Бақытын басқа елден іздеуге мәжбүр: әлемдегі босқындар мәселесі

1902

Миграция мәселесі жыл өткен сайын өршіп барады.   

Бақытын басқа елден іздеуге мәжбүр: әлемдегі босқындар мәселесі   Фото: euronews.kz

Біріккен Ұлттар  ұйымы Босқындар ісі жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша, 2022 жылы әлемдегі босқындар саны 103 млн-ға жеткен. Сондай-ақ, тағы 115 млн адам қарулы қақтығыстар кесірінен ашаршылыққа тап болған.  

Ұйымның өткен жылғы деректері бойынша, мигранттардың 70 пайыздан астамы негізінен мына 5 елден шығады.

2022 жылы босқындар ең көп көшкен елдер: 

  • Сирия – 6,8 млн адам
  • Венесуэла – 5,6 млн адам
  • Украина 5,4 млн адам
  • Ауғанстан – 2,8 млн адам
  • Оңтүстік Судан – 2,4 млн адам. 

Босқындар үшін "ең ашық" ел

Мамандар бұл босқындарды қабылдаушы елдер рейтингін жасады.

2022 жылы босқындарды ең көп қабылдаған елдер: 

  • Түркия – 3,7 млн адам
  • Колумбия – 2,5 млн адам
  • Германия – 2,2 млн адам
  • Пәкістан – 1,5 млн адам
  • Уганда – 1,5 млн адам. 

Көріп отырғанымыздай,  әлем бойынша 2022 жылы мигранттарды ең көп қабылдаған мемлекет – Түркия. 

Кәрі құрлық ежелден тартымды   

Бүгінде мигранттар үшін ең тартымды аймақ Еуропа екені белгілі. Мұны ресми статистика да растайды. Мәселен, осы айдың басында кәрі құрлыққа ағылған африкалық босқындар күрт көбейген. 2022 жылдың қаңтар-сәуір аралығындағы көрсеткішпен салыстырсақ, биыл олардың саны 4 есе көп. 

Заңсыз миграцияның зардабын тартып жатқан елдің бірі – Италия. Бұл елде рекордтық көрсеткіш тіркеліп жатыр. Осыған байланысты өткен айда ел билігі төтенше жағдай режимін де жариялады. Бұдан бөлек, мигранттар ағынына төтеп бере алмай жатқан өңірлерге үкімет 5 млн еуродан  көмек беру туралы шешім қабылдады. Жалпы, бұл мәселенің өршігені сонша ол G-7 саммитінде де көтерілді. 

Өз кезегінде Британия да иммиграциялық жүйені қатаңдатып жатыр. Бұдан былай оқуы зерттеу қызметімен байланысты емес аспиранттардың жұбайлары мен балалары Ұлыбританияда тұруға рұқсат беретін визаларды ала алмайды. Үкімет басшысы Риши Сунактың айтуынша, жаңа ереже елге ағылған иммигранттар санын азайтуға бағытталған. Жалпы, ресми есепке көз жүгіртетін болсақ, былтырдың өзінде шетелдік аспиранттардың туыстарына 136 мыңға жуық виза берілген. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 9 есе көп. Ал биылғы одан да жоғары. 700 мың адам заңды түрде шекарадан өткен.  

Көпке арман болған Америка  

АҚШ билігі де қолынан келгенше заңсыз миграцияның жолын кесуге тырысып бағуда. Ол үшін елге кіру тәртібін қатаңдататын жаңа құжат қабылданды. Енді шекарадан заңсыз өткендер жазаға тартылады және кері қайтарылады. Яғни, пандемия кезінде енгізілген 42-ші түзету күшін жойды. Осы құжат бойынша шекарашылар заңсыз шекараны кескен босқындарды бірден кері қайтарып жіберетін. Енді АҚШ билігі одан да қатаң тәртіп енгізіп отыр. 

Соған қарамастан, Мексика мен АҚШ шекарасында мыңдаған мигрант бері қарай өтуге үмітті.  Жаңа ереже бойынша мигранттар АҚШ-қа кірмей тұрып, алдымен Мексика секілді транзитті елден баспана сұрауы керек. Мексика меселін қайтарса, АҚШ-қа өтініш бере алады. Бірақ шекарадағы мыңдаған мигрант бірден өмір сүру сапасы жоғары, еңбекақысы көбірек Амирканы көздейді. Сондықтан қаншалықты қауіпті болса да, шекараны түрлі жолдармен заңсыз кесіп өтуге дайын.

Ал Қазақстанда...

Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Ханс Фридрих Шоддермен кездесу өткізіп, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, босқындар медициналық көмек алуға, жұмысқа орналасуға, білім алуға және әлеуметтік көмек алуға құқылы. 

2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша, Қазақстан аумағында 14 417 шетелдік азамат еңбек етіп жүр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу