"Инновациялық технологиялар паркі" (ИТП) дербес кластерлік қорының басқарушы комитетінің құрамы мен ережесін бекіту туралы" премьер-министрдің 2015 жылғы 23 сәуірдегі №33-р өкіміне өзгерістер енгізетін үкімет қаулысының жобасы жарияланды. Құжатқа сәйкес, парктің басқарушы комитетінің құрамы өзгеріске түседі және толықтырылады. Енді оның құрамына ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев кіреді және төрағаның орынбасарына сол ұсынылады. Бұл жерде үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған парктің жоғарғы басқарушы органының төрағасы болып табылатынын айта кеткен жөн. Сонымен бірге бұған дейін инвестициялар және даму министрі – төрағаның орынбасары болып келді.
Бұдан бөлек, вице-премьер Асқар Жұмағалиевтің тапсырмасы бойынша парктің басқарушы комитетінің құрамына қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов қосылатын болады. Сондай-ақ басқаруға "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, "Қазақстан-Британ техникалық университетінің" ректоры Кенжебек Ибрашев, "Өндірістік автоматтандырудың ұлттық платформасы" қауымдастығының төрағасы Дмитрий Верховод, "Қазтелепорт" акционерлік қоғамының бас директоры Асқар Құсайынов шақырылып отыр.
Осының алдында, былтырғы 6 желтоқсанда өткен жалпыұлттық телекөпір барысында мемлекет басшысы қажет болса, инновациялық технологиялар паркін жауып тастау керектігін айтқан еді. Елбасы ИТП мен "Назарбаев университет" (NU) екеуі қазақстандық "Силикон алқабына" айналуға тиіс болғанын нықтады. Президент NU зертханаларында жасанды интеллект, аграрлық кешен, медицина және басқа да салаларда көптеген инновациялық жобалармен танысқанын жеткізді.
"Инновациялық технологиялар паркіне әлі жеткен жоқпын. Біз оны көп жылдан бері жасаудамыз, орасан зор қаражат шығындадық. Әзірге олардың не істеп жатқаны белгісіз, көзге түспейді. Үкіметте олардың немен айналысып жүргенін білетін біреу бар ма? Өте ауқымды жер берілді, жеңілдіктер ұсынылды, қаржы салудамыз, инфрақұрылым құрудамыз. Алматы әкімі мен үкімет парктің немен шұғылданатынын егжей-тегжейлі анықтаулары қажет. ИТП-ны жауып тастаймыз ба, әлде дамытамыз ба, айқындалуымыз керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Негізі, ИТП президент жарлығымен "Алатау" ақпараттық технологиялар паркі ретінде 2003 жылы құрылған болатын. Кейін оның "ақпараттық" құрамдауышы түсіп қалды да, оның орнын "инновациялық" сөзі алмастырды. Соңғы жылдары үкімет оны шетелде "Almaty Tech Garden" деген брендпен ілгерілетуге тырысты.
Бұл ретте парк аумағына келген компанияларға кеңсе, өндірістік орынжай, жер телімдері берілетіні мәлімделді. Сондай-ақ тәулігіне 8300 текше метр көлемінде сумен жабдықтау, сағатына 8000 текше метрлік газбен жабдықтау, 50,9 мегаваттық электрмен жабдықтау, жылдамдығы 1 гигабайт/секундтық интернет ұсынылатыны мәлімделді.
Парк қатысушылары Қазақстанның өзге аумағындағы барлық компанияларға қарағанда, керемет салықтық жеңілдіктерге ие. Салыстыру үшін айталық, елімізде кәсіпорындар жер салығын, 1,5 %-дық мүлік салығын, 20%-дық корпоративтік табыс салығын, 11%-дық әлеуметтік салықты, 12%-дық қосылған құн салығын төлейді. Ал ИТП аясында компаниялар осылардың барлығынан босатылған. Бірақ одан не шықты?
Ел үкіметі ақыры бұл технопаркті жабу-жаппау мәселесінде айқындалған сыңайлы. Қолда бар дерек бойынша, бұл технопарк атқарып келген ұлы миссия-міндет енді Астанадағы "ЭКСПО-2017" көрме кешені орнында құрылатын Astana Hub стартаптар технопаркіне жүктелетін көрінеді. Ал "Алатау" технопаркі алматылық иннобаққа айналуға тиіс.
Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев осыған орай бұрынғы және жаңа технопарктерге қатысты жоспарлар қайта қаралып, форматтары өзгеріске түсетінін айтады.
"Бүгінде үкіметте бірқатар шешімдер дайындалуда. Олар ИТП-ны дамытуға жұмсалатын барлық күш-жігерлердің бұдан былай Astana Hub технопаркіне бағытталуын қарастырады. Бірақ біз күні бүгінге дейін алматылық парк қалыптастырған жүйені сақтауға тиіспіз. Яғни, онда тіркеліп, жұмыс жасап жатқан компаниялар қызметін ары қарай жалғастырулары қажет. Бұл компаниялар ақпараттық технологиялар саласын өркендетуге өзіндік үлес қоса алатындарын іс жүзінде дәлелдеді. Әу баста идея жақсы болатын, жасалғаны да аз емес. Алайда ол жеткіліксіз", – дейді вице-министр.
Ендеше бұл жерде әңгіме Алатау бөктеріндегі технобақтың тек барын ғана ары қарай төкпей-шашпай сақтап, ал негізгі ресурстарды елордадағы жаңа технохабты гүлдентуге бағдарлау туралы болып отырғандай.
Қайрат Балықбаев ИТП мен Astana Hub арасындағы тұғырлы айырмашылықтың неде екенін де түсіндіре кетті: астаналық инновациялық хаб "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында орналасады және соның аясында жұмыс жасайды. Ал бұл аумақта ағылшын құқығы жүретіні белгілі. Ескерте кетсек, көрме кешенінен өзге Қазақстан аумағында соттар төменгі инстанциядан бастап, Жоғарғы сотқа дейін "континенталдық құқықты" қолданады. Тиісінше, Astana Hub-қа келетін шетелдік инвесторлар мен инновациялық кәсіпорындар дау туа қалғанда қазақстандық соттардың табалдырығын тоздырмай, бірден АХҚО-дағы британдық үлгідегі арбитражға жүгіне алады. Бүкіл әлемде бизнес пен инвесторлар континенталдықтан гөрі, ағылшын құқығын қолай көретінін ескерсек, бұл бас қаламыздағы технопаркке келер капитал мен технологиялар ағынын артыратын факторға айналады деген үміт бар.
"Елімізде инновациялар мен стартаптарды дамыту ісін бір құрылым қолына беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Инновациялық технологиялар паркі орналасқан арнайы экономикалық аймақ Алматы әкімдігінің меншігіндегі аумақ болып табылады және солай қала береді", – дейді ақпарат және коммуникациялар вице-министрі.
Өз кезегінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек елбасының 4-ші техноревоюцияға арналған биылғы жолдауын іске асыру аясында "50 жоба – Алматыны дамытушы драйверлер" бастамасының өмірге жолдама алғанын жариялады. Бұл елу драйверлік, ескіше айтқанда, "локомотивтік" жобаның ең маңыздыларының бірі ретінде "Алатау" инновациялық технопаркі аталды.
Қала әкімдігінің дерегінше, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алда ИТП қаланың иелігіне тапсырылады да, оның атауы "Алматы" арнайы экономикалық аймағы болып өзгереді. Сонымен қатар ондағы басымдықты салалар тізімі кеңейтіліп, оған фармацевтика, қорғаныс өнеркәсібі, машинажасау секторлары қосылады. Бәлкім, технопарктің басқарушы комитетінің құрамына қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қосу қажеттілігі де осыдан туындаса керек.
Қалай болғанда, ИТП-ның қызметіне парламентшілердің де көңілі толмай отыр. Депутат Арманжан Жамалов үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүгініп, "ИТП" арнайы экономикалық аймағы жойылғаннан кейін ұлттық технологиялық даму агенттігін ("НАТР") де жекешелендіруге шығаруды немесе оның активтерін елордада ашылып жатқан IT-стартаптардың халықаралық технопаркіне бере отырып, агенттікті мүлдем жауып тастауды ұсынды.
Депутаттардың байламынша, 2020 жылға дейінгі Қазақстанды инновациялық дамыту тұжырымдамасының қабылданғанына бес жылдай уақыт өтсе де, еліміз инновациялық өрлеуге қол жеткізе алмады.
"Орасан зор көлемде бюджеттік қаражаттар шығындалып, түзілген инновациялық инфрақұрылым өзін-өзі ақтамай отыр. Елбасы ИТП атына әділетті сын айтты. Еске сала кетсек, аталған тұжырымдамада "ИПТ" АЭА-сына кем дегенде 250-350 миллион доллар шетелдік инвестициялар тарту міндеті қойылған-тын. Қазір сол міндеттің орындалмағанына кім жаза тартады? Тек осы технопарктің инфрақұрылымына ғана бюджеттен 20 миллиард теңгеден артық қаржы шығындады. Ал ол небары 22 миллиард теңге ғана жеке инвестициялар тарта алған", – деп кейиді депутат.
Технопарктің өзі 2016 жыл қорытындысында "ИТП" АЭА-сының резиденттігін алу бойынша 127 консультация өткізілгенін, нәтижесінде 23 жаңа резидент тартылғанын хабарлайды. Бұлар "Күнделік" (Kundelik) ЖШС, "Региональные платежные системы" ЖШС, "Digital Management" ЖШС, "EPAM Kazakhstan" ЖШС, "Қазтелепорт" АҚ, сияқты компаниялар. Тартылған 23 жаңа резиденттің ортақ инвестиция көлемі 1 миллиард 236,3 миллион теңгені құрайды. Олардың қызметкерлерінің жалпы саны – 611 адам.
ИТП жаңа компанияларды тартумен бірге, АЭА-ның бұрынғы резиденттерінің сапалық құрамын көтеруге бағытталған жұмысты жоспарлы жүргізіп келгенін айтады. Мәселен, АЭА резиденті атанған, бірақ мәлімделген жобаларын жүзеге асырмаған 15 компаниямен келісімшарт бұзылған.
2016 жыл қорытындысындағы мәліметтер бойынша 164 компания "ИТП" АЭА-ның резиденті болған. Олардың басты бөлігі өз жұмысын ақпараттық технологиялар саласында атқарады. "ИТП" АЭА-ның барлық резиденттерінің ортақ жұмыс орындарының саны 3700-ден сәл асқан.
Оның аумағында KBTU Drilling Center кешенінің бірінші кезеңі және Қазақстан теңіз академиясы жоспар бойынша салынуда екен. Оған қоса, инновациялық компанияларды жұмыс орнымен және соңғы технологиялық жабдықтармен (жаңа материалдар және аддитивті технологиялар, Индустрия 4.0, Internet of things, Smart технологиялар) қамтамасыз ететін Almaty Tech Garden Lab арнайы орталығы аяқталып қалған. "ИТП" АЭА-сының екінші кезеңіндегі инфрақұрылымдарының 90%-ға дайын көрінеді.
ИТП аумағында тіркелген кәсіпорындар он жыл ішінде 95 миллиард теңгенің өнімін сатқан. Шамамен 20 миллиард теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорындар осы жылдарда бюджетке 10 миллиард теңге салық төлепті.
Осы орайда бізге дамыған елдер тұрмақ, посткеңестік Белоруссия та үлгі бола алады. Қазақстандық ИТП қағидаттары негізінде құрылған Беларусь "Жоғарғы технологиялар паркі" (ПВТ) бүгінде бағдарламалық өнімдер мен ІТ-қызметтердің жаһандық экспорттаушысына айналып үлгерді. Оның қанатының аясында 192 компания жұмыс жасауда. Валерий Цепкало басқаратын ПВТ 2017 жыл қорытындысында 1 миллиард долларға шетелге өнім экспорттаған. Сондай-ақ бір жыл ішінде 100 миллион доллардан артық тікелей шетелдік инвестиция тартыпты. Бұл көрсеткіштер бойынша қазақстандық технопарк оның шаңына да ілесе алмайды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Беларусь инновациялық дамуда жаңа қадам жасап, "Цифрлық экономиканы дамыту туралы" декрет қабылдады. Бұл құжатта ПВТ резиденттерінің құқықтары мен жеңілдіктері ары қарай кеңейтіледі. Бұл шаралар жыл сайын шамамен қосымша 100-200 миллион доллар инвестиция тартуына мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қазақстанда ел үкіметі ірі нәтиже әкеле алмағандықтан, 7 өңірлік технопарк пен конструкторлық бюроны жекешелендіруге қойып, саудаға шығаруда. Ең бастысы, елордада жаңа инновациялық хаб құрғанда еліміздің бүкіл теріс тәжірибесі ескеріліп, тиісті қорытындылар жасалуға, әлемдегі ғана емес, сондай-ақ өз аймағымыздағы озық үлгілер назар алынуға тиіс. Бұған қоса, депутаттар бас қаламызда шоғырланатын жаңа инновациялық орталықтардың қызметінің тиімділігін бағалау, жетістігін шамалау үшін нақты нысаналы көрсеткіш-индикаторлар бекітуді және оларға қол жеткізу үшін жауапкершілік жүйесін түзуді ұсынады.
Жанат Ардақ