Барак құрған әлем

Аскар Муминов Аскар Муминов
8125

"Обама әлемінің" негізгі сипаты.

Барак құрған әлем

Бүгін ел тізгінін ұстаған 8 жылда өзіндік "Обама әлемін" құрған Американың 44-президентінің билік ету мерзімі аяқталады. Осылайша бірінші орынға қару емес, технологиялар күші жылжыған тәртіпті "Обама әлемі" деп атады сарапшылар. Обаманың ел тізгінін қолға алған жылдары жай болған жоқ, "араб көктемі", Сирия мен Украинадағы қантөгісті соғыс пен қырғиқабақ соғыстың жаңа лебі еске түседі.

Барак Обаманың өзі соңғы қоштасу сөзінде негізгі жетістігі ретінде 2008 жылдың қаржы дағдарысынан өту, Америка автокөлік өнеркәсібін сақтау, жұмыс орындар санын көбейту, Куба мен Иран арасындағы қарым-қатынастың жаңа белеске шығуы, Усама бен Ладеннің көзін құрту, жағдайы төмен халықтың сапалы медициналық көмек алуына жол ашқан Obamacare медициналық реформасын атады. Өз әкімшілігі сіңірген еңбегі арасында Обама 2015 жылы Париж климаттық келісіміне қол қоюды және Транстынықмұхит серіктестігін жасасуды атады. 2008 жылдан 2015 жылға дейінгі мерзімде АҚШ халқының жан басына шаққандағы таза табысы 5,5%-ға өсті. Елдің ЖІӨ орташа есеппен жылына 2,2%-ға көтерілді, бұл жоғары дамыған ел үшін едәуір көрсеткіш, жұмыссыздық 10%-дан 4,5%-ға қысқарды.

Алайда Барак Обаманың ел басқаруы жоғарыда айтқанымыздай мінсіз болды ма? Abctv.kz сарапшылармен бірлесіп Американың 44-президенті өз артында қандай мұра қалдырғанын талдады.

Америка экономикасы деңгейін жоғалтқан жоқ

TeleTrade КТ-ның бас сарапшысы Петр Пушкарев Обама президент болған 8 жылда Америка экономикасы бұрынғы деңгейінен түскен жоқ, мұның өзін "Ұлы құлдырау" жағдайында ірі жетістік деп бағалауға болатынын аңғарды. Экономика қауқары келгенше алға жылжып отырып, тіпті, кей кездері еуропалық және жапониялық "әріптестерінен" озып кетіп отырды. Сарапшының пікірінше, АҚШ билігінің негізгі еңбегі – дағдарыстың шарықтау шегінде 2008-2009 жылдары банктер мен инвестициялық компаниялар үшін қаржылық тәртіпті бекіту болды, ол не дегенмен реттеу шаралары арқылы қаржыгерлердің аранын "ауыздықтады", нәтижесінде банктер аяққа тұрып, қаржылық дағдарыс қайталанған жоқ. Алайда қалтасын толтыру одан әрі жалғасты, бірақ ендігі кезекте мемлекеттік деңгейде, енді-енді аяққа тұрып келе жатқан экономиканы бағалы қағазбен тұсаулады.

"Оларды тонналап өртеді десек болады, "Үлкен жиырмалық" елдерінің шешуші кездесулерінен кейін жаңа бағалы қағаздар басып шығарылды. Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) басып шығару станогының көлемін 5,5 трлн долларға дейін жеткізді, ал ресми статистикаға жүгінсек, шамамен 6 млн жұмыс орны құрылды, оның 70%-ға жуығы толық жұмыспен қамтылмаған немесе жұмыс күні толымсыз жұмыс орындары. Осы фактордың барлығын ескерсек, жұмыссыздық деңгейі 4,7% емес, одан да жоғары болды. Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жұмыссыз ретінде тіркелмеген адамдардың барлығын және толық жұмыспен қамтылмағандарды есепке алсақ, 2017 жылдың қаңтарында жұмыссыздық деңгейі 9,2%-ға жетті, яғни екі есеге өсті", – дейді Петр Пушкарев.

"Сондай-ақ егер 8 жылда шынымен 6 млн жұмыс орны ашылды десек, мұны ФРЖ басып шығарған 5,5 трлн долларға бөлсек, осындай бір жұмыс орнын ашу бағасы 900 мың доллардан асып кетеді", – дейді сарапшы.

Джордж Буштың ізімен

Forex Optimum сарапшысы Иван Капустянский Барак Обаманың кезінде АҚШ экономикасы жанданып, дами бастағанын аңғарды. Бұған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі дәлел: инфляция деңгейі 2%-ға жақындады, жұмыс орындарының ашылуы мен еңбекақы тұрақты түрде өсті. Алайда, екінші жағынан, өсімге қол жеткізу үшін нені сарп етуге тура келгенін және болашаққа қандай мақсат қойылғанын түсіну қажет. Сапаршының айтуынша, Барак Обаманың экономикалық қызметі өткен дағдарыстың қиындықтарын шешумен байланысты болды. Оның кезінде банктерден әуресі көп активтерді сатып алу жалғасты. Сонымен бірге президент жағдайы нашар халықтың әл-ауқатын көтеруге едәуір қаржылық салым салды, сондай-ақ ипотекалық дағдарыстан жапа шеккендерге салық жеңілдіктері берілді. Одан бөлек 2008 жылдан кейін шағын және орта бизнесті, сондай-ақ hi-tech пен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарын дамытуға қаражат бағытталды. Алайда биліктен кеткен Америка көшбасшысының ең басты мақтанышы – Obamacare бағдарламасы, онымен Америка жұртының бір бөлігі келіспей отыр. Оның негізгі қағидасы – азаматтың әл-ауқаты жоғары болған сайын, денсаулық пен сақтандыруға көбірек ақша жұмсайды.

Obamacare – тұрмысы нашар адамдарға медициналық сақтандыруға қол жеткізуге мүмкіндік берген бағдарлама екенін баса айтты Петр Пушкарев. Бірақ бұл төлеуге қабілетті адамдарды бұрынғыдан артық төлеуге мәжбүрледі, ал қызметтің өзі осындай қымбат бағдарламаға біраз бюджет қаржысының бөлінгеніне қарамастан қымбаттай бастады. Нәтижесінде жаңа бағдарламаға көңілі толмаған жұрттың көп болғаны сонша, Obamacare реформасын тоқтату – Дональд Трамп бағдарламасының басты тармағы болды, бұл оның сайлаудағы табысына бірталай көмектесті. Жаңа президенттің алғашқы жарлықтарымен Obamacare тоқтатылады, сондықтан жақын арада оны барлығы ұмытады.

Иван Капустянскийдің ойынша, Барак Обама негізінен Джордж Буштың жолын жалғастырды және дағдарыстың салдарын жоймақ болды. Оның саясаты АҚШ мемлекеттік қарызының 8 трлн долларға дейін өсуіне әкеп соқтырды. Қазіргі кезде қарыз 20 трлн долларға жақындап қалды. Сондай-ақ Обаманың аты ең төмен мөлшерлеме бойынша ең көп облигация сатқан Америка президенті ретінде тарихта қалады.

Қарызға белшесінен батты

Петр Пушкарев та АҚШ-тың сыртқы қарызының өскеніне назар аударды. Ол 10 трлн доллардан 20 трлн долларға дейін өскенін байқады, яғни ғаламшарымыздың ЖІӨ-нің 1/3, ал сомалық міндеттемелер 100 трлн доллардан асады. Оның айтуынша, бұл ақшадан Америка тиісті нәтиже көре алмады, бұл қарыздың барлығы енді жаңа сайланған президент пен болашақ ұрпақтың мойнына жүк болып артылмақ.

Дональд Трамп ұсынған экономикалық бағдарлама арқылы мемлекеттік қарыздың өсу үрдісін тоқтатам деп сөз берді. Жаңа президент лауазымына кіріспегеніне қарамастан, оның саясатының алғашқы нәтижелері ретінде автокөлік алыптарының АҚШ-қа инвестиция салуға ниет білдіргенін атауға болады.

Айта кету керек, Барак Обаманың кезінде АҚШ-тың мемлекеттік қарызы, шынымен де, екі есе ұлғайды. Алайда іс жүзінде бұл Құрама штаттарға еш қауіп төндірмейді. Американың мемлекеттік қарызы 2017 жылдың қаңтарында 20 трлн долларға жетуі ықтимал. Егер АҚШ-тың барлық субъектілерінің жалпы қарызы туралы сөз тарқатсақ, бұл 63,6 трлн доллар, яғни 2015 жылдың қорытындысы бойынша берілген несие мен шығарылған қарыз қағазының сомасы. Алайда АҚШ-тың қаржылық активтері қазір 209 трлн долларға жетті. Халық қарызының үштен бір бөлігі – 14,6 трлн доллар, оның ішінде 9,8 трн доллар ипотекалық қарыз болса, 3,5 трлн доллар тұтыну несиесі, азаматтардың қаржылық активтері 71,2 трлн доллар екенін ескерсек, бұл да үлкен қауіп тудырмайды.

2016 жылдың қорытындысына жүгінсек, АҚШ мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 100%-ынан асып түсті, алайда 5,4 трлн доллар – мемлекеттің өз-өзіне қарызы, осылайша 2016 жылы таза қарыз шамамен ЖІӨ-нің 76,6%-ына жетті, егер осы сомадан ФРЖ теңгеріміндегі мемлекеттік облигацияларды шамамен 2,8 трлн долларды шегерсек, онда қарыздың ЖІӨ-ге қарағандағы үлесі шамамен 60%-ға азаяды. Бұл қарызды өтеу әбден мүмкін.

Барак Обаманың кезінде мемлекеттік қарыздың өскеніне қарамастан, оның АҚШ бюджетіне салған салмағы едәуір төмендеді. 2007 жылы пайыздық төлемдер бюджет шығынының 13,5%-ын құрады, мемлекеттік қарыз екі есеге ұлғайды, ал төлемдер, керісінше, азайып, 2015 жылы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі есебінен бар болғаны 10,7%-ды құрады. Оның үстіне Барак Обаманың кезінде бұған дейінгі республикалық әкімшіліктің билігінде байқалған бюджет тапшылығы едәуір қысқарды.

Барак Обаманың билігінде Құрама Штаттар газ өндіру бойынша әлемде көш бастады және мұнай өндіру бойынша көшбасшылардың үштігіне кірді. Құлдырап бара жатқан мұнай өндірісін жандандыруға мүмкіндік туды, нарыққа әлемнің көмірсутек нарығына өзгеріс әкелген қатпарлы мұнай шықты. АҚШ-тың энергоресурс пайдаланудағы импорттық үлесі Обаманың кезінде 28,6%-дан 10,3%-ға дейін қысқарды, ал жел мен күн есебінен қуат алу 8 жылда сағатына 56 мегаваттан 210 мегаваттқа өсті.

"Жұмсақ саясат" пен өрескел жаңылысу

Егер Америка басшысының ішкі саясаты туралы сөз қозғасақ, оның ісін бағалауда біржақты пікірге бойсұну мүмкін емес. Біреулер Обаманы диктаторлармен қарым-қатынаста және Грузия мен Украинаның тұтас аумағын қорғап қалуда тым жұмсақ саясатты ұстанды деп айыптаса, енді біреулер дәл осы "жұмсақ саясаты" әскери қимыл кезінде алапат зардаптан құтылуға көмек берді деп есептейді.

GLOBAL FX бас сарапшысы Сергей Мельниковтың пайымдауынша, бұрынғы президенттің ішкі саясаттағы негізгі жетістігі 11 қыркүйектегі ланкестік актіні ұйымдастырушы Усама бен Ладеннің көзін құрту болды. АҚШ-тың Муаммар Каддафи тәртібін құлатқан Ливиядағы қимылы Ирак пен Ауғанстандағы сәтсіздіктің есесін қайтару сияқты көрінді, сондай-ақ Ресеймен арадағы қарым-қатынас одан әрі нашарлай берді.

Барак Обаманың ішкі саясатындағы сәтсіздіктің қатарына оның көптеген саяси мәселеде Еуроодаққа қысым көрсетуін жатқызды Петр Пушкарев, сондай-ақ негізінен қару саудасынан түсетін табыс үшін НАТО-ны кеңейтуді, президенттік мерзімінің соңына қарай Израильмен қарым-қатынастың бұзылуын айтты.

"Ливияда сұмдық соғыс басталды, "араб көктемі" жалындап жатты, оның үстіне Мысырдағы төңкеріс бар, Сириядағы жанкештілердің ланкестік топтары қаржыландырылды, бұл кезде АҚШ бастаған одақ бірнеше жыл олармен жалған күрес жүргізді. Осы оқиғалардың салдарынан Еуропаға босқындар ағылды, бұл онсыз да ушығып тұрған Еуроодақтың жағдайын одан әрі қиындатты. Бұны АҚШ Еуропаны әлсіретіп, әлемнің көзінше жалғыз тұрақты қаржылық және саяси аймақ болып көріну мақсатында жасады", – дейді Петр Пушкарев.

Бірақ егер Барак Обаманың ішкісаяси әрекетіне артық эмоциясыз әділ баға берсек, онда дәл соның кезінде Иранмен ядролық бағдарламаны тоқтатып қою және санкцияларды алу туралы тарихи келісімге қол жеткзілгенін байқаймыз, Ислам Республикасы әлемдік мұнай нарығына қайта оралуға мүмкіндік алды. Обаманың кезінде Кубамен қарым-қатынас жақсара бастады, алайда бұл игілік жақында керісінше бағытқа ауысуы мүмкін, бұған Дональд Трамп сөз берген.

Не дегенмен, Американың 44-президенті билік ету кезінде технология күші шешуші рөл атқарған адам ретінде тарихта қалды. Дәл осы Барак Обаманың "жасыл" энергетика саласына күш салуы қаншама жыл бойы үстемдік еткен көмірсутек дәуірінің күйреуіне әкелді. Барак Обаманың өте үлкен қателіктері болды, бірақ оның көпшілігін тарихи жетістіктері жапты. Қорытынды ретінде айта кетсек, Gallup мәліметіне сүйенсек, АҚШ президенті Барак Обаманың мерзімі аяқталар кезде рейтінгі 58%-ға жетті. Обамаға дейінгі президент Джордж Бушты президенттік мерзімінің соңына қарай Америка халқының 40%-ы ғана қолдаса, Билл Клинтонның рейтингі 57%-ды құраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу