Мысалға, қайбір жылы балмұздақ сатудан бастап, жүк тасуға дейінгі кәмелет жасқа толмаған балаларды жұмысқа тартудың 600 дерегі анықталған.
Әрине, мәселенің қос қырын, ақ пен қараны ажырата білу керек, яғни жеткіншекті немесе жасөспірімді жаз шыға сала жұмысқа жөнсіз сала беруге болмайды. Тәрбиелік мақсатта еңбекке баулы дегенді түсініп отырмыз. Екеуінің шекарасы өте жақын, нәзік әрі жұқа...
Осы орайда, балалардың оқудан босаған жазғы демалыс тұсында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне хабарластық.
"Ел заңнамасында кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалану бойынша нақты талаптар белгіленген, оның орындалуына өзге әріптес мекемелермен бірге бақылау жүргіземіз. Еңбек инспекциясы, прокуратура, білім басқармалары сынды мемлекеттік органдар кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді", – деп түсіндірген комитет төрағасы Ақмәди Сарбасов тексерістер барысында 2015 жылы – 600, 2016 жылы 75 жайт анықталғанын жеткізді. Биыл болса, қуантатыны, ондай балаларды жұмысқа жегуге қатысты келеңсіздіктер әзірге тіркелмеген.
Аражігін айқындай кетсек, былтыр Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалану бойынша 1 жағдайдан, Солтүстік Қазақстан - 5, Батыс Қазақстан – 22, Алматы – 34, Маңғыстау – 3, Атырау - 2 облыстарында және Астана қаласында 4 дерек назарға іліккен екен. Нәтижесінде жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілік тағайындалған.
Сарапшылардың айтуынша, талдау көрсеткендей, 12-ден 18 жасқа дейін балалар жазғы мезгілде сауда орындарында (балмұздақ, сусын, ойыншық сату, көлік жуу, базарда жүк тасу және тағы басқа) жұмыс істейді. Оқудан тыс сәл табыс тауып, ата-анаға, үй ішіне көмектескен дұрыс қой... Бірақ, жұмыс берушілердің еңбек шартын жасамауы, жұмыс тәртібіне пысқырып қарамауы сияқты заңбұзушылықтардың ең көп таралғанын өзіміз де көріп жүргенімізді несіне жасырамыз сіз бен біз.
"Қазіргі уақытта, Қазақстанда балалар еңбегін қолдануын болдырмау үшін құқықтық база мен аталған мәселе бойынша заңнама талаптарын сақтауға қажет тетіктер жасалды, сондай-ақ балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тартқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. 2015 жылғы 23 қарашада халықаралық конвенция нормалары толық негізде қамтылған ҚР Еңбек кодексі қабылданды. Басты мақсат – ересектер тарапынан кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке, өзге де сорақылықтарға жол бермеу. Арнайы министр бұйрығымен кәмелетке толмағандардың еңбегі жиі пайдаланылатын ауылшаруашылық саласында он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімі бекітілген", – деп әңгімелейді комитет басшысы.
Осы орайда, елімізде, жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен әр өңірде 1-12 шілде аралығы балалар еңбегін пайдалануға қарсы Ұлттық ақпараттық науқан өткізіліп келе жатқаны белгілі. Өткен жылы, қолдағы мағлұматқа қарағанда, семинар-тренинг, пікірсайыс, тақырыптық көрме, сурет салу сайыстары, флеш-моб секілді науқан шараларымен барлығы 1,2 млн жуық кәмелетке толмаған бала мен 200 мыңнан аса ересек адам қамтылыпты.
"Кірісі төмен, өмір сүруге қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу аясында, 14 жасқа толған жасөспірімдерді жұмыспен қамту орталықтары арқылы ата-аналарының бірінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен демалыс кезеңінде еңбекпен қамтуда бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Уағдаластықты 2015 жылы білім және ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ішкі істер министрліктерінің басшылары бекітті", – деп тұжырымдады сөзін еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов.
Осы уақытқа дейінгі жеңістің бірі ретінде, мамандар, бүгінде темекі өсіру шаруашылығында балалар еңбегін пайдалану тәжірибе жүзінде түбегейлі жойылғанын келтіреді. Бұл жетістік АҚШ еңбек мемлекеттік департаментінің баяндамасында да көрініс тапқан.
Темекі өсірудегі алпауыт кәсіпорын "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС балалар еңбегін болдырмауда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Майлыбай ауылындағы мектептің арнайы бөлмелерін күрделі жөндеуден өткізіп, барлық қажетті жабдықтар әкелген. Қазіргі күні бұл балалардың бос уақытында білім беру, ойын-сауық іс-шараларын өткізетін орын саналуда. Орталықта компьютерлік сауаттылықты дамыту, ағылшын, қазақ тілдерін және қолөнер дағдыларын үйрету, спорт ойындары (шағын футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, т.б.), өнер (сурет салу, музыка, т.б.) бағдарламалары оқытылуда. Орталыққа 800-ге жуық бала келіп тұрады екен.
Астанаға ауылдан "ЭКСПО-2017" көрмесін тамашалауға ат терлетіп жеткен Гүлзада апамыз "балаларды жұмсағанда абай болу керек" дегенді естіп, езу тартты. Айтуынша, ауылда шағын дүңгіршектері бар, онда ересегі биыл мектеп бітірген, кенжесі енді өздігімен отыруды үйреніп келе жатқан үбірлі-шүбірлі отбасының тату балалары үй шаруашылығына тиянақтай болудан бөлек, саудаға да белсене араласып, көз алдарында есеюде.
"Тақырыптың түпкі мағынасын жақсы түсініп тұрмын. Теледидардан неше түрліні естиміз ғой, адам саудасы, заңсыз жұмыс құрбандары дейді ме... Бірақ мұнда ең бастысы Алланың алдында қиянат жасамау, бұғанасы қатпаған баланы зорлықпен қинамау ғой. Дегенмен планшет пен "сотканың" бетіне телміртпей, баланы кішкентайынан шынықтыратын тәрбие дұрыс болса, ертең-ақ өздері алғысын жаудыратыны анық. Балапандарымызға еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін неге түсіндірмеске?! Бұл заңды қайтеміз, әркім білгенін істесін деген сөз емес, белгілі бір бақылау болған жөн. Әйтпесе аңқау жеткіншекті арзан жұмыс күші көретін пысықайлар табылады", – деп түйіндеп берді әңгімемізді біраз жайттың сырына қанық апамыз.
Ұмытып барамыз, көрмеге бес баламен шалғайдан ат шалдырған "кейіпкеріміз", балалар шаруасын тыңғылықты тез еңсеріп тастаса суға түсіп, қатарластарымен емін-еркін асыр салуына көбірек уақыт берілетінін, қалталарында азын-аулақ тиын-тебендері жүретінін, күзде болса оқу жасындағы ортаншылардың мектеп киімін сатып алуға жинағандарын қуана қосатындарын айтып қоштасты.
Кемел Марат