Балқаштағы АЭС: Бір жауап он сұрақ туғызады

1977

Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі кейінгі күндері тағы да қызу талқыланған тақырыптың біріне айналды. Оған жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "біз атом стансасы салынатын орынды белгіледік" деген сөзі ықпал етті. 

Балқаштағы АЭС: Бір жауап он сұрақ туғызады

Осы сөзден кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом стансасы Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында салынатынын мәлім еткен. Бұл жаңалықты экологтар қалай қабылдады? Атом саласының маманы Мұхтар Жәкішев не дейді? Inbusiness.kz тілшісі осы мәселеге шолу жасап көрді.

АЭС Балқаш көліне қауіпті емес пе?

Алдымен депутат Елдос Абақановты сөзге тартып көргенбіз. Мәжілісте экологиялық мәселелерді жиі көтеретін депутат атом электр стансасының құрылысы қоғамда әрине, көп талқыланып жатқанын айтады. 

"Энергия тапшылығы жөнінде бұған дейін президент айтты. Экологиялық жағынан өкінішке қарай, 1986 жылы Украинада, кейін Жапониядағы Фукусима жағдайының барлығы халықты уайымдатады. Әрине, бұл мәселені жан-жақты талқылау керек. Бірақ бұл жоба іске асырылған күннің өзінде де бірнеше факторға ерекше көңіл бөлу керек. Біріншіден, қандай технологиялар қолданылады. Екіншіден, жаңа экологиялық кодекс былтыр қабылданды. Осы кодекс аясында технологияның қоршаған ортаға әсері күшейтілген. Осы процестерді іске асырғанда 2021 жылы АОС-қа қатысты көптеген жаңашылдықтар енгізілді. Яғни баяғыдай жоба жасап, сол жоба аясынжа экологиялық бөлікті анықтап, іске асыру жеңіл болатын. Қазір ол күшейтілді. Бірнеше қоғамдық талқылау болады. Содан кейін ғана бүкіл әсер зерттелген соң ғана нақты жобаны іске асырады", – деп сендіреді депутат.

"АЭС-тың салынуы Балқаш көліне қауіпті емес пе? Өйткені Балқашқа келіп құятын Іле өзенінің өзін Қытай тарапы бөгеп отырғаны бар ғой?" Осы сұрақты қойғанымызда депутат былай жауап берді.

"Экологтар көп су керектігін айтып жатыр. Мәселені жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жалпы егер саяси шешім қабылданса, бұл жобаны іске асқан күннің өзінде қаншалықты іске асыра аламыз деген де әңгіме айтылады. Бір мезетте іске аспайтын, кемінде 10 жылда іске асатын жоба. Мүмкін жобаны іске асырарда суды аз талап ететін технологияларды қарауымыз керек шығар. Өйткені жалпы әлемде тек атом электр саласы емес, жалпы технологиялар дамып келе жатыр. Сол себепті бүкіл технологияны әр жақтан қарастырып, жергілікті халықпен, сарапшылар қауымдастығымен толыққанды келіскеннен кейін ғана осы жоба іске асады деп ойлаймын", – деп қана пікір білдірді Абақанов.

Энергетика министрлігі үш мәселені назар алуы керек

Inbusiness.kz тілшісі сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасы Зұлфұхар Жолдасовтың пікір біліп көрді. "Жалпы Экология министрлігінің позициясы қандай?" деп сұрақ қойғанымызда ведомствоның Энергетика министрлігіне қойып отырған өз талабы бар екенін білдік.

"Біріншіден, керек пе, керек емес пе деген жағдайды қарастырған кезде келешекте Қазақстан бетпе-бет келетін энергия жетіспеушілігі мәселесін назарға алу керек. Әлбетте, ол Экология министрлігінің мәселесі емес. Бірақ бір мәселені атап өту керек. Бүгінгі таңда атом энергиясы жасыл экономика тізіміне енгізілген. Біз өйткені қазіргі уақытта энергияның 74 пайызын көмір арқылы алып отырмыз. Яғни ластанып жатқан ауаның 40 пайызы – жылына 900 мың тонна қалдық осы көмір стансаларына шығады. Миллиондап қалдықтар қалады. Сол жағынан салыстырған кезде әрине, атом электр стансасы экология жағынан тиімді", – дейді ол.

Комитет басшысы Энергетика министрлігі үш мәселені назар алуы керек деп есептейді. 

"Біріншіден, көпшілікпен тыңдау өткізіп, қоғаммен келісім болуы тиіс. Екіншіден, атом электр стансасы бүкіл экологиялық талаптарға сай болуы керек. Оның ішінде су мәселесі, су тиімділігі. Өткенде сарапшылардың кейбірі АЭС салатын жаңа технологиялар суды көп қажетсінбейтінін айтып жатыр. Суға технологияның әсері, сондағы балықтардың, жан-жануарлардың тіршілігіне, қоршаған ортаға, шөпке әсері саралануы қажет. Қандай радиациялық ықпалы болады? Сол талаптардың бәрін сақтаған кезде мүмкіндік болады деп ойлаймын. Үшіншіден, өте қауіпті жағдай – салынған кездегі қауіптерді ескеру", – деп сөзін жалғастырады Зұлфұхар Жолдасов.

"Яғни сіздер Энергетика министрлігі АЭС салатын технологияны таңдаған кезде суды көп қажетсінбейтін технологияны таңдау керек деп ұсыныс енгізіп отырсыздар ма?" деп сұрағанымызда комитет басшысы "әрине" деп жауап берді.

"Балқаш көлінің 70 пайызын толтырып отырған Іледен келетін судың өзі азайып бара жатыр", – деп ескертеді ол.

"Егер ол ұсыныстарыңыз есепке алынбаса, АЭС технологиясына көп су керек болса, бұл жағдай Балқаш көлінің экологиясына кері әсер ете ме?" дегенге Жолдасов осығн байланысты зерттеуді жіті жүргізу керек деп есептейтінін айтты. "Жалпы сіздер АЭС технологияларын зерттеп жатырсыздар ма? Экологиялық тұрғыда ең тиімдісі қандай?" деп сұрағанымызда жобаны басқа министрлік жасайтынын айтып өтті.

"Бірнеше технология ұсынады. Оның ішінде әрине, технология таңдағанда жердің, жер асты суын, бүкіл сейсмология бәрі зерттеледі. Сол зерттеудің қорытындысы шығады. Сараптамада қараймыз. Қазір Энергетика министрлігі сол жобаны жасайды. Барлық үлгісін зерттейді. Біз технологияны таңдағанда тек су мәселесін ғана емес, ауаға, қоршаған ортаға, жан-жануарларға, өсімдіктерге әсері, қалдықтарды тасымалдағанда қандай әсері болады – үлкен талаптар қоямыз. Сол талаптарға сай болған кезде ғана мүмкіндік бар. Халықтың келісімі, екіншіден, бүкіл экологиялық талаптарға сай болуы керек. Сонда ғана салуға болады", – деп түйді сөзін Зұлфұхар Жолдасов.

Проблема басқада

Алматыдағы жиындардың бірінде Мұхтар Жәкішевке де бұл сұрақ қойылған екен.

"Балқашқа келер болсақ, мен ол жерге қандай атом стансасын салуға болатынын да елестете алмай тұрмын. Нарықтағы су реакторларының қуаттылығы 1200 МгВт. Біз оны қайда саламыз? Ары кеткенде 800 МгВт салуға болады. Француз технологиясымен салынатын реакторлардың да қуаттылығы 1300-1400 МгВт болады. Оны қайда қоюға болады? Ол жерге қоя алмайсың. 1200 МгВт реакторларды қоюын қойып алып, қажетті 800 МгВт қуат үшін ғана жұмыс істейміз бе? Онда тариф өсіп кетуі мүмкін. Қаншама ақша салып алып, толық қуатта жұмыс істемесе, сіздің елдегі атом стансасы басқа елдердегі стансаларға ғана тиімсіз болып шығады. Сол себепті мен дәл қазір Балқашқа не қоюға болатынын да білмеймін. Проблема осында", – деп бір мәселенің шетін шығарады Мұхтар Жәкішев.

Осылайша, АЭС-тың қайда салынатыны белгілі болғанымен, қалай, кім, қай технологиямен салынатыны жайлы сұрақ тіпті көбейіп кетті. Әзірге Қазақстан тарапы атом электр стансасын қай елдің технологиясымен салынатыны әзірге белгісіз.

"Қазақстан атом электр стансалары" компаниясының басшысы Тимур Жантикин технологияны келесі жылы айқындауға уәде беріп отыр.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу