Мусин командасы "Ақылды қалалар" жобасын қайта тірілтпек

5246

Тұңғыш "Смарт қала" Ақкөл әрі қарай дами алмады. Оны қазір ақылды деу ұят көрінеді. Соған қарамастан Цифрлық министрлік осы жобаны жаңғыртуға ниетті.  

Мусин командасы "Ақылды қалалар" жобасын қайта тірілтпек

"Мұндай қаланы ақылды деу ақымақтық!"

Қазақстанда "Ақылды қала" бағдарламасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін Асқар Жұмағалиев басқарып тұрған тұста қарқынды дамытылды. 2019 жылғы қаңтарда оның командасы Тұңғыш Президентке "Қазақстандағы тұңғыш цифрлық қаланың" тұсауын кесті. Бұл мәртебені елордадан 100 шақырым жерде орналасқан Ақкөл қаласы "иеленді". 2018 жылғы мамырда қолға алынған бұл жобаны Ақмола облысының әкімдігі, "Tengri Lab" компаниясы, "Ақмола электр желілік үлестіру компаниясы", "Қазақтелеком" АҚ-ы, ERG, BTS Digital жүзеге асырған.

"Бұл эксперименталды қалада 6 ай ішінде орасан зор жұмыс жүргізілді! Қала толығымен 4G және LoraWan желілермен қамтылды. 4 500 су есептеуіштері жаңартылды, олар енді есептеуіштік көрсеткіштерін және үй-жайдағы температураны қашықтан автоматты түрде береді. 6 мың электр қуатының есептеуіші ауыстырылды, олар да көрсеткіштерді автоматты түрде жолдайды. Көшеде 250 шам жаңғыртылды, олар қараңғылықтың түсу және түрілу сценарийлеріне қарай диммацияланады: жарықты реттеп, автоматты түрде қосылып, сөнеді", – деп аузынан суы құри тамсанды жобаны орындаушылардың бірі "Tengri Lab" бас директоры Әлімжан Есетов.

Сондай-ақ автобустардың қай жерде келе жатқанын көрсететін GPS-мониторинг енгізілгені, түтінді анықтайтын ақылды датчиктер орнатылғаны және басқасы майын тамыза әңгімеленді.

Қынжылтатыны сол, қазіргі кезде Ақкөлді ақылды қала деп айту қиын. Араға бір жыл салып, оны аралап қайтқан журналистер онда "ақылды" дейтін ештеңе таппаған еді. "Ақылды есептеуіштер" орнатылды дегенімен, есептеуіштердің көрсеткіштерін сол бойы бақылаушылар жинап алуға мәжбүр. Қала көшелері кеш түсе қараңғылық құшағына енеді. Көшелерде туристер үшін жол көрсетіп, көрнекті орындарға сілтеп, қызмет етуге тиіс интерактивті дисплей істен шыққан. Автобустарда болуға тиіс тегін Wi-Fi істемейді.

"Smart Aqkol" қыста келушілерді қазандықтардың қаптаған мұржаларынан бұрқыраған қап-қара түтінмен, қардан аршылмаған жүргінші жолдарымен қарсы алады.

"Сол кезде Елбасыға таныстырылған технологиялық жаңашылдықтар тез-ақ істен шықты. Қазақстандағы тұңғыш смарт қала деп дәріптеуге келмейді. Тіпті Пушкин, Майкөтов және басқа көшелердегі тұрғындардың өзі күлдерін жол бойына төге салады, онысы бұрқырап жатады. Қала емес, ауыл сияқты. Мұны ақылды деудің өзі ақымақтық", – дейді жергілікті тұрғын Болат. 

Әрине, бұл қаланың маңында ғарышта жүзіп жүрген отандық спутниктерді жерден басқаратын орталық инфрақұрылымы орналасқан. Бірақ ол жақсы күзетіледі және былайғы жұртқа оның аумағына кіруге рұқсат жоқ.

Айтпақшы, Н. Назарбаевқа паш етілген "Ақылды қаланың" бір мақтанышы – "Смарт Ақкөл" қосымшасы арқылы Шұбаркөл көмірін сату бойынша сервис енгізілген еді. Халықтан және бизнестен көмірге тапсырыс сол сервис арқылы қабылданады делінді. Тиісінше, көмірдің қатаң түрде кезекпен және бекітілген бағамен берілетіні, сөйтіп осы отынның жасанды тапшылығына тосқауыл қойылатыны дәріптелді. Осы тәжірибені озық үлгі ретінде өзге көмір кеніштері мен өңірлерге таратуға ұсыныс жасалған. Арты не болды? Неге былтыр өзге қалалар түгіл, осы өлкенің тұрғындары Шұбаркөл көмірінің соңынан шұбырды? Сервис қайда?

"Бұл мәселеге келсек, "Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының" ақпаратына сәйкес, "Смарт Ақкөл" қосымшасын BTS Digital ЖШС 2019 жылы әзірлеген болатын. 2019-2020 жылдары қосымша пилоттық режимде жұмыс істеді. Осы кезеңде оны Қазақстанның басқа да өңірлерінде тестілеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қосымшаның жұмысы тоқтатылды, себебі ол пысықтауды қажет етеді", – деп түсіндірді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Кедей Қазақстанға "Смарт қалалар" қажет пе?

Осыған қарап, әлемнің дамыған түгіл, дамушы елдерінің көбінен артта қалған, кедей Қазақстанға "ақылды қалалар" керек пе деген заңды сауалды балалар да қойып жатыр.

"Қалай ойлайсыз, елімізге "Смарт қала" жобасы қажет пе? Бұл жоба Қазақстанға қандай артықшылықтар береді? Халықтың өмірі қалай өзгереді?" деп сұрады Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге хатында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Мейіржан Мандиев.

"Ақылды қалаларға" қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек түсініктеме берді.

Оның байламынша, жаңа технологиялардың қарқынды дамуы және экономика мен мемлекеттік басқару салаларын цифрлық трансформациялау – өте өзекті. Тиісінше, министрлік сол бағыттағы жобалардан бас тартпайды.

Әйткенмен қазіргі кезде бұл жобалар кейінге шегерілгенге ұқсайды.

"Жалпы "Ақылды қалалар" жобаларын енгізу және дамыту мәселесі күн сайын үлкен маңызға ие болуда. Біріншіден, бұл әлемдегі урбанизация деңгейінің өсуіне байланысты. "Ақылды қаланы" құрудың мақсаты – қызмет көрсету тиімділігін арттыру және халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Қалалық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыру, шығындарды оңтайландыру, уақытты үнемдеу, қауіпсіздікті арттыру және қала тұрғындарының өмірін жақсарту үшін кезінде "Smart city" тұжырымдамасы әзірленді. Оның негізінде адам және оның қажеттіліктері жатыр", – деді Асхат Елубайұлы.

Оның мәліметінше, бүгінге дейін "Smart city" тұжырымдамасы 11 саланы қамтитын ақылды қалаларды құрудың эталондық стандартын қарастырды. Оның ішінде басым бағыттар – "қаланы басқару", "денсаулық сақтау", "білім беру", "қауіпсіздік", "ТКШ" және "көлік". Бұған қоса, әлеуметтік сала, экология, бизнесті дамыту және туризм, құрылыс, ауыл шаруашылығы да қамтылды. Осы бағыттарда жалпы алғанда, 100-ден астам бастама жүзеге асырылыпты.

"Қазіргі уақытта бұл эталондық стандарт Қазақстанның 17 қаласында – астанада, Алматыда, Шымкентте және барлық облыс орталықтарында іске асырылуда. "Smart City" тұжырымдамасын іске асырудан қандай экономикалық тиімділік бар дегенге келсек, ол ресурстар шығынын төмендетеді, қызметтер сапасын арттырады, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құрады. Соның есебінен қаржылай шығындарды азайтуға қол жеткізіледі. Әрине, өзім де, менің әріптестерім де "Smart City" тұжырымдамасын одан әрі дамыту қажет екендігіне сенімдіміз! Сондықтан бүгінде біз халықаралық тәжірибені зерделеп, "ақылды қалаларымыздың" эталондық стандартын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді вице-министр Асхат Оразбек.

Айта кетер жайт, Ақкөлде бүкіл "смарттан" "Сергек" камералары ғана қалған және жұмыс істеп тұр. Айтқандай, Мемлекет басшысы да "қасіретті қаңтар" оқиғаларының бір сабағы ретінде қалаларымыздың көшелеріндегі бейнебақылау камераларының санын арттырып, сол арқылы қоғамдық тәртіптің сақталуын күшейтуді жүктеді. Демек "Ақылды қала" жобалары осы бағытқа басымдық беруі мүмкін. Бұл салада қазір "жасанды зерде" енгізіліп жатқаны алдында ресми мәлімделді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу