Стив Джобстың мұрасы, өнімін әрбір сәнқой ұлық тұтатын, әрі нарықтық капитализациясы 2,83 триллион доллардан асатын Apple-дің 1 акциясының құны бүгін небәрі 172 долларға дейін құлдырады.
Ал, кімнің ойлап тапқаны белгісіз, негізін қалаушысы жасырын, әлі күнге көлеңкеден толыққанды шыға алмай жүрген, нақты өнім емес, "көбік" сататын, нарықтық капитализациясы 1,5 триллион долларға бағаланатын Bitcoin шамамен 83 мың доллардай тұрады.
Қаржыгерлер биткоиннің дәуірі түгесілуге таяды деген тұжырымға келе бастады. Мысалы, Cointelegraph жазуынша, Bloomberg Intelligence аға стратегі Майк Макглоун әлемдегі осы бірінші криптовалютаның бағасы 10 000 долларға дейін құлауы мүмкін екенін ескертті.
Оның байламынша, бұл бетбұрыс қаржы нарықтарындағы жаһандық коррекция аясында жүзеге асады.
Аналитик криптоиндустриядағы активтердің "төтенше артық" бағаланғанын, бұл істе асыра сілтеу жаппай орын алғанын, сондықтан шектен шыққан спекуляцияның соңы олардың құнының құлдырауына әкелетінін атап өтті.
"Біраз криптомонеталардың қазіргі құны олардың шынайы құндылығына еш сәйкес келмейді. Dogecoin-ға зер салыңыз: оның нарықтық капитализациясы сол бұрынғыдай небәрі 20 миллиард доллар ғана! Ендеше оның бағасы болашақта нөлге құлауға тиіс. Криптоиндустрияның бүкіл кеңістігі тазартуды қажет етеді. Ол кезінде доткомдардың көбігі сияқты жарылады", – деп болжады Макглоун.
Оның пікірінше, биткоинды "цифрлық алтын" деп атап жүр, алайда ол осы мәртебесін әзірге ақтаған жоқ, сондай атаққа лайық екенін дәлелдеуге тиіс.
"Бірақ қазіргі кезде әлемде қалыптасып жатқан аса күрделі макроэкономикалық ахуал, нарықтарды жайлаған тұрақсыздық барлық цифрлық активтерге ғаламат қысым түсіріп жатыр. Таяу уақытта инвесторлар қазіргі коррекциядан кейінгі ұзақ сауығу кезеңіне тап болады. Яғни, COVID-19 пандемиясы аясындағы нарықтардың күйреуінен кейін болған "V" бейнесіндегі тез секіріс бұл жолы күтілмейді", – деді Bloomberg Intelligence аға стратегі Майк Макглоун.
Оның тұжырымдауынша, Америка Құрама Штаттарындағы "шектен тыс қыздырылған" қор нарығы да дағдарыстың бір себебіне айналды.
Макглоун нарықтағы алып "көпіршіктің" ауқымы экономиканың көлеміне пропорционалды сәйкес келмейтінін, сондықтан бұл күйзелістің салдары да ауырлау болатынын ескертті.
Осы кезде АҚШ Президенті Дональд Трамп онсыз да теңселіп кеткен нарықты әрі қарай шайқалтуды жалғастырды. Түрлі елдердің басшылары одан қосымша алым-салығын алып тастауды сұрап, келіссөз жүргізуге тырысып жатыр.
Трамп болса, күшіне енген тарифтерді жоюдан бас тартты және оған қосымша ретінде Қытайдың тауарларына 50% мөлшерінде жаңа баж алымдарын енгізетінін айтып, тағы доқ көрсетті.
Криптовалюта саласына маманданған BlackRock басшысы Ларри Финка осы оқиғалар Америка экономикасының рецессиясы жақын қалғанын көрсететінін мәлімдеді. Ал, криптовалюталар америкалық экономикамен және доллармен тығыз байланысты.
CoinGecko дерегінше, криптонарықтың жиынтықты капитализациясы 2,6 трлн долларды құрайды. Биткоиннің ондағы еншісі 60,5%-дай.
2025 жылғы наурыздың қорытындысында криптовалюталардың жаһандық жиынтықты капитализациясы 4,4%-ға құлдырады. Бұл да саладағы дағдарыстан хабар береді. Binance алдыңғы айда да төмендеу тіркелгеніне назар аудартты.
Оның сарапшылары әлемдегі макроэкономикалық дүрбелеңдер аясында ештеңемен қамтамасыз етілмеген криптовалюталар сияқты тәуекелді активтерге инвесторлардың қызығушылығы жойыла бастағанын қаперге салды.
Binance Дональд Трамптың қаптатып енгізіп жатқан тарифтерінің салдарларын болжап білу мүмкін еместігін, бұл да жаһандық нарықтарды әткеншектей тербеп тұрғанын жеткізді.
Наурыз айының соңында тек Мексика мен Канадаға қарсы енгізілген тарифтердің өзі криптовалюталық нарықта 1 миллиард доллар тұратын деривативтердің жойылуына соқтырды.
Ал, 184 ел мен Еуроодаққа қарсы басты тарифтер тек сәуір айында енгізілгені мәлім. Демек, сәуір қорытындысында криптонарыққа қатысты бұдан да үрейлі есептер жарияланатын болса керек.
Салдарынан қазіргі кезде биткоин мен "эфирден" жүздеген миллион долларлық жинағы болған "киттер" күн құрғатпай, бұл нарықты тастап қашуда.
Наурыз қорытындысында, Solana құны -15,8%-ға, Ethereum (ETH) -19,3%-ға құлдырады. Solana желісінің айлық табысы 80% кеміген.
Сондай-ақ, екінші деңгейдегі (Layer 2) жаңа желілердің кең ендірілуіне қатысты қауіптердің артуы аясында Ethereum бағасы да құлдырап барады.
Мамандар мұндай желілерде транзакциялар пакеттерде қордаланатынын және тек содан кейін ғана Ethereum-нің негізгі желісіне тексеруге бағытталатынын түсіндірді. Осылайша, негізгі желінің шамадан тыс жүктелуіне жол берілмейді.
"Кейбір нарық қатысушыларының пікірінше, бұл Ethereum-нің негізгі желісінің (Layer 1) белсенділігі мен құндылығын жоюы мүмкін деп алаңдайды. Бұл ақыр соңында ETH-ге деген сұраныстың төмендеуіне соқтырады", – деп түсіндірді Binance.
Мәселен, 2024 жылдың соңында 4 мың долларға дейін шығандаған "эфир" (этер) бағасы бүгінде 1 640 долларға дейін құнсызданып шыға келді.
Сөз соңында бұл айтылғандардың бәрі инвестициялық ұсыныс болып табылмайтынын, тек ақпараттандыру мақсатын көздейтінін айта кеткеніміз жөн. Қандай құралға қанша қаржы салатыны, неден бас тартатыны туралы әрбір адам өз бетінше шешім қабылдайды. Қажет болса, кәсіби брокерлермен кеңескені абзал.