Баласын ақылы балабақшаға беретін ата-аналарға жүздеген мың теңгеден беріледі

524

Бұл қаржыдан жұмыс істейтін студенттер де үміттене алады.

Баласын ақылы балабақшаға беретін ата-аналарға жүздеген мың теңгеден беріледі Фото: canva.com

Қазақстанда биылдан бастап білім беруге қатысты салықтық шегерім алуға болады. Осы арқылы жұмыс істейтін азаматтар жылына бюджетке салық түрінде төлеп келген жарты миллион теңгесін үнемдей алады.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық шегерімдерді қолдану тәртібін реттейтін нормалар күшіне енді. Бұл түзетулер Салық кодексіне 2017 жылы енгізілген болатын. Алайда "Учет.kz" мамандарының түсіндіруінше, олардың қолданылуы уақытша тоқтатылып, кейінге ысырылды.

Өмірге енді ғана жолдама алып отырған нормалардың арасында "Оқытуға арналған салықтық шегерім" бар.

Бұл жаңа шегерім "өмір бойы оқу" прогрессивті қағидатын ұстанатын, бір кәсіппен шектелмей, бір орнында тұрып қалмай, тыңнан білім алып, жаңа мамандық игеретін қазақстандықтарға шығынын азайту мүмкіндігін ұсынады.

Олар өзінің оқу ақысының шығыстары есебінен салық салынатын табыс сомасын төмендете алады. Сондай-ақ, осы тетікті 21 жасқа толмаған, өзімен бірге тұратын баласын ақылы балабақшаға беретін немесе колледжде, жоғарғы оқу орнында ақылы оқытатын ата-аналар да пайдалана алады.

Оқуға арналған салықтық шегерім нені қамтиды?

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексінің (қысқаша: Салық кодексінің) 349-бабына сәйкес, оқытуға арналған салықтық шегерім білім берудің мына деңгейлері үшін қолданылады:

  • балабақшаларда және басқа мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
  • Қазақстандағы колледждерде, техникумдарда, өзге білім беру ұйымдарында осындай қызмет түрлерін жүргізу құқығына арналған тиісті лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын техникалық және кәсіптік білім беру;
  • Қазақстан территориясындағы университеттерде, академияларда, басқа да білім беру ұйымдарында осындай қызмет түрлерін жүргізу құқығына арналған тиісті лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру;
  • Салық кодекстің 291-бабының 1-тармағында айқындалған ("дербес білім беру ұйымдарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін құрылған, жоғары басқару органы Жоғары қамқоршылық кеңес болып табылатын коммерциялық емес ұйымда") дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру.

Бұл игілікті ата-аналар тек балаларын ақылы мектептерде оқытқаны үшін ғана пайдалана алмайды. Өйткені Қазақстан өзінде жас ұрпаққа орта білім беруді тегін деп жариялады, тиісінше, орта білім беру салықтық шегерімге жатпайды.

Оқытуға арналған салықтық шегерімді біріншіден, Қазақстанның азаматы, резидент-жеке тұлғасы өз пайдасына жұмсалған оқытуға ақы төлеуге арналған шығыстар бойынша, екіншіден, заңды өкілдердің бірі асырауындағы 21 жасқа толмаған Қазақстан азаматын оқытуға ақы төлеуге жұмсалған шығыстары бойынша қолдана алады.

Заң бойынша егер 21 жасқа толмаған студент жұмыс істесе және оқытуға арналған салықтық шегерімнің қызығын өзі көрсе, онда оның ата-анасы немесе заңды өкіл бұл шегерімді пайдалана алмайды.

Оқытуға арналған салықтық шегерімнің ең жоғарғы шегі бір жыл ішінде айлық есептік көрсеткіштің 118 еселенген мөлшерінен аспайды. 2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең.

Ендеше оқыту бойынша шегерімнің максималды сомасы биыл 463 976 теңге болады.

Оны алу үшін келесі құжаттар талап етіледі және растайтын құжаттар болып табылады:

  • Оқыту немесе білім беру қызметтерін көрсетуге арналған шарт (Договор на оказание образовательных услуг);
  • Түбіртек-квитанция, чек, төлем тапсырмасы сияқты көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу фактісін растайтын құжат (документы, подтверждающие факт оплаты).

Салық кодексінің 242-бабына сәйкес, егер салық агенті, яғни, бухгалтериясы оқыту бойынша шегерімді есепке алмаса, азаматтар оны өз бетінше, дербес қолдана алады.

Бұл үшін 270.00 формасында мемкірістер органына Кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырып, онда барлық табыстар, түзетулер сыртында салықтық шегерімді көрсетуі қажет.

Сондай-ақ растайтын құжаттар, атап айтқанда, "Жеке тұлғамен есеп айырысулар туралы анықтама" (оны салық агентігінің беру тәртібі Салық кодексінің 359-бабында көзделген), оқу орнымен арадағы шарт, оқу үшін ақы төлегені туралы құжат талап етіледі.

Ұқсас тәртіппен оқыту шегерімін жеке кәсіпкер (ИП) де, сондай-ақ еңбек келісімшарты негізінде бекітілген жалақы алатын компания жұмыскерлері де пайдалана алады.

Осылайша, жеке тұлға салықтық шегерім бойынша теріс қалдықты мемлекеттік бюджеттен өтеуді талап етуге құқылы. Салық кодексінің 113-бабына сәйкес, жеке тұлғаның жеке табыс салығы (ИПН) бойынша асып кету сомасын қайтару Кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Яғни, 2025 жылға арналған декларация тек 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсырылатындықтан (биыл былтырғы жылға тапсырылады), онда қайтару тек екі жылдан кейін, 2027 жылы ғана жүзеге асырылады.

Бухгалтер Айгүл Асауова оқыту шегерімі азаматтарды білім алып, мамандық игеруге ынталандырады деп есептейді.

"Біздің ЖШС шетелдік контрактқа қол жеткізді. Бірақ оны орындауы және шетелдік жеткізушімен жұмыс істеуі үшін қызметкерлеріміздің техникалық ағылшын тілін білуі талап етілді. Сондықтан компания ұжым мамандарын техникалық ағылшын тіліне үйрету туралы басқа ұйыммен келісімшарт бекітті. Олардың оқу ақысын "оқытуға арналған салықтық шегерімге" жатқызамыз. Еңбек кодексіне сәйкес, ұйымның жұмыс істеуі мен дамуы үшін кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың, кәсіптік біліктілігін арттырудың және танудың қажеттілігі мен көлемін жұмыс беруші айқындайды. Компания сондай қажеттілік туындады деп санайды", – деді есепші.

Техникалық ағылшын тілін жетік меңгеріп, өзін білікті маман ретінде көрсете алған қызметкерлер еш ұтылмайды, тіпті кейін әлемнің өзге елдерінен жұмыс таба алады. Демек, бұл шегерімді пайдаланып, оқудан өтуді азаматтар өзіне және болашағына салынған инвестиция ретінде қарастыруына болады.

Сарапшының түсіндіруінше, егер ұйым өз қызметкерлерін оқытуға өзі шығын шығарса, ол шығыстарын корпоративті табыс салығын есептеу кезінде шегерте алады.

Дегенмен, "Учет.kz" сарапшылары бұл шегерімге берілетін 464 мың теңгені аз санайды. Мысалы, жоғарғы оқу орнында ақылы оқу құны орта есеппен 1,5 миллион теңгедей тұрады.

"Қазіргі Салық кодексіндегі салықтық шегерімдердің шек-лимиті мысалы, университеттегі оқытудың шынайы шығындарына мүлдем сәйкес келмейді. Бұл сомалар салық заңнамасына осыдан 8 жылдай бұрын, 2017 жылы енгізілген болады, содан кейін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін уақытша тоқтатылды. Сондықтан оқыту шегерімдерін, сондай-ақ өзге категориялар бойынша лимиттерді өсу жағына қарай қайта қараған маңызды. Өйткені салықтық жеңілдіктер азаматтарға білім алуды, медицинаны шын мәнінде қолжетімді етуге тиіс. Ол ипотеканы төлеуде пәрменді көмектесуі, тұтастай алғанда, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға септесуі қажет", – деді "Учет.kz" сарапшылары.

Бізге үлгі озық дамыған елдерде салықтық шегерімдер азаматтарға оқу ақысын, медициналық емдеу құнын, басқасын толық өтеуге жететін көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу