"Smart City-ді алдымен өздеріңіз байқап көріңіздер"

7321

Премьер-министр аймақ әкімдерінен Smart City жобасының мобильді қосымшыларының қалай жұмыс істейтінін өз смартфондарынан тексеріп көруді сұрады.

"Smart City-ді алдымен өздеріңіз байқап көріңіздер"

26 желтоқсан күні үкіметтің отырысында ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Қазақстанның ірі бес қаласында (Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Шымкент) қоғамдық көліктің жұмысын жетілдіруге, қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру және қағаз түрінде құжат айналымының көлемін азайтуға бағытталған Smart City жобасының концепциясы енгізілетінін мәлім етті.

Министрдің сөзінше, бұл жобалардың барлығы халықаралық стандарттардың негізінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде жүзеге аспақшы.

"Жобалар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, ақпараттандырудың сервистік моделі, бюджеттік қаржыландыру шеңберінде және жеке инвестициялардың аясында іске асады. Сонымен қатар жобаларды іске асыруда бенчмаркинг пайданылады, яғни, әлемдік және отандық үздік тәжірибелерге сүйенеміз", – деп атап өтті Дәурен Абаев.

Үкімет басшысын да сірә уәденің соңғысы да алаңдатса керек: "Ақылды қаланың" "маңызды сипаттамалары" – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және экологиялық тазалық" туралы ақпаратқа құлақ түрген Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы органдардың басшыларына Smart City қосымшасын енгізудің табыстары туралы баяндамас бұрын, оның жұмысын өздерінің смартфондарында сынап көруге кеңес берді.

"Smart City әу бастан, ең алдымен белгілі бір қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруін көздейді, – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. – Бұл шын мәнінде ыңғайлы болуға тиіс. Баяндамаларыңыз жақсы, алайда мен әкімдерден мобильді қосымшаларды жүктеп, олардың қалай жұмыс істейтінін байқап көруді өтінемін. Қағаз жүзінде әзірше бізде бәрі тамаша. Аталған қосымшалар жұмыс істей ме, істемей ме, ол туралы баяндау үшін сіздерге ешбір көмекшінің де қажеті болмайды. Сіздер өздеріңіз күнсайын оны бақылап, кей жағдайда тіпті өздеріңіз де пайдалана аласыздар. Тек осылай ғана оны енгізуге болады, жұмыс та жылдам жүрмек. Асқар Қуанышұлы (вице-премьер Асқар Жұмағалиев. – Автор.ескерт), осы жұмысты бақылауыңызға алыңыз, үйлестіру Сізге жүктеледі".

Сондай-ақ аталмыш жоба таяуда ғана қабылданып, пилоттық режимде жұмыс істей бастаған "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асып жатқанын еске салып өтті. Премьер-министр пилоттық аймақтар үшін бірыңғай концепцияны бекіткені үшін ақпарат және коммуникация министрлігі атына мақтау да айтты.

"Егер үйлестірмесек, нәтижесінде бүгінде алға қойған мақсатымызға жете алмаймыз", – деп атап өтті үкімет басшысы.

Әкімдердің бәрі бірдей Smart City-ден бейхабар деуге болмайды: Алматының әкімі Бауыржан Байбек үкіметтің осы отырысында Smart Almaty бағдарламасы еліміздің үлкен шаһарында көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендеткенін тілге тиек етті.

"ІТ-шешімдерді таңдау кезінде ең алдымен әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің критерияларын және берер нәтижесін басшылыққа аламыз", – деп мәлім етті Бауыржан Байбек. – Көптеген жобаның арқасында көлеңкелі экономиканың деңгейін айтарлықтай азайттық, сондай-ақ ол көлік жүйесінің нарықтық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. "ОҢАЙ" жүйесі бойынша 20 миллиард теңгенің 350 миллион транзакциясына қол жеткізілді. A-Parking жүйесі қала орталығындағы тұрақ орындарының 10%-ын қамтып, салық түсімдерінің бес есе, 38 миллионнан 190 миллион теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етті. Қазір бағдарларды және жол қозғалысын басқаруды оңтайландыра отырып "Интеллектуалды көлік жүйесін" әзірлеп жатырмыз".

Бүгінгі таңда электронды коммерцияны тұтынушылардың 40% және Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз есептесудің 54% Алматыға тиесілі. Қалада мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсетудің саны 2017 жылы сегіз есеге өсіп, 1,4 миллионды құрады. Айтуынша, 2018 жылға қаланың 3D-картасын іске қосу және инфрақұрылымдыы цифрлы паспорттауды аяқтау жоспарланған. Алматы әкімі шаһарда "Электронды ПИК" жобасы пилоттық режимде іске қосылғанын еске салып кетті.

Қанат Бозымбаевтың келтірген мәліметтері бойынша, еліміз өңірлерінің әкімдіктері ЭКСПО-да ұсынылғандардың арасынан көрме аяқталған соң биылғы күзде 40 технологияны таңдап алған, оның төртеуі 2018 жылы енгізілмекші. Ұлттық компаниялар 15 технологияға таңдау салған, соның екеуі алдағы 12 айда енгізілетін болады.

"Энергияны үнемдеу, суды тазарту, "ақылды желілер", қайта қалпына келетін энергия көздерін орнату жөнінде технологиялар таңдап алынды, – деп нақтылады министр. – Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі 2018 жылы мобильді телефондарға арналған тегін қуаттау станциясы технологиясын енгізбекші. Бұл электр энергиясын тұтыну үшін шығынды, қоршаған ортаға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді".

Оның айтуынша, жалпы алғанда электр энергиясы бағытында "ЭКСПО" көрмесінде таныстырылған 35 технология елімізде енгізу үшін таңдалған. Солардың 36-сына әкімдіктер таңдау түсіріп отыр. Көрмеден кейінгі кезеңде табысты жұмыс жүргізу үшін Қанат Бозымбаев ұлттық компаниялар мен әкімдіктерге аймақтарда осы жұмысқа кәсіпорындар мен ғылыми-білім беру мекемелерін тарта отырып, технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыруға кеңес берді.

Гүлназ Ермағанбетова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу