Балаңызға баспана сыйлаудың тиімді жолы табылды

656

Сарапшылар білім беру салымдарының үлгісі бойынша балаларға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына сұраныс жоғары болар еді деген пікірде. 

Балаңызға баспана сыйлаудың тиімді жолы табылды Фото: canva.com

Қазақстанда ата-аналар өздерінің балаларын шама-шарқынша баспанамен қамтамасыз етуге ұмтылатын тұрақты тенденция қалыптасып келеді. Ұрпағы пәтерге деп қаражат жинаумен ең жақсы жылдарын өткізгенше, олардың уақытын үнемдеген дұрыс деген пікірлер де айтылады.

Қазір балаларға баспана сатып алу тәжірибесі қаншалықты кең таралған әрі ата-аналарды бұл қадамға не итермелеп жүр? Балаларға баспана сатып алған дұрыс па, бұрыс па? inbusiness.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтарға жауап табу мақсатында сарапшылардың пікірін білді.

Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюковтың сөзінше, балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс – елдегі ата-аналардың дені үшін табиғи нәрсе.

Сарапшы өзінің әріптесінің тәжірибесін мысалға келтірді. Танысы 18 жасқа толмаған алты баласының төртеуіне пәтер сатып алған. Виктор Микрюков мұны дұрыс деп отыр.

"Азаматтар балаларын баспанамен қамтамасыз еткісі келеді. Бұл дұрыс деп есептеймін. Бұл асып-тасығандық емес. Бұл қауіпсіздікке қатысты. Пәтердің болуы қауіпсіздік сезімінің пайда болуына әкеледі. Ата-аналар баласының "көшеде" қалмайтынын немесе "үйді жалға" алмайтынын біліп, алаңсыз жүреді", - деді маман.

Бір және екі бөлмелі шағын пәтерлер айтарлықтай сұранысқа ие. Сарапшы мұндай мәмілелер жылжымайтын мүлік нарығындағы жалпы сатылымның 20-25% құрауы мүмкін деген болжамға келді. Бір қызығы, бұл тенденция тұрақты болып отыр әрі құлдырау белгілері байқалмайды.

Виктор Микрюков тиісті өзгерістер Z буынының келуімен ғана мүмкін деген пікірде. Олар баспаналы болуды айқын басымдық деп санамайды. "Жалға алу – қалыпты дүние" деген сөздерге қарамастан, қоғам бұған әлі дайын емес әрі өзінің "шаршы метрін сатып алуға" ұмтылады.

Десек те, Еуропаның кей елдерінде ата-аналардың балаларына дайын баспана сатып әперуі сирек жайт. Қазақстанда ірі жалға берушілердің Еуропадағыдай өркениетті жалға беру нарығы әлі дамымады.

Инвестиция немесе қауіпсіздік?

Кейбір қаржы сарапшыларының жылжымайтын мүлік тиімді инвестиция болудан қалып барады дегеніне қарамастан, құрылысшылар қауымдастығының басшысы Қазақстанда баспана сатып алуға деген қызығушылықтың төмендегенін байқамайды. Ол құрылыс қарқыны артып жатыр, бұл сұраныстың сақталып отырғанын көрсетеді деген пікірде.

Сарапшы елдегі тұрғын үймен қамтамасыз етудің деңгейі төмен екенін атап өтті. Бір адамға көрсеткіш – небәрі 17-18 шаршы метр. БҰҰ-ның нормасы бойынша бұл 30 шаршы метр болуы тиіс. Осылайша қауымдастық басшысы жаңа тұрғын үйге деген қажеттілік алдағы жылдарда да сақталатынын түсіндірді.

Ол ата-аналардың баспана сатып аларда ең әуелі қауіпсіздік факторын басшылыққа алатынын баса айтты. Ата-аналар балаға инвестиция құюды немесе баспанамен қамтуды ғана емес, олардың қауіпсіз екенін сезінгісі келеді.

Балаға үй сатып алатын ата-ананың портреті: тұрақты әрі жеткілікті жоғары табысы бар (айына 500 мың теңгеден бастап және одан жоғары), 40 жастан асқан адам.

"Кейбір ата-аналар балаларына туғаннан бастап үй сатып алуды ойлағанымен, олардың дені балалары мектеп бітіріп, университетке түсуге жақын қалғанда әрекетке көшеді. Мұны сатылым статистикасы да растап отыр. Тамыз, қыркүйек және қазан – жылжымайтын мүлік нарығындағы ең белсенді айлар. Ата-аналардың таңдауы көбінесе студиялық пәтерлерге немесе бір-екі бөлмелі пәтерлерге түседі. Осы мақсат үшін ірі қалалардағы үйлер аз танымалдыққа ие. Баспананы таңдаған кезінде ең маңызды факторға аудан жатады. Яғни, үйдің оқу орындарына жақын болуы (егер бұл студенттерге арналған тұрғын үй болса) және әлеуметтік-мәдени нысандарға қатысты орналасу ыңғайлылығы", - деді қауымдастық басшысы.

Бүгінгі таңда балаларға үй сатып алатын ата-аналарға арналған арнайы бағдарламалар жоқтың қасы. Бірақ та, сарапшы осындай мемлекеттік қолдау бағдарламаларын құру білім беру депозиттері сияқты үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін деп есептейді.

Осы тұста тұрғын үй құрылысы мен ипотека саласындағы мемлекеттік саясаттың нарыққа, оның ішінде ата-аналардың балаларына арналған үйді сатып алуына да ықпалы бар.

"Балаларына үй сатып алуды жоспарлап жүрген ата-аналарға берер басты кеңесім – өте сақ болу әрі сенімді құрылыс салушыларды таңдау. Барлық тиісті рұқсат құжаттары бар сенімді компаниялардан үйді сатып алуға әрі жинақтардың сақталуына басымдық берілуі тиіс. Тым арзан бағада үй сатып аламын деп күмәнді құрылыс салушылардың арбауына түсуден сақтану керек", - деп атап өтті Виктор Микрюков.

Қазақстандықтар балаларына шетелден жиі баспана сатып алады

MORE WAY компаниясының негізін қалаушы, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Гүлжан Қостубаева inbusiness.kz-ке берген сұхбатында шетелде балаларға жылжымайтын мүлік сатып алу бай-қуатты отбасылар арасында кең таралғанын айтады.

"Ата-аналар мұны инвестиция көзі және баланы қауіпсіз елде оқыту мүмкіндігі деп қарастырады. Мәселен, Солтүстік Кипрде және БАӘ-де (Дубай мен Абу-Даби) қауіпсіздік деңгейі жоғары, оның үстіне бұлар мұсылман елдері, менталитет бойынша бізге келеді.

Қазір Еуропаға ұрыс қимылдары жүріп жатқан елдерден босқындардың келуіне байланысты ол жақ өте қауіпті. Американың өзінде жынысты таңдау еркіндігі бар, бұл біздің менталитетімізге түсініксіздеу дүние.

Сондай-ақ, ата-аналар көптеген елде жастар есірткіге және басқа да заттарға оңай қол жеткізе алады деп алаңдаушылық білдіреді. Мысалы, БАӘ – балалар үшін оқу кезеңінде алаңдамауға болатын таптырмас орын, себебі бұл елдің заңы өте қатал".

Оның сөзінше, көбінесе шетелдегі жылжымайтын мүлікті қазақстандықтар инвестициялау, қаражат сақтау және тұрақты валютада табыс табу үшін сатып алады. Мәселен, Солтүстік Кипрдегі баспана бойынша мәмілелер фунт стерлингте, БАӘ-де дирхамда жасалады.

Бұл ретте ата-аналар бұл мүліктің ең соңында балаларына қалатынын бағамдап отыр.

"Біздің портфельде ата-аналар емес, олардың оқып жүрген балалары тұратын осындай мәмілелердің үлесі 20%-дан аспайды. Шетелде балаларға үй сатып алу үрдісі артып жатыр. Мұны жаһанданумен, халықаралық білімнің қолжетімділігімен және жылжымайтын мүлікке инвестициялар арқылы тұрақты тұру мүмкіндігімен түсіндіруге болады", - деп атап өтті сарапшы.

Оның пікірінше, қазақстандық ата-аналардың балаларына шетелден баспана сатып аларда айтатын негізгі уәждері:

  • балаларына беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беруге деген ұмтылысы;
  • капиталды сақтау және көбейту;
  • елдегі тұрақсыздық жағдайында баланы тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • жылжымайтын мүлікті сатып алу арқылы резиденттік алу мүмкіндігі.

Көбінесе шетелде ата-аналар балаларға бір және екі бөлмелі пәтерлер мен студенттерге арналған студияларды таңдайды. Тұрғын үйдің негізгі сипаттамаларына келсек, бұл оқу орындарына жақын болуы, көлікке, дүкендерге қолжетімділік, қажет болған жағдайда тұрғын үйді сату немесе жалға беру мүмкіндігі.

Қазақстанда баспана сатып алатын ата-аналарға қарағанда шетелде үй сатып алатын ата-аналардың мәртебесі айтарлықтай жоғары. Бұл 40-55 жас аралығындағы адамдар – бизнес иелері, топ-менеджерлер, табысы орташа деңгейден жоғары, ұзақ мерзімді инвестициялау және баланың болашағын қамтамасыз етуді мақсат ететін ұлттық компаниялардың мемлекеттік қызметшілері.

Сарапшы Гүлжан Қостубаева шетелде балаларға тұрғын үй сатып алуды жоспарлап жүрген қазақстандық ата-аналарға нарықты зерттеуді, заңдық және салықтық ерекшеліктерді талдауды, сатуға немесе тапсыруға оңай жылжымайтын мүлік таңдауды, қауіпсіздікке, көлік жол айрығын немесе оқу орындарына жақындығы сияқты ерекшеліктерді назарға алуға кеңес береді. Сонымен қатар, отбасындағы адамдар санының ықтимал өсуін ескеруді, халықаралық жылжымайтын мүлікке маманданған брокерлер мен агенттерге жүгінуді ұсынады.

Тұрғын үй ретіндегі сыйлықтың балалардың өсуі мен мотивациясына ықпалы

Психолог Руслан Ибрагимовтың сөзінше, ата-аналардың баласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оның болашағына алаңдаушылықпен қарауға деген ұмтылысы қалыпты нәрсе. Қамқорлық отбасының мәртебесін арттыруға, өзінің қорқыныштарының орнын толтырып, жайлы жағдай жасауға деген ұмтылысынан байқалады. Бұған балаға жеке пәтер сатып әперу де жатады.

"Өз баспанаңыздың болуы тұрақтылық сезімін береді, алаңдаушылықты төмендетеді әрі ертеңге деген сенімді арттырады. Тұрғын үй мәселесімен кездеспеген бала өзін қауіпсіз сезініп, оқуға немесе мансапқа көңіл бөле бастайды", - деп атап өтті сарапшы.

Десек те, психолог айтпақшы, мәселенің екі жағы бар. Балаға баспана берудің артықшылықтарымен қатар теріс салдары да болуы мүмкін.

Тәуекелдердің біріне инфантильділік пен баланың бойындағы жеке мотивацияның аз болуына әкелу жатады. Егер де бала кішкентайынан бері барлық қажетті дүниенің оған ешқандай қиындықсыз берілетініне үйреніп алса, онда ол тәуелсіздікке және өз мақсаттарына қарай жетуге ұмтылмауы мүмкін.

Өмірге деген тұтынушылық көзқарас, ата-анасына тәуелділігі қалыптасуы мүмкін. Егер ата-анасы балаларын өмірдің барлық саласында өбектеп өсіретін болса, онда баласы қаржылық жауапкершілік дағдыларын игеру мүмкіндігінен айырылады. Бұл түптеп келгенде еркіндікке деген ұмтылыстың болмауына әкелуі мүмкін.

Баланың баспана алу процесіне қатысқаны әрі оның құндылығын білетінін түсіну маңызды. Егер жоқ деген жауап болса, онда сыйлық баланың өсуіне ықпал етпей, оның тәуелсіздікке деген ұмтылысын төмендетуі мүмкін.

Екіншіден, егер тұрғын үй даму үшін қажет ресурс ретінде қабылданса, онда баланың өсуін ынталандыруы мүмкін. Бұл жерде жауапкершілік ата-ананың мойнында жатыр. Себебі олар баланы бұл процеске тарта ма, үйді сатып алудың маңызын түсіндіре ме, жауапкершілікті қалыптастыра ма деген сұрақтарға жауап қандай болатынына байланысты.

"Баланың тұрғын үйдің маңызын түсінуі оның сенімділігі мен жауапкершілігін арттыруы да, ата-анасына инфантильділік тәуелділікті де қалыптастыруы мүмкін. Бұдан бөлек тәуелділіктің лудомания, алкоголизм немесе нашақорлық сияқты түрлеріне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ, баланың мотивациясының төмен болу және материалдық дүниеге байланып қалу қаупі бар. Бала моральдық тұрғыдан жауапкершілікті сезініп, онда ата-анасының үмітін ақтамай қалу қорқынышы пайда болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде еркіндіктің жоғалуына әкеледі, себебі бала тұрғын үй оны өз күшімен бұдан да ірі мақсаттарға жету қажеттілігінен құтқарады деп ойлайды. Егер бала бұл процеске қатыспаса, қиындықтарды жеңбесе, онда оның өміріндегі маңызды жетістіктер тек ата-ананың көмегімен байланысты болуы мүмкін", - деп атап өтті Руслан Ибрагимов.

Айтуынша, сепарация дегеніміз ата-анадан тек физикалық тұрғыдан бөліну емес, психологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу екенін есте ұстаған жөн. Егер де берілген баспана баланы ата-анасының алдында қаржылық немесе моральдық тұрғыдан кіріптар қылса (мысалы, коммуналдық төлем немесе қарыз туралы үнемі еске салып отыру), сепарация процесі баяу жүреді.

Егер тұрғын үйді сыйлау жауапкершілікті берумен қатар жүрсе, онда бұл өсуге, еркіндік пен баланың бойындағы бастамашылық сезімін дамытуға әсер етеді. Тұрғын үйді күтіп-ұстау мәселесінде ата-аналарға қаржылық тұрғыдан тәуелді болу жауапсыздықты қалыптастырып, шешімдерді дербес қабылдауға кедергі келтіруі мүмкін.

"Балаға баспананың сыйлық қана емес, еңбектің нәтижесі екенін түсіндіру өте маңызды. Оның жасына сәйкес түсінікті тілде сөйлесіп, баспананы күтіп-ұстау бойынша жауапкершілікті айтып отыру керек. Мектеп жасына дейінгі балалармен үйге қамқорлық көрсету туралы, жасөспірімдермен – қаржы және жауапкершілік туралы, ал жастармен инвестициялар және шығындар туралы әңгімелесуге болады", - деді сарапшы.

Материалдық қолдаудан бөлек, ата-аналар материалдық емес көмек те бере алады. Мысалы, қаржы сауатына үйрету, мансап пен оқуға көмектесу, бизнесті дамытуға қолдау көрсету, инвестиция құю және қаражат жинау бойынша курстарды ұсыну, эмоционалдық тұрғыдан қолдау білдіру және кішкентайынан бастап баласына тәлімгер болу.

Психолог балаға баспананы беру туралы шешім байыпты қабылдануы керек деген пікірде. Ата-аналар мұның ықтимал тәуекелдерін ескеріп, баланың жауапкершілік сезімін, тәуелсіздігін әрі бұл мүліктің маңызын түсіндіру қалыптастыру үшін нақты қадамдар жасауы тиіс. Сонда ғана ата-ананың көрсеткен қамқорлығы баланың дамуына әрі табысты өміріне жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу