"Байқоңырдан" ұшқышсыз ұшақтар ұшады

3343

Ғарыш державалары лигасында ойнау шығыны артып келеді. 

"Байқоңырдан" ұшқышсыз ұшақтар ұшады

Биылғы жылы ғарыш сеңгірінде "қалықтап" жүрген қазақстандық жерсеріктерінің қолданыс мерзімі бітеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Тиісінше, олардың істен шығатын және жерден жолданатын бұйрық пен сигналдарға бағынуды доғаратын күні таяды.

Сондықтан осы салаға жауапты құрылым – цифрлық даму министрлігі мен "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы ел Үкіметін оларды алмастыруға көндіріпті.

Бағдат Мусин басқаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жаңа ғарыш аппаратының ел қазынасына қаншаға түсетінін жария етті. "KazSat-2R" жаңа спутнигі қазіргі кезде 86,5° шығыс бойлық позициясындағы геостационарлы орбитада ұшып жүрген "KazSat-2" байланыс және хабар таратудың ұлттық жерсерігін ауыстыруға тиіс.

"Ғаламның" тасы өрге домалап тұр

Бұл ретте "KazSat-2R" байланыстың ғарыштық жүйесін жасау және қолданысқа беру" жобасы толығымен ел бюджетінен қаржыландырылады. Оған инвесторлар қызығушылық танытпағандай.

Бүгінгідей дағдарысты шақта ондаған миллиард қаражатты бөлу мемлекетке оңай емес. Жерсерігін жасау жұмысы бірнеше жылға ұзартылып отыр.

Биылғы 2021 жылы "KazSat-2R"-ге 2 млрд 700 мың теңге, 2022 жылы – 3 млрд теңге, 2023 жылы – 15 млрд теңге, ал 2024 жылы – 13 млрд теңге, барлығы 34 млрд теңгедей бағыттау жоспарланыпты. Рас, ұлттық валютаның девальвациясы, технология трансферінің күрделендірілуі, материалдар  бағасының өсуі, мамандар жалақысының көтерілуі және басқа да факторлар әсерінен келесі жылдары жоба құны бұдан да артуы ықтимал.

Өйткені "KazSat-2R" техникалық-экономикалық негіздемесінде 40 млрд теңге деген сома көзделген. Оның үстіне, министрліктің түсіндіруінше, бұл шығын тек жерсерігін жасауға ғана жұмсалады. Ал оны ұшыруға, жердегі жүйелер арқылы басқаруға, ғарыш аппаратының орнықты жұмысын қамтамасыз етуге және басқасына бюджетке қосымша шығындалуға тура келмек.

Жоба бойынша "KazSat-2R" спутнигі 2021 жылы – 14,4%-ға, 2022 жылы – 52,2%-ға, 2023 жылы – 85%-ға дайын болуға тиіс. Содан кейін отандық жерсерігі сыртқы факторлардың ықпалына қаншалықты төтеп беретіні айқындалатын сынақтардан өтеді. 2024–2025 жылдары ғарышқа жол тартпақ.

Айта кетер жайт, енді отандық спутниктерді жобалаумен, жасаумен және сынаумен ресейлік не шетелдік компаниялар емес, қазақстандық "Ghalam" ЖШС айналысатын болады. Қолданыстағы "KazSat-3" ғарыш аппаратының орнына ұшатын "KazSat-3R"-ді, сондай-ақ 2022–2025 жылдары айыру қабілеті жоғары жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін де құрастырып, сынақтан өткізу соған жүктеліпті.

"Қолданыстағы "KazSat-2" және "KazSat-3" ғарыштық байланыс аппараттарын "KazSat-2R" және "KazSat-3R"-мен алмастыру жұмыстарын "Ghalam" ЖШС жүргізеді. Жобаларды іске асыру аясында жеке технологияларды беру және дамыту, мамандарды барынша тарту және "Ghalam" ЖШС-нің барлық өндірістік қуаттарын тарту мәселелері ескерілетін болады. Жұмыстың толық цикліне – спутникті жобалауға, компоненттерді, ішкі жүйелер мен құрылғыларды өңдеуге, ғарыш аппаратын құрастыруға және сынауға сол жауапты", – деді цифрлық даму ведомствосы.

Әйткенмен, төл спутниктерді толыққанды "қазақстандық" деп атау қиын: "Ғалам" компаниясы "байланыс жерсеріктерін құру жобаларын іске асырудағы өзінің дамуы мен тәжірибесінің арқасында" "KazSat-3R" жобасындағы қазақстандық қамтуды 40%-ға жеткізуге уәде етіпті.

Негізі, 2011 жылы ұшырылған "KazSat-2" және 2014 жылы оның соңынан аттанған "KazSat-3" байланыс спутниктері бүкіл Қазақстанды, соның ішінде ең шалғайдағы ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтиды деп сендірген шенеуніктер. Алайда өткен жылы басталған пандемия мұның шындыққа жанаспайтынын айғақтап берді. Қиядағы түгіл, ел ортасындағы елдімекендерде тұратын оқушылар мен студенттер қашықтан оқу үшін шатырға не тау-тасқа өрмелеуге мәжбүр болды. Білім және ғылым министрлігі де елдегі интернет қашықтан оқытуға жарамайтынын мойындады.

Бүгінде сымсыз интернеттің шабандығынан әбден зәрезап болған ата-аналар мен педагогтердің сұрауымен ел Үкіметіне "Қазақтелекомға" ондаған миллиард қаражат төгіп, ауылдарға сымды интернет – оптикалық-талшықты байланыс желісін тартуға тура келуде.

Ұшқышсыз ұшу 90 миллиардқа түсе ме?

Атап өтер жайт, Қазақстанның ғарышқа жаңа шығындары спутниктермен бітпейді.

"Ғарыштық инфрақұрылымның сақталуын қамтамасыз ету және пайдалануды кеңейту" жобасына Б.Мусин министрлігі 2021 жылы – 5 млрд 229,2 млн, 2022 жылы – 4 млрд 208,6 млн, 2023 жылы – 3 миллиард 332,4 млн, ал 2024 жылы – 2 млрд 218 млн теңге алмақ. Бұл қаражат төбеде ұшып жүрген жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің қызметін меморгандарға ұсыну үшін керек көрінеді.

"Нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жерді қашықтықтан зондтау бойынша өнімдер мен қызметтерді ұсыну деңгейі 2021 жылы – 100%, 2022 жылы – 100%, 2023 жылы – 100% болады. Ғарыштық байланыс жүйесінің өнімдері мен қызметтеріне деген елдің қажеттіліктері 2021 жылы – 1,592 МГц, 2022 жылы – 1615 МГц, 223 – 1638 МГц", – делінген бюджеттік бағдарламада.

Сонымен қатар, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін ұшқышсыз басқарылатын ғарыш аппараттарын (беспилотник) ұшыруға арналған жаңа буынның орта сыныпты ғарыштық мақсаттағы зымыран негізінде құру" жобасы да қолға алыныпты. Ол "Байқоңырда" қолданылатын "Зенит-М" зымыраны кешенін жаңғыртуға бағытталған.

"Бәйтерек" ғарыш зымыраны кешенін құрудың аяқталу деңгейі 2021 жылы – 25,6%, 2022 жылы – 48,6%, 2023 жылы – 98,2% болады", – деп мәлім етті цифрлық даму министрлігі.

Оның да шығыны шаш-етектен. Мәселен, биыл "Бәйтерек" ҒЗК эскиздік жобасын жасауға 96 миллион теңге бөлінбек. Келесі жылы "Бәйтерек" ҒЗК жобалық-сметалық құжатамасын әзірлеуге және жобаны іске асыруға кірісуге – 23 млрд 160,5 млн теңге, 2023 жылы ғарыш зымыран кешенін құруға – 20 млрд 855,9 млн теңге, ал 2024 жылы кешен құрылысын аяқтап, сынақтан өткізуге тағы 45 миллиард 82,2 млн теңге, жалпы сомасы кем дегенде 90 млрд теңгедей жұмсалмақ.

Ғарыш саласы бұл қарқынымен елімізде де, шетелде де біраз долларлық мультимиллионер тұлғаны тудыратын түрі бар.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу