Балабақшаларға қатысты жаңа тәртіп ата-аналарды қажытты

3506

Баланы балабақшаға тіркеудің бес қадамын өту күрделеніп кетіпті.

Балабақшаларға қатысты жаңа тәртіп ата-аналарды қажытты Фото: canva.com

Оқу-ағарту министрлігі биылдан бастап бұрынғы модель жойылып, оның орнына "Ақша баланың соңынан жүреді" деген қағида енгізіліп жатқанын жариялаған болатын. Оның аясында Қазақстан ваучерлік қаржыландыру аясында мемлекет субсидиялайтын балабақшалық орындарды бөлуді Indigo сайты арқылы жаппай таратуға кіріседі.

"Қазақстанда балабақшаларды субсидиялау қағидаты реформалануда. Мектепке дейінгі ұйымдарға шектеулі көлемде мемлекеттік тапсырыс, квота беретін бұрынғы модель жойылып, орнына Indigo ваучерлік қаржыландыруын енгізу ұсынылады. Жүйе "Ақша баланың соңынан жүреді" тұжырымына негізделген", – деп хабарлады ведомство.

Оның сендіруінше, бұл тәсіл ата-аналарға өз балалары үшін ең жақсы балабақшаны таңдауға және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа қағиданы енгізу балалардың бір бақшадан екіншісіне еркін ауысуына, оның мемлекеттік қаржыландыруды өзімен бірге ала кетуіне, мектепке дейінгі мекемелер үшін еңбек шығындарының едәуір қысқаруына және жаңа мекемелердің жүйеге оңай кіруіне жол ашатын көрінеді.

"Мектепке дейінгі ұйым ашылды делік. Ол белгіленген тәртіппен тиісті құжаттарын жергілікті білім бөліміне өткізеді. Оның құжаттары расталса, болғаны: содан кейін ұйым ваучерлік қаржыландыруға қатыса алады. Балабақшаларға енді ақшаны білім бөлімі емес, әрбір бала әкеледі. Осылайша, балабақшалар мемлекеттік субсидиялау нарығына еркін қосылып, өзара бәсекелесе алады", – деді осы жобаны ілгерілетуші "КДС Франчайзинг" жеке мекемесінің дамыту жөніндегі директоры Евгений Щербатов.

2021 жылдан, яғни пилоттық жоба басталғалы Қазақстандағы 20 өңірдің 12-сі Indigo атты цифрлық платформаға қосылып болыпты. Олардың тәжірибесін бүкіл елге жаю жоспарлануда. Яғни, барлық өңірлер балабақшалардағы орындарды осы сайт арқылы үлестіруге көшірілмек.

Осы арқылы Үкімет ақырғы таңдауын жасағанға ұқсайды. Әйтпесе, елде "Balabaqsha SmartNation" сияқты басқа да платформалар құрылғаны мәлім.

Үкіметтің дерегінше, ваучерлік қаржыландыруды басқаруды мемлекеттік құрылым – Оқу-ағарту министрлігінің "Қаржы орталығы" АҚ-ы жүзеге асырады. Дегенмен, жобаны жүзеге асыру бәрібір, Indigo-ға тапсырылады: ол банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректермен алмасуды дербес қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, кезінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те Indigo-ны ілгерілеткен болатын.

"3 пен 6 жастағы балаларды оқу және тәрбиемен қамту көрсеткіші 98,8%-ға жетті. Десек те 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі әлі де 71% ғана құрайды. Сондықтан жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру үшін ваучерлік қаржыландыру тетігі әзірленіп жатыр. Ол биыл пилоттық режимде басталып, келесі жылы толығымен барлық жүйеге енгізілетін болады", – деді Асхат Аймағамбетов 2021 жылғы 15 наурызда өткен БҒМ-ның кеңейтілген алқа отырысында.

Жүйе сол жылы енгізілді. Оған сәйкес, ата-аналар Indigo жүйесінде тіркелді. Сондағы жеке кабинеттеріне "баланың балабақшаға бару табелін" қарай алады. Бұл табелді ваучерлік қаржыландыруға қатысатын мемлекеттік және жеке балабақшалар толтырады. Әрбір ата-ана тек өз баласының ғана табелін көре алады, бұл құжатта баланың өткен жылдар мен айлардағы балабақшадағы білім мен тәрбиеге қатысуының бүкіл тарихы сақталады.

Баланың қатысуы туралы бұл ақпарат, табель – ата-аналардың тамақтандыру ақысын төлеуі және білім басқармасының мемлекеттік білім тапсырысын қаржыландыруы үшін есепайырысуға қажетті құжат рөлін атқарады. Табелдердегі әрбір бала бойынша мәліметтер ай сайын және автоматты түрде балабақшалардан тікелей білім басқармаларына жолданады.

Бірақ Білім және ғылым министрлігі ваучерлік қаржыландыру кезінде мемлекеттік білім тапсырысының тазалығын толыққанды қамтамасыз ете алмады.

"Менің балам ересек, балабақшаға бармайды. Бірақ жүйедегі жеке кабинетінде 2021 жылдың қарашасынан бері оның атына үнемі табель толтырылып келгенін қалай түсінуге болады? Бір қызығы, ол бірде бір күнді өткізбей, күнде қатысыпты", – деп айран-асыр бола жазды өз шағымында Асел Омарова есімді ана.

Қазіргі кезде Индиго жүйесі жаңғыртудан өткені байқалады. Алайда ата-аналар ваучерлік қаржыландыру аясында балабақшада орын алу күрделі болып кеткеніне шағымданады.

"Білім бөліміндегілер бұдан ары баланы балабақшаға тіркеу жаңа сайт арқылы жүзеге асады деді. Содан биылғы маусымда оған кіріп, баламды тіркейін десем, 2 тамызға дейін тек басымдықты санаттағылар алдымен орын таңдай алатыны көрсетілген. Оған көп балалы аналар, педагогтердің, дәрігерлердің, әскерилердің балалары сияқтылар кіреді екен. Содан бері қадағалаумен болдым, тамызға дейін орындар тез таратылып кетті. Балаларды бұлай бөле-жару қаншалықты әділетті?" – деді екі баланың анасы Зейне.

"Кезек қалаға, ауылға, кентке тиістілік бойынша құрылады. Кезекке қою туралы өтініш бергенде сіз нақты балабақшаға емес, қаладағы барлық балабақшаға бірден кезекке тұрасыз. Әр қаланың ішінде кезек баланың туған жылы бойынша қалыптастырылады. Туған жылы бірдей болса, кезек өтініштің берілген күніне қарай қалыптастырылады. Мұнда өтінішті ертерек бергендер басымдыққа ие. Дәл осы жалпы кезек неше түрлі жеңілдіктері бар адамдардың балаларын да қамтиды, олардың балаларына басымдық беріледі. Олар кезектен тыс тұрғандар және бірінші кезектегілер болып бөлінеді", – деп түсіндірді Indigo порталының өкілдері.

Ваучерлік қаржыландырудың Indigo жүйесінде балабақшадағы орындарды ең алдымен "кезектен тыс тұрған жеңілдігі барлар" (внеочередные льготники) алады. Одан кейін орындар 1:3 коэффициентімен "бірінші кезекті жеңілдігі барларға" тиеді. Тек содан соң орынды қарапайым кезектегілер иелене алады.  

"Білім бөліміндегілер балаңызды Индиго арқылы кезекке тұрғызыңыз деді. Жаңа сайттың бұрынғыдан көп айырмашылығын байқамадым. Бағдарламаны ауыстыра бергенше, мемлекеттік балабақшаларды көбірек ашу керек. Жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тек ана-ана ғана емес, мемлекет те жауапты. Өйткені мемлекеттің болашағы балалар ғой. Сондықтан балабақшада орын түгесіліп қалса, ақшаның балаға ілескенінен не пайда?" – деді Нұрсұлтан есімді әке.

Ата-аналар Indigo порталында баланы электронды кезекке қою біршама күрделі екеніне шағымданады. Ол мысалы, 5 қадамнан сүрінбей өтуді талап етеді. 1-ші қадамда ата-ананың байланыс деректері жиналады. Бұл жерде азаматтың телефон нөмірі МАБ-та (Мобильді азаматтар базасында) болуы міндетті екен. Онсыз жүйе өтінішіңізді қабылдамайды. Яғни, алдымен ұялы телефоныңыздың нөмірін сонда тіркетіп келуіңіз керек.

Бірақ мұнымен іс бітпейді. Міндетті түрде ed24.kz мобильді қосымшасын жүктеп, орнатып алуыңыз қажет. Олай жасамасаңыз: "Жүйе растау кодын жібере алмады. Өтінеміз, жоғарыда көрсетілген нұсқаулық бойынша қосымшаны орнатып, оны тіркеу кезінде абоненттік нөмірге байланыстыру үшін арнайы QR-код немесе бір реттік құпиясөзді пайдаланыңыз" деген ескертпе келеді.

Оны орнатсаңыз кейін ғана екінші қадамға өткізетін "растау кодын" ала аласыз.

2-қадамда "Ата-ана және бала туралы" деректер жиналады. 3-қадамда "Жеңілдіктер туралы ақпаратты" толтыру керек. 4-қадамда "Ниетті растау" талап етіледі. 5-қадамда "Деректеріңізді тексеру" жүргізіледі. Осы қадамдардың кез келгенінде толтырушы адам жүйеден шығып қалуы мүмкін екен. Қайта бастауға тура келеді.

Ата-аналар бұлайша қадамнан қадамға лақтырмай, бәрін бір бетте толтырып, жібере салуға неге жағдай жасалмағанына аң-таң. Жалпы, жүйені қарапайым ата-аналардың басын қатырмайтындай, жеңіл еткен маңызды.

Елордалық балабақша менеджері Гүлжан Құралбайқызының түсіндіруінше, ваучерлік қаржыландыруда білім басқармалары мен бөлімдері балабақшалармен арада мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы келісім бекітпейді. Ай сайын көрсетілген қызметтер туралы актілерге қол қоймайды. Электронды шот-фактураларды талап етіп, қабылдамайды.

Барлық қарым-қатынастар ата-ана мен балабақша арасында жүреді. "Ақша баланың соңынан жүреді" дейтіні содан: балабақшаның көрсеткен қызметі ата-анаға ұнамаса, ол оны басқа балабақшаға алып кетеді. Тәрбиеленушілері күрт азайған балабақшалар реестрден шығарып тасталуы мүмкін. Оған жеткізбеу үшін мектепке дейінгі ұйым қызмет сапасын арттыруға тиіс.

Бірақ бұл "ваучерлік қаржыландыруға іліккен балабақшалар есеп атаулыдан мүлдем босатылады" деген сөз емес. Үкімет мемлекеттік білім тапсырысын ваучерлік қаржыландырудың айқындылығын қамтамасыз етудің табельден де басқа компоненттерін енгізіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу