Баланың ерте жұмыс істеп, табыс тапқаны дұрыс па?

548

Кәмелетке толмаған балалар қандай жұмыс істей алады?

Баланың ерте жұмыс істеп, табыс тапқаны дұрыс па? Фото: ашық дереккөз

Заманына қарай адамы демекші. Үш ай каникул кезінде уақытын тиімді пайдаланып, кішігірім бизнес бастап кеткен мектеп оқушылары жетерлік. Солардың бірі Темірхан Тазабеков. Жасы небәрі 11 дегі жасөспірім апасы отырған базарға барып ескі ойыншықтарын сатып, пайда тауып жүр. Апасы киім-кешек сатса, ол бала күнінде сыйлыққа келген, әке-шешесі әперген ойыншық көліктері мен мылтықтарын, құрастырғыш ойыншықтарын саудаға шығарыпты. Ойыншықтары ескі болса да оны жуып тазалап, жылтыр орамаға салып, 200 ден 1000 теңгеге дейін сатып, пайда тапқан. Бір айда тапқан табысы 70 мың теңге. Өзінің айтуынша, ол үйде телефон шұқылап уақытты босқа өткізгенше, апасының қасында әрі оған көмектеседі, әрі өз бизнесін де дөңгелетіп отыр.

Темірхан Тазабеков: “Мен өскенде бизнесмен болғым келеді. Ақшам көп болса, ешкімнен ақша сұрамасам, өзім адамдарды жұмысқа алсам деп армандаймын. Сол үшін ескі ойыншықтарымды апамның жанындағы сауда нүктесіне апарып сатуға қойдым. Көшеден өтіп бара жатқан балалар менің ескі ойыншықтарыма қызығып, әке-шешелеріне алып бер деп өтінеді. Сол кезде арзан ойыншықты көріп, елдің бәрі бірнеше ойыншығымды бірақ сатып алады. Бір айда 70 мың теңге таптым. Табысымның жартысына Барахолка базарына барып тағы да арзан ойыншықтар сатып алдым. Сөйтіп саудамды жақсы дамытып келемін. Қыркүйекте мектепке киетін киімдер аламын. Өзіме ұнайтын заттарды анам мен әкемді қинамай-ақ өзім сатып аламын”, - деді ол.

Ал, Нүкістен Алматыға әпкесінің үйіне қонаққа келген 9 жастағы Ақтамберді Барлық базарында тамақ тасып табыс табады екен. Алғашында ол, Барлық базарында сән салонында істейтін әпкесінің бір жастағы нәрестесін қарап беру үшін көмектесіп жүрген.  Әпкесі жұмыс істеп отырған кезде ол, кішкентай бауырының бөтелкедегі  сүтін беріп, оны ары бері жылатпай көтеріп жүргені үшін әпкесі оған күніне 2000 теңге ақша төлеген. Баланы жақсы бағатынын, жауапкершілігі жоғары бала екенін аңғарған кафе басшылары Ақтамбердіні жұмысқа шақырыпты. Яғни Ақтамберді Барлық базарында жұмыс істейтін салонның қызметкерлеріне, саудагерлерге, шаштараздарға түскі тамағын апарып береді. “Барып кел, шауып кел” деген жұмысы үшін Ақтамберді күніне 3 немесе 4 мың теңге табыс табады екен.

Ақтамберді: “Мен әр қимылым үшін ақша аламын. Бала бақсам да маған туыстарым ақша береді. Қазіргі заманда бұл пайда табудың ең керемет әдісі. Менің пысық, әрі жауапкершілігі жоғары бала екенімді көрген базардағы кафе басшылары мені өздері жұмысқа шақырды. Мен олардың дайындаған түскі тамақтарын сол жердегі тапсырыс берушілерге жеткіземін. Жүгіріп жүріп, бір екі сағатта 3 кейде 4 мың теңгедей табыс табамын. Сол ақшаны жинап, өзіме бір велосипед алып алайын деп ойлап жүрмін”, - деді балақай.

Ал, небәрі 10 жастағы Жәнел болса, Барлық базарында қауын сатады. Оның апасы мен ағасы қауын-қарбызды базардың ішінде сатса, ал Жәнел сол өтпей жатқан сары қауындарды сөмкеге салып алып, бес дана қауынды өткен-кеткен адамдарға мың теңгеден саудалайды. Әсіресе ол базардың сырт жағында жүріп сатады. Көше бойында ерсілі-қарсылы жүрген адамдар Жәнелдің қауынын арзан деп бағалап, сатып ала береді. Дегенмен, кішкентай бойжеткен күніне қанша пайда табатынын айтпады. Бір жағынан ұялады, бір жағынан сақтанады.

Жәнел: “Мен қанша пайда табатынымды айта алмаймын. Ақшаны алған бетте, апама, ағама беремін. Сосын олар маған қажетті ақшамды береді”, - деді кішкентай кәсіпкер.

Ал Абылай мен Әл-Фарабидің жастары небәрі 8 де және 6 да. Екеуі бір үйдің балалары. Ағалы-інілі бауырларға әпкесі екі мың теңге ақша беріп, өздеріңе ұнаған бизнес бастаңдар деп айтқан. Екі ағайынды бауырлар ойлана келе дүкеннен 100 теңгелік балмұздақтар сатып алып, оны ауладағы балаларға 120 теңгеден сатыпты. Балалар бір – бірімен дүкенші деген ойын ойнаған кезде Абылай мен Әл-Фараби кішкентай дос балаларын аулаға жинап алып, оларға балмұздақ, чупа-чупстар сатады екен. Сөйтіп, олар әр балмұздақтан 20 теңгеден пайда тапқан.

Уазипа - Абылай мен Әл-Фарабидің апасы: “Менің Абылай мен Әл-Фараби немерем күнде ұялы телефон шұқылайды. Сосын олардың бос уақытын тиімді әрі қызықты ету үшін әрі зиянды  ұялы  телефоннан балаларды арашалау үшін балмұздақ сатуға рұхсат бердім. Он балмұздақ сатып алса, соның бесеуін өздері жеп қойды. Қалған бесеуін сатып пайда тапты. Ақшаны әпкелері береді. Сол бесеуден түскен ақшаға тағы да кәмпит алып сатты. Сөйтіп ауладағы балалар біздің ауламызға жиналып, бір бірімен сауда саттық бизнесмендердің ойынын ойнайды. Заттардың барлығын шынайы тиын-тебенге сатып алып жатады. Және ақша санауды немерелерім жақсы меңгеріп жатыр. Екеуінен болашақта жақсы бизнесмен шығатын сияқты. Маған қазіргі балалардың ұялы телефоннан күні бойы ойын ойнайтыны ұнамайды. Психологиялары бұзылады екен. Оған қарағанда сауда - саттыққа бейімдеп өсіру ертең жақсы адам болып қалыптасуына ықпал етеді”, - дейді зейнеткер.

Дегенмен біздің елде балаларды жұмысқа жегуге заңмен тиым салынған. Сол үшін көптеген бала, әсіресе мектеп оқушылары үш ай жаз мезгілін ұялы телефон шұқылаумен өткізеді. Бірі лагерлерге барып демалса, енді бірі ауылда сайран салады. Ал АҚШ сияқты дамыған елдерде ұстаздар мектеп оқушыларына күнде сабақ оқыта бергеннен гөрі құлпынай, таңқурай өсіріп жатқан фермаларға апарып, ол жердегі фермерлермен сөйлестіріп, өсіру технологияларымен таныстырып, бизнес туралы ақпарат алуға көмектеседі. Және сол балалар әлгі фермалардан өздеріне қажет жеміс-жидек теріп алып, мамалары қалталарына салып берген 10-20 долларларына әлгі фермерлерден жидектер сатып алады. Осылайша басқа елдер жас өскелең ұрпақты бизнеске баулудың нақты әдісін тапқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу