Байқоңырға бай шетелдік инвестор келді

2545

Ескі ғарыштық ұшыру кешенін өзгертетін жаңа ғарыш айлағына қанша қаражат қажет болатыны анықталды.

Байқоңырға бай шетелдік инвестор келді

"Роскосмостың" тасығыш зымырандар ұшыру саны кейінгі жылдары күрт құлдырады. Мысалы, 2014 жылы солтүстік көрші ғарыштық ұшырулар жөнінен жаһандық лидер еді, бір жыл ішінде 36 зымыранын әуеге самғатқан. 2016 жылы бұл сан 26-ға дейін күрт кеміді. Бұл үрдіс ары қарай жалғасты. Ал 2017 жылы Ресейді тіпті Илон Масктың бір ғана SpaceX компаниясы басып озды. Бүгінде ресейлік космонавтика биік құздың алдында тұр. Оны АҚШ пен Қытай үшінші орынға сырғытты. Көрші 2020 жылы Байқоңырдан 7 ғарыш кемесін ғана ұшырды. Биыл одан көбірек болмақ. Бірақ коммерциялық тапсырыстары сұйылып, "Роскосмостың" ісі шатқаяқтап тұр.

"Енді Байқоңырдың тағдыры не болады?" деп Қазақстанға жаны ашыған сыңай танытады көршінің сарапшысымақтары. Бірақ қазақ жеріндегі ғарыш айлағының жағдайы жаман болмайтынға ұқсайды. Оны дамытуға шылқыған бай араб державасы ықылас-ниет білдіріп отыр.

Осы орайда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері Байқоңырдағы 1-алаң – "Гагариндік старт" ұшыру кешенін, сондай-ақ ғарыш айлағындағы 112-алаңның зымыран құрастыру-сынау ғимаратындағы техникалық кешенді жаңғырту және бірге пайдалану туралы келісімге келді. Тиісті жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жариялады.

Оған сәйкес, Қазақстан мен БАӘ әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму үшін ғарыштық ғылым мен техниканы қажетке жаратады, осы салада ынтымақтасады".

Жаңа кешеннің шығыны қанша?

Нақты мерзім де айтылды. Байқоңырдың 112-учаскесінің құрастыру-сынақ корпусында "Гагариндік старт" алаңының ұшыру кешені мен ғарыштық мақсаттағы зымыранның техникалық кешені 2023 жылға дейін жаңғыртылмақ. Екі ел бірлесіп, ұшырулардан коммерциялық пайда таппақ. Дегенмен жобаға Ресей де кіріп отыр. Себебі ол төл зымырандық және басқа да сезімтал технологияларын қазақ пен арабқа табыстағысы келмейді.

Жаңғыртылатын кешеннен ресейлік "Союз-2" және оның 5-ші буынға дейін жетілдірілген нұсқалары ұшырылмақ.

Ал Байқоңырдағы 112-алаңның техникалық кешені осы зымырандарды "құрастыруға, сынауға және сақтауға арналған арнайы технологиялық жабдықтармен, жалпы техникалық жүйелермен жабдықталады".

Келісімді іске асыру жұмысын үйлестіруге жауапты органдар ретінде Қазақстан тарапынан – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ресейден – "Роскосмос" мемкорпорациясы, ал Әмірліктер жағынан – БАӘ Ғарыш агенттігі белгіленген.

Тараптар арасында теңдік қағидаты бойынша "Гагариндік старт" бірлескен кәсіпорны құрылып жатыр.

Құжатта Байқоңыр ғарыш айлағындағы 112-учаскесінің құрастыру-сынақ корпусында ғарыштық зымыранның учаскесі мен техникалық кешенін жаңғыртудың құны 87 миллион АҚШ долларынан аспайтыны көрсетілген. Соның ішінде бірлескен кәсіпорын мен оның РФ-дағы еншілес кәсіпорнын ұстау шығындары 3 миллион доллардан аспауға тиіс.

Әйтсе де, "бұл жұмыстарды қаржыландыру бюджеттен тыс қаражат, яғни бірлескен кәсіпорын тартқан инвесторлардың есебінен жүзеге асырылатыны" жазылды.

Қазақ-арабтың жаңа ұшыру кешені бос қаңтарылмайтынға ұқсайды. Келісім жобасында Ресей тарапы, "Главкосмос ұшыру қызметтері" АҚ-ы "Союз-2" арқылы ғарышқа жүктерді аттандыру туралы келісімшарттар жасасқан кезде, өзгелерге қарағанда дәл осы кешенге басымдық беруге міндеттеме алады. Сондай-ақ БАӘ тарапы да қамсыз қалмайды.

Екі ел өз жүгін ғарышқа жолдауда зымыранды жеңілдікпен пайдалануы мүмкін. "Қазақстан мен Біріккен Әмірліктерінің уәкілетті органдары қолда бар ұшыру мүмкіндігін коммерциялық ұшыруларда қолдана алады. Бір ұшыру кезінде салмағы 40 келіге дейін немесе жыл ішінде 150 келіге дейінгі пайдалы жүктеме – қажетті ұшыру адаптерлерінің/материалды бөліктерінің бағасы бойынша", – делінген құжатта.

Мыңнан астам нысан Қазақстанға өтуі мүмкін

Ресей Байқоңырдың 1-алаңның ұшу кешенін өтеусіз негізде береді. Қажет болған жағдайда, Байқоңырдың басқа құрылымдары мен объектілері де еншілес кәсіпорынға берілуі мүмкін.

Жалпы таяуда Байқоңырдағы тағы бір жоба – "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешеніне қатысты заң жобасын талқылау барысында осыған қатысты сұрақты Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл министр Бағдат Мусинге бағыттаған болатын.

"Хаттаманың 2-бабында "Роскосмостың" "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру үшін Байқоңырда орналасқан қажетті мүлікті Қазақстанға беруі көзделген. Осы норманы іске асыру үшін кешеннің техникалық жай-күйін, активтердің құнын, тағы басқасын зерделеу жұмыстары жүргізілуі керек. Осы жұмыстар жүргізіліп жатыр ма? Хаттамаға сәйкес біздің ел алатын мүліктің тізбесі айқындалған ба?", – деп сұрады депутат.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусиннің айтуынша, Ресей бізге 1 мың 141 объектінің тізбесін ұсынды.

"Сол тізбеден нені талап етеміз, бізге не қажет, соны ала аламыз. Ол тізбеден қажетті нәрсені алу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлау-рекогносцировка жұмысы жүргізілді. Эскиздік жоба дайындалды, сол эскиздік жоба негізінде бізге қажет мүліктер анықталады. Бұл мәселелер алда талқыланады. 2018 жылдан бастап бізге "Зенит-М" ғарыш кешенімен бірге 243 объект және 70-ке жуық технологиялық жүйе берілді. Тағы не қажет екенін біз қазір айқындап жатырмыз", – деді министр.

Қазақстан қанша табыс табады?

"Гагариндік старт" ұшыру кешенінен Қазақстанның қандай пайда келетіні әзірге нақтыланбаған. "Бірлескен кәсіпорынның құрылтайшылары бірлескен қызметтен кіріс, пайда алуға құқылы" деп қана жазылған келісім жобасында.

Бұған қоса, Байқоңырда тағы бір экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары ғарыш зымыран ұшыру кешені құрылып жатқаны мәлім. Ол "Бәйтерек" деген атау алған. Әйткенмен Елбасының отандық ғарыш саласының қалыптасуы мен тұрақты дамуына қосқан үлесін ұлықтау мақсатында биыл "Бәйтерек" кешенін "Назарбаев старты" деп қайта атау туралы шешім қабылданды.

Бұл жобадан Қазақстанның қанша пайда табатыны анықталыпты. Мамандардың бағалауынша, "Бәйтерек" экономикалық тұрғыдан бізге тиімді болуы үшін 2036 жылға дейін одан 41 зымыран ұшырылуы қажет. Оның 23 ұшырылымына Ресей кепілдік береді. "Euroconsult" ұйымының есебінше, шетелдік нарық Қазақстанды жылына тағы 10 ұшырылыммен қамтамасыз етеді.

"Әрбір ұшырылымның құны 52–62 миллион доллардың аралығында. Қазіргі "Союз-5" зымыранына ұқсас "Falcon 9" америкалық зымыраны бар, оның ұшырылымының құны 60 миллион доллар. Біз нарықтағы бағаға саймыз. 62 миллион доллардың шамамен 10 миллионы Қазақстанға беріледі. Бұл жерүсті кешенін пайдалану үшін біздің "Бәйтерек" акционерлік қоғамына төленетін ақы. Тапсырыс иелері әр ұшырылымға беретін 62 миллион доллардың 10 миллионы бізге төленіп тұрады", – деп сендірді Б. Мусин.

Халықты бірінші кезекте экология мәселесі алаңдататыны белгілі. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов ғарышқа қатысты келісімдердегі негізгі талаптардың бірі – "экологиялық қауіпсіздіктің жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету" дейді.

"Экологиялық қауіпсіздік зымыран кешенін құру кезінде де, оны пайдалану кезінде де басты назарда. Бұл зымыран кешендерінен "Союздар" ұшырылады, ал олар авиациялық керосин мен сұйық оттегіні қолданады. Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының жобасында көрсетілгендей, гептил немесе басқа қауіпті отын түрлерін пайдалану қарастырылмаған", – деді вице-министр.

Қазақ-араб келісімінде де "Экология мәселелеріне" жеке тарау арналған. Байқоңыр ғарыш айлағындағы барлық ұшыру кешендерінен тасығыш зымыран ұшыру барысында, апат-авариялар кезінде Қазақстан тұрғындары мен аумақтарының қауіпсіздігін, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ресейге жүктеледі.

Осы ғарыштық ұшыру кешендері арқасында Қазақстан көктен улы гептил сепкен "Протондардан" арылуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу