Екінші деңгейлі банктер үшін рұқсат етілген банктердің активтерін бағалаудың қазіргі жүйесі мен қаржы жұмсау бағыты ақылға қонымды әрі қазіргі бар қаржы нарығының дамуы деңгейіне сәйкес келеді. Бұл жүйені өзгертуге қатысты кез келген ұсыныс тек тәуекел немесе экономиканың қандай да бір басқа секторына қаржы салмау тәуекелі тұрғысынан зерттеуді қажет етіп қоймайды, ол ең бірінші қаржылық институттың тәуекелін зерттеуді қажет етеді. Ұлттық банк ең бірінші тұтынушылар құқығын қорғауды мақсат етеді. Банктердің активтеріне қатысты кеңейту саясаты қолданылғанында банктердің тәуекел дәрежесі жоғарылап, активтерді қайтара алмай қалатындай жағдай орын алатын болса, онда банктермен қатар реттеушіге де жауапкершілік жүктеледі.
Осы жылы қарашада болған VII қаржыгерлер конгресінде банкирлер сөз еткен екінші деңгейлі банктер үшін инвестициялық ауқымын кеңейту мүмкіндігіне қатысты abctv.kz-тың Алматыда өткен баспасөз конференциясында қойған сауалына Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев нақ осылай жауап берді.
"Бұл мәселе балансты қажет етеді және "банктерден тағы басқа жаққа қаржы салу мүмкіндігін бер" дегеннен гөрі оны жан-жақты қарау қажет. Банктерде экономикаға несие беру, сондай-ақ Ұлттық банктің ноталарын сатып алу мүмкіндігінен басқа да мүмкіндігі бар. Банктерге өз қоржындары үшін белгілі бір рейтингі бар тәуекелі төмен құнды қағаздарды сатып алуға рұқсат берілген. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Егер деңгейді төмендетіп, банктерге капиталды рейтингі төмен, тәуекелді құралдарға салу мүмкіндігін беру жайлы сөз ететін болсақ, онда бұл жалпы сектордың тәуекелі тұрғысынан баға беруді қажет етеді", – деп нақтылады елдің бас банкирі.
Еске сала кетсек, қаржыгерлер конгресінде сөз сөйлеген Халық банкі басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова банктер үшін қолжетімді қаржылық құралдардың аздығын тілге тиек еткен болатын. Ол банк жүйесін дамыту қажет, соның ішінде валюта нарығын, оның ішінде ең бастысы бүгінгі күні банктер үшін валюталық сақтандыру құралдарын дамыту керектігін атап кетті.
Сондай-ақ Данияр Ақышев бірнеше жыл бұрын реттеуші облигациялардың KASE-де листингі үшін ұлттық рейтингтің міндетті еместігін айтып алып тастағаннан кейін жұмыссыз қалған ұлттық рейтингтік агенттіктер жайын да сөз етті.
Ұлттық банк басшысының пікірінше, бұл мәселеге қол жеткізетін нәтиже тұрғысынан қараған жөн.
"Ұлттық рейтингтік агенттік не үшін қажет? Егер олар төмен шкаланы жасап және экономиканың нақты секторындағы тәуекелді шын мәнісіндегіден қолайлы етіп көрсететін болса, онда мұндай ұлттық рейтингтік агенттіктер қажет емес. Егер нарық экономиканың нақты секторын бағалау деңгейін көрсететін агенттіктерді қажет ететін болса, онда ол үшін біліктілік, мамандар және әдіснама қажет. Онда мұндай агенттіктердің қызмет көрсету деңгейі шетелдің рейтингтік агенттіктерімен бірдей болады", – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.
Ол шетелдің рейтингтік агенттіктері түптеп келгенде нақты бағалау міндетін орындауға шамасы жетіп отырғанын айтты. Олардың қызмет көрсетуін арзандату мәселесі мынада, яғни агенттіктердің әрқайсысы бағалауды халықаралыққа қарағанда арзан ұлттық шкалада ұсынады. Данияр Ақышев ұлттық рейтингтік агенттіктер мәселесі негізінен маңызды екенін, бірақ та оны осы жерде қазір талқылайтындай қажеттілік туындап отырмағанын айтып өтті. Мәселені жан-жақты қараған дұрыс.
Сонымен қатар Данияр Ақышев қаржы секторындағы жағдайға тоқталып кетті.
"Инфляциялық процестер біздің болжамдарымызға сәйкес қалыптасады, жинақталған инфляция, яғни қаңтардан бастап қазан айына дейінгі инфляция 5,4% болған,бұл былтырғы жылғы он айда бағаның өзгеруі 6,2% болған инфляция деңгейінен төмен. Нәтижесінде жылдың инфляция 7,7%-ға өскен. 2017 жылы инфляцияның мақсатты шегі 6-8% шамасында болады, ал келесі жылы оның мақсатты ауқымы 5-7% болады деп болжап отырмыз", – деп еліміздің бас банкирі журналистерді сендірген болды.
Ұлттық банктің алтын валюталық қоры 10 ай ішінде 7,8%-ға өсіп, 31,8 млрд долларға дейін жеткен. Қазан айының соңында еліміздің халықаралық қоры шетелдік валютадағы (56,2 млрд доллар) ұлттық қор активтерін қоса алғанда 88,1 млрд доллар болған. Қазан айында Ұлттық банктегі үкіметтің шотына түскен валюта және банктердің корреспонденттік шоттарында шетелдік валютада қалғандарын арттыру – ұлттық қордың активтерін толықтыру, үкіметтің сыртқы қарызын өтеу, ішкі валюта нарығындағы интервенция және банктермен валюталық-пайыздық айырбас операцияларының аяқталуымен жойылып кетті.
Сондай-ақ ақша нарығындағы жағдай қолайлы болып қалып отыр. Ұлттық банк үшін ақша нарығындағы мөлшерлеме бойынша негізгі бағдар болып табылатын TONIA көрсеткіші қазан-қараша айында дәліздің төменгі шегіне жуық мәнді сақтап қалған. Көрсеткіштің орташа сараланған мәні 9,26% (қыркүйекте– 9,24%) болған.
Ақша нарығында теңге өтімділігінің артылуы сақталып отыр. Ұлттық банкте өтелмей тұрған өтімділікті орналастыру операциялары нарық қатысушылары үшін 50%-ға төмендегеніне қарамастан, операциялар банктерде сұранысқа ие . Бір жағынан алып қарасақ, бұл ақша нарығының дамуына мүмкіндік береді, бірақ та оның басқа да тұстары бар, яғни басқа құралдардың басымдығы, соның ішінде несие нарығындағы басымдық төмен екенін көрсетеді.
Өтімділікті басқарудың негізгі инструменті Ұлттық банктің қысқамерзімді ноталары болып қала бермек. Қазан айының соңында айналымдағы нота көлемі 2,8 трлн теңге болып бір ай ішінде 3,7%-ға жақсарған. Ноталар бойынша табыс құралдың шұғылдығына қарай 8,72%-дан 9,33%-ға дейінгі арада қалыптасады.
Ұлттық банктің ноталары мен қаржы министрлігінің құнды қағаздары табыстылықтың ауытқымалығы корпоративтік теңгемен қарыз алушылар үшін табыстылықтың бенчмаркін қалыптастырады. Қазір табыстылық ауытқымалығының қысқамерзімді және орташамерзімді секторында пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі байқалады.
Ақша нарығының қазіргі мөлшерлемесі банктердің экономикаға несие беруін арттырмай отыр. 13,9 трлн теңге сомасындағы қарыз қоржыны (негізгі қарыз) банк активтері құрылымында 51,9% болып, жыл басынан бері 10,4%-ға азайған. Яғни 33,4%-ға, 4,3 трлн теңгеге дейін азайған, сонымен қатар заңды тұлғаларға берілетін қарыз да қысқарған. Шағын және орта бизнес қарызы (5,1 трлн теңге) 2,7%-ға ғана шамалы өскен. Халыққа несие беру процесі қарқынды жүріп 10,6%-ға өсіп, 4,1 трлн теңгеге жеткен. Тұтынушылық қарыздар (2,8 трлн теңге) 2017 жылдың басынан бері 13,7%-ға артқан. Банкирлер қаржыгерлер конгресінде қарыз алушылар қарызға белшесінен батып отыр, ал бұл банктердің экономиканың өсуіне салған салымында көрініс тауып отыр деп тоқталып кетті.
Банктерде өтімділікті басқару үшін қаржылық құралдар санының жеткілікті болмауы валюта секторына түсетін қысымды күшейтеді. Өйткені ноталардан басқа теңге/доллар жұбымен жасалатын операциялар валюталық ойыншыларға шамалы болса да несие беруді шектейді.
Данияр Ақышевтің айтуынша, валюта нарығындағы жағдай қараша айының соңында тұрақталған. Тамыз айынан қазан айының ортасына дейін байқалған теңге/доллар жұбының айырбас бағамының құбылуы шамалы болса да азайған. Қазан айында теңгенің долларға қатысты бағамы 1,9%-ға нығайған, ал 21 қараша күні тағы 1,3%-ға нығайды.
Ұлттық банк қазан айының басында валюталық интервенция жасаған болатын. Қалған уақытта орталық банк теңге/доллар жұбының баға белгілеуіне араласқан жоқ. Сауданың жалпы көлеміндегі интервенция үлесі 11% болды немесе 379,8 млн доллар болған.
Теңге/доллар валюталық жұбы бойынша жасалған операциялардың жалпы көлемі қазан айында 14,5 млрд доллар болған. Осы уақыт ішінде Қазақстан қор биржасындағы (3,6 млрд доллар, өсу 6%) биржалық саудалардың көлемі өскен болса, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 6,3%-ға, 10,9 млрд долларға дейін түскен.
Данияр Ақышев биржадан тыс валюта нарығындағы валюта саудасы көлемінің үлкен болу себебін түсіндірді. Оның сөзінше, сауда көлемінің шамамен 82%-ы еншілес банктің валюталық тәуекелден өз капиталын сақтандыру үшін шетелде орналасқан бас шетелдік банкпен жасаған оперцияға тиесілі.
"Жеке банктің ішкі келісімі болса да, келісім биржадан тыс операциялар статистикасында есептелуге міндетті", – деп реттеуші басшысы әдістемедегі сәйкес келмеуді мойындады.
Сонымен қатар осы операциядан кейін биржадан тыс жасалған келісімдер көлемі шамалы болғандықтан айырбас бағамына әсер етепейді. Өйткен олар биржалық сессияда қалыптасқан бағам бойынша өтеді.
"Сондықтан операциялардың үлкен көлемі биржадан тыс саудада жасалады деген ешқандай астыртын теория жоқ деп ойлаймын", – деді Данияр Ақышев.
Кез келген жағдайда теңге/доллар бағамының еркін баға белгілеуі мен инфляциялық шектеуді жариялағанда сақтандыру құралдары мәселесін қалай болса да тезірек шешу қажет. Өйткені алғашқы диллердің биржалық бағамды құбылтатын әдеті бар.
Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева