Байрақты бәсеке басталды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2019

10 күнде спорттың 12 түрінен 85 медаль сарапқа салынады.

Байрақты бәсеке басталды

"Алматы Арена" мұз айдынында  көптен күткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алатау  баурайындағы спорт мерекесінің шымылдығын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі түріп берді. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты әлемнiң 80 елiнде көрсетiлді.

Универсиада ойындарының ресми ашылуына жиналған қауым әуелі қазақтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін сахналанған қойылымды тамашалады. Киіз үй, көпшелі қазақтың өмірі, күмістен бұйым соққан зергер, жүн сабап, жіп иірген аналар, тағысын тағы.

Көк аспанда қалықтаған құс еліміздің дербес, тәуелсіз мемлекет екенін паш етті. Бұдан кейін қазақтың тарихи жәдігерлері мен тәуелсіздігіне 25 жыл толған мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары көз алдымызға қаз-қатар тізіле берді.

Жиналған жұрт Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – жасыл экономиканың нышандарына да куә болды. Универсиаданы өткізген елдердің туларын Ұлттық ұланның офицерлері халықаралық байқаулардың жеңімпаз балаларымен бірге алып шығып, әнұранымызды орындаған сәт көптің көңілінен шықты.  

Салтанатты шараның келесі бөлігінде спорт мерекесінің көркін қыздыратын 57 елден келген 2 мыңнан астам қатысушы жанкүйерлердің алдынан шерумен жүріп өтті. Белгілі болғандай Универсиадаға Ресейден – 350, Қытайдан – 220, Жапониядан – 158, Кореядан – 158,  Канададан – 122,АҚШ-тан – 114 спортшы келген екен.  

Спортшылар шеруін 28-ші Қысқы универсиаданың иесі – Қазақстан құрамасы аяқтады. Еліміздің байрағын шаңғышы Дәулет Рахымбаев алып жүрді. Біздің елдің намысын барлығы 175 спортшы қорғайтын болды.

Алматыдағы ғаламат спорт мерекесінің басталуымен құттықтаған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев:"Бұл стадионда жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарының жүздеген өкілдері жиналып отыр. Сіздердің араларыңызда болашақ олимпиадашылар мен әлемдік сайыстардың жеңімпаздары бар. Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізгіміз келеді. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайымен осы ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды", – деді. Сондай-ақ Қазақстан президенті Универсиада қаланың спорт инфрақұрылымын дамытудың өзіндік локомотивіне айналғанын атап өтті. "Алматы қазірдің өзінде даусыз рекордтар көрсетіп отыр. Қысқы универсиадалар тарихында алғаш рет мұнда атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұқаралық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1700-ден астам отбасыға арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйі бар жаңа шағын ауданды құрайды. Универсиада әлемнің 80 мемлекетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Оның аудиториясы бір млрд-тан астам адамды қамтиды. Универсиаданың қанатын кеңге жайғанын, өзінің басталуының тарихи сәтіне дайын екенін көріп отырмыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз арасында елбасы Алматы қаласын тілге тиек етті. "Алматы – 1000 жылдық тарихы бар қала, Қазақстанның жаңа дәуірі бастау алған алтын бесік. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан, заманауи қала, іскерлік орталығы және ел экономикасының қозғаушы күші. Жастар қаласы. Студенттер қаласы. Қазақстанның жоғары оқу орындарының үштен бірі осында орналасқан, оларда 137 мың студент білім алуда. Аты аңызға айналған және бәріміз жақсы көретін "Медеу" мұз айдыны бұрынғы даңқын қайта жаңғыртып, қайтадан ауқымды жарыстардың атмосферасын сезіндіретін болады. Іле Алатауы бөктерінде "Шымбұлақ" алмастай жарқырап тұрады. Универсиада саламатты өмір салтының рәмізіне айналады. Оның нәтижесін ұлтымыздың денсаулығын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен салыстыруға болады. Атақты ғалым Анджелло Моссо "Спорт жүздеген емнен артық, бірақ ешбір ем спорттай бола алмайды" деп бекер айтпаған. Бұл – өте дұрыс айтылған сөз", – деді Қазақстан президенті.

Расында  Алматы қаласы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарын өткізуге дайындалған 5 жыл ішінде түрлі спорт нысандарымен толықты. Мұның бәрі халық игілігі үшін. Бұдан былай бұқаралық спорт дамып, салауатты өмір салтын ұстану сәнге айналса ғажап емес. Ал Универсиаданың Алматыда өтуі қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге септігін тигізгеннен бөлек, қала бюджетіне әжептәуір қаржы құймақ. Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, Универсиада ойындарына қатысушы мемлекеттерден Алматы бюджетіне 1 млн еуро ақша түседі. Демек атлетикалық ауыл Универсиада ойындары кезінде де, кейін де құтты мекенге айналады.  "Универсиада өтетін күндері әрбір шетелдік турист Алматыда орташа есеп­пен бес тәулік қонақ болады. "Global Des­tination Cities Index" бағалауынша, ше­т­ел­дік туристер Алматыда күн сайын 245 дол­лар жұмсайды. Ендеше  күтіліп отыр­ған 5 мың шетелдік қонақ қала бюджетіне, жер­гілікті шағын және орта бизнеске 2 мил­лиард теңгеден артық кіріс түсіреді", – деген болатын Алматы қаласының әкімі.

Салтанатты шарада сөз алған "FISU" президенті Олег Матыцин: "Сіздерді осы жерде көру үлкен құрмет! Біріншіден, "FISU" командасының атынан осы Универсиаданы қазақ жерінде өткізу үшін барын салып атсалысқандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ұйымдастырушы комитет пен осы шараның өтуі үшін күні-түні  тер төккен адамдарға алғыс білдіремін. Себебі Универсиада дайындығы біз күткеннен де жоғары деңгейде болды",  – деді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзілік додаға келген спортшыларға сәттілік тілеп, ойындарды ашық деп жариялаған соң, Халықаралық спорт федерациясының жалауы көтеріліп, әнұраны айтылды. Ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Иманбек спортшылар атынан, шаңғы спортынан төреші Асқар Уалиев барлық төрешілер атынан сайыстың әділетті болатынына қатысты ант берді.

Салтанатты шараның мерекелік думанында өнер көрсеткендердің қатарында Қытайда өтіп жатқан "I’am a singer" байқауының екінші кезеңінен өткен әнші Димаш Құдайбергенов, сондай-ақ Қайрат Нұртас, Әйгерім Қалаубаева, Кәмшат Жолдыбаева, Ерболат Құдайбергенов, "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Досжан Табылды сынды әншілер өнер көрсетті.

Салтанат барысында еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан қатысып отырған 16 алаугер Универсиада ойындарының басталуын білдіретін алау тостағанын жақты. Олардың қатарында Әділбек Ниязымбетов, Жазира Жапарқұл, Екатерина Ларинова, Иван Дычко, Жәнібек Әлімханұлы болды.   

Универсиада ойындары 8 нысанда өтеді: "Шымбұлақ" тау-шаңғы шипажайы, "Медеу" спорт кешені, "Сұңқар" шаңғы трамплиндер кешені, Б. Шолақ атындағы спорт сарайы, "Алатау" шаңғы-биатлон кешені, Мұз сарайы, Мұз аренасы және Алматының орталығындағы уақытша спорт кешені.

10 күнде спорттың 12 түрінен 85 медаль сарапқа салынады. Айта кетейік, Қазақстан Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында 700 спортшымыз 125 медаль жеңіп алды.

Бұлбұл Болат, Алматы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу