан кім ұтып отыр?", – деп ашынады кәсіпкер.  

Оның мәліметінше, ондаған мың шағын кәсіпкер, жеткізушілер, мемлекеттік ұйымдар Қаржы министрлігінің бұл жаңашылдығына айран-асыр болып, не қыларын білмеуде.

"Тіпті меморгандардың өкілдері биліктің бұл норманы не үшін енгізгенін түсінбейтінін ашық айтады. Олар соның кесірінен ағымдағы жұмысын қалыпты режимде жалғастыра алмауда. Мысалы, бір кеңсе біраздан бері қоймасына жеткізушіден қарапайым картриджді қабылдай алмауда. Ал онсыз принтер ештеңе басып шығара алмайтыны белгілі. Қаржы министрінің бұл шешімінен әлдебір қисын-логика байқау қиын. Билік шағын бизнестің жағдайын нашарлататын бұл жөнсіз, ерсі бұйрығын шұғыл жойса деп сұраймыз", – деді Мархабат Алпаров.

Қаржы министрлігі әзірге үнсіз. Бәлкім, шағын кәсіпкерлердің ұлардай шулап, Мемлекет басшысының алдына баруын күтіп отырған болар.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу