Үкімет қайтарым бермеген "ақылды қалалар" идеясынан бас тартты

10083

Алғашқы "ақылды қала" көзбояушылық болып шыққаны ма?

Үкімет қайтарым бермеген "ақылды қалалар" идеясынан бас тартты

Дүниежүзілік банктің ресми сайтында жарияланған хабарламада "Қазақстанда смарт-қалалар және жасанды интеллект" жобасы жүзеге асырылатыны айтылған болатын. Сарапшыларды елеңдеткені сол, халықаралық қаржы институтының мәліметінше, біздің ел Үкіметі соған 250 миллион доллар кредит қаражат сұратып отырған көрінеді.

Ал жалпы алғанда, ел билігі бұл жобаға 1 миллиард доллардан астам қаражат жұмсауды көздеген көрінеді.

Ақпарат құралдарының дерегінше, бұл жобаны іске асыру "Назарбаев Университетінің" құрылымдарына жүктелмек. Бұл ретте журналистерді көптеген сұрақтар мазалады. Мысалы, осынша мол қаржы қалай шығындалады, жауапты тұлға кім? Қандай шаралар қолға алынады? Нақты қандай қалалар қамтылады? Нәтижесінде, азаматтардың өмірі қалай өзгереді? Не себепті сонша алапат сома қарастырылып отыр? Жасанды зерде қазақстандық, әлде шетелдік бола ма? Егер жатжұрттық технологиялар қолданылса, азаматтардың дербес дерегі сыртқа кетіп қалмай ма? Сауал көп, билік болса, біразға дейін тым-тырыс қалды. 

Осының алдында ел Үкіметі Шымкентті "ақылды қалаға" айналдыру үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен несие тартуды жоспарлаған. Енді бұл жұмыстардың доғарылғаны белгілі болып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің айтуынша, бұған пандемия ықпал етіпті.

"COVID-19 пандемиясы салдарынан елде туындаған ағымдағы жағдайға орай, сондай-ақ бюджеттік қаражаттың шектеулілігіне байланысты "Ақылды қалалар және жасанды интеллект" жобасын ары қарай жүзеге асыру уақытша тоқтатылды. Оған қарастырылған республикалық бюджет қаржысы бірінші кезекте мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, пандемия кезеңінде экономиканы қолдау шараларына, сонымен бірге мемлекеттің бұрын қабылдаған міндеттемелерін іске асыруға бағытталатын болады", – деді вице-министр А.Жамбакин.

Бұған қоса, ол 2021 жылғы 2 қаңтарда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданғанын еске салды.

"Осы заң аясында бүгінде жасанды интеллекттің ұлттық платформасының операторы анықталуда. Бұл платформа – деректер жиынтығын жинауға, өңдеуге, сақтау мен таратуға және жасанды интеллект саласында көрсетілетін қызметтер ұсынуға арналған технологиялық платформа болады", – деді Асқар Серікұлы.

Inbusiness.kz порталы таяуда ел Үкіметінің осы саладағы ұлттық оператор мәртебесін "Назарбаев Университетінің" "Жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен әзерлемелерді қолдау қорына" (ЖИСЗӘҚҚ) бергелі отырғанын жазып, сараптаған болатын. 

Айта кету керек, қазақстандық тұңғыш "ақылды қала" ретінде Нұр-Сұлтан іргесіндегі шаһар – Ақмола облысының Ақкөл қаласы танылды. Дұрысын айтқанда, мұны белгілі ай-ти маманы, кәсіпкер Әлімжан Есетов жариялаған еді. Соны шенеуніктер де айна-қатесіз қайталаумен болды. Содан Ә.Есетов 2019 жылғы 1 қазанда "Назарбаев Университетінің" "Жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен әзерлемелерді қолдау қорына" басшы болып барғанда, Facebook парақшасында Ақкөлді қайтадан мақтана ауызға алды.

"Үйлесімді әрекет еткен команданың және қолдау көрсеткен серіктестердің арқасында біз Tengri Lab жетекші жүйе интеграторын құрдық, Smart Aqkol жобасын жүзеге асырдық. Бұл жоба туралы тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де біледі", – деп дәріптеген ол сол себепті жасанды зерде саласындағы әлемдік жетекші өндірушілерді елге тарту үшін құрылған ЖИСЗӘҚҚ-тың басшылық тізгінін ұстау туралы ұсынысты қабыл алғанын жеткізді.

Алайда уақыт өте, 2020 жылдың қыркүйегінде "ақылды" делінген Ақкөлге қайта барған журналистер одан "смарт" дәрежесіне сай келер ештеңе таппапты.

"Біздің шенеуніктер аңдатпа-анонстарда, жиын-жиналыстарда әсірелеп сөйлеп, қосып айтуға құмар келеді. Сондықтан көзді бір сүртіп, өмір шындығына тіке қараған артық болмас. "Ақылды" Ақкөл қаласына былтыр ақпарат құралдары өкілдерін, блогерлерді қаптатып апарғаны есте: сонда қалада ақылды жүйелер іске қосылатынын, сіз бен біздің салығымызға жасанды зерде шүмектеп тер төгетінін айтып, уәдені үйіп-төккен. Ақыры не болды? Барлық жерде болуға тиісті Wi-Fi да жоқ екен. Қоғамдық көліктер, қаланың орталық алаңы тегін уай-файмен жабдықталды делінді, бірақ біз ол жерлерде интернетке кіре алмадық", – деп алған әсерімен бөлісті белгілі интернет басылымның редакторы Кирилл Жданов.

Мақтаған интерактивті дисплей бүкіл қалада біреу ғана болып шықты.

"Онысы орталық алаңда тұр. Пандемияға қарамастан, оны қолымызбен түрткілеп көрдік. Функцияларының бір бөлігі жұмыс істемейді, ал қалған функциялары кімге не үшін керек болатыны түсініксіз. Алайда бұл кімді толғандырсын, жұмыс істесе болды дейді. Турист үш минутын осыны түрткілеп, өткізер. Айналадағы көңілсіз декорацияда бәрібір қызықты ештеңе таппас еді. Қорыта айтқанда, қалада "Сергектен" басқа ақылды деген ештеңе байқай алмадық. Қалада ештеңе де өзгермеген. Алыстан менмұндалайтын ақылды, инновациялы еш нәрсе жоқ", – дейді журналист.

Дегенмен, 2025 жылға қарай еліміздің барлық қаласында 5G мұнаралары орнатылып, жаппай ендіріледі деп жоспарлануда. "Ақылды қалалар және жасанды интеллект" жобасына билік сонда оралатын болар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу