БАҚ суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алады – Қанат Сахариянов

2192

Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан Медиа Альянсы" қоғамдық бірлестік өкілдігінің директоры Қанат Сахариянов бұқаралық ақпарат құралдары суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

БАҚ суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алады – Қанат Сахариянов

Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан Медиа Альянсы" қоғамдық бірлестік өкілдігінің директоры Қанат Сахариянов бұқаралық ақпарат құралдары суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін елордада "БАҚ-та суицид туралы материал жариялаған кезде жауапты болу" тақырыбында пікірталас өтті. Іс-шара "Қазақстан Медиа Альянсы" Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Денсаулық сақтау министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Пікірталастың негізгі мақсаты – суицид туралы БАҚ-та жарияланған ақпараттың халыққа қалай әсер ететін сипаттау, әрі бұл жағымсыз құбылысқа қатысты мәліметті таратқан кезде қандай қате жібермеу керегін түсіндіру.

Алдымен Қанат Сахариянов мұндай маңызды пікірталасты ұйымдастыруға не әсер еткенін түсіндірді.

"2021 жылғы қарашада Алматыда болған қайғылы оқиға көпшілікке мәлім. Онда анасы мен үш баласы көз жұмған еді. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкінтті, әрі маған да қатты әсер етті... Сол уақыттан бастап "Қазақстан Медиа Альянсы" бұл мәселені қызу талқыға салып, осындай іс-шара ұйымдастыруды жоспарлай бастады", – деді қоғамдық бірлестік өкілдігінің директоры.

Оның айтуынша, 2020 жылы елімізде суицидтен көз жұмғандар саны жол апаты мен жүрек ауруынан қайтыс болғандар санынан әлдеқайда көп тіркелген.

"Бұл өте қорқынышты сандар. Тіпті былтыр Қазақстанда суицид саны айтарлықтай артқан", – деді Қанат Сахариянов.

Ресми дерекке сүйенсек, 2020 жылы елімізде 3 515 адам өзіне қолса салса, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 922-ге жетті. 

"БАҚ суицидтің алдын алуда маңызды рөл атқара алады. Көптеген азаматтың өзіне қол жұмсауға бейім адамға қатысты пікірі әртүрлі. Баспасөзде суицид туралы ақпарат таратқан уақытта сақ болған жөн. Себебі бұл өзіне қол жұмсауға бейім адамдарға ықпал ету мүмкін", – деді Atameken Business телеарнасының бас директоры.

Қанат Сахарияновтың пікірінше, БАҚ-та суицид туралы материалдарда адам көмекті қайдан алатыны жазылуы тиіс.

"Мысалы, психологиялық көмек – 150, құтқару қызметі – 112, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған сенім телефоны – 1415, балалар мен жасөспірімдерге арналған сенім телефоны – 111. Осылайша, адамдар бұл нөмірлерге хабарласып, тиісті жәрдемді ала алады", – деді директор.

Сондай-ақ ол баспасөз беттерінде суицидке қатысты жазылған ақпаратта кететін қателіктерге тоқталды.

"Елдегі сайттардың бірінен "2020 жылғы 4 қазанда Алматы облысында славян нәсілді әйел көпірден секіріп, өзін өлтірмек болды" деген ақпаратты оқыдым. Менің ойымша, суицид мәселесі ұлтқа бөлінбейді. Сонымен қатар мұнда адам өзіне қалай қол салмақ болғаны туралы ақпарат жазылған. Бұл жағдай суицидке бейім адамдарға да ықпал етуі ықтимал", – деп сөзін түйіндеді Қанат Сахариянов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу