Театр киім ілгіштен басталса, қала вокзалдан басталады. Сондықтан вокзалды қаланың қақпасы деуге толық негіз бар. Біз бүгін Астана вокзалының бастығы Ғани Меңдібаевты сөзге тартып, вокзалдың тыныс-тірлігі, жолаушыларды тексеру жұмыстары төңірегінде әңгімелескен едік.
– Ғани Мақсотұлы, халықаралық көрменің елордасы Астанада өтуіне байланысты бас қаланың кіреберісі саналатын вокзалда қандай жұмыстар жүргізілді?
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары еліміздің барлық ірі вокзалдарында жүргізілді. Солардың қатарында Астана вокзалы да бар. Вокзал ғимараты түгел әктеліп, сырланып ағымдық жөндеуден өтті, перрондардың кеспетастары алмастырылды. Эскалатор үздіксіз жұмыс істеп тұр, оның жұмысын қадағалаушы механиктер ауысыммен жұмыс істеуде. Ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер жұмыс істейді. Шетелдіктерге қолайлы болу үшін маңдайшалардағы жазулар үш тілде тілде жазылған.
– Естуімізше, биыл Елбасы Астана вокзалына ескертпей келіпті ғой...
– Иә, бұл бір есте қаларлық оқиға болды. 25 сәуірде елбасы Астана вокзалына келді. Менен "темір жолда жұмыс істеп жатқаныңа қанша болды?" деді. "Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізді 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығында қарсы алғанмын" дедім. Ол кісі бірден есіне түсірді. Содан мен елбасымызға вокзалды аралатып көрсеттім. Перронға шығып, халықпен кездесті. Вокзалдың тазалығына, жолаушыларға көрсетіліп жатқан сервиске көңілі толып, жұмысымызға жоғары баға берді. "Темір жолда әскери тәртіп бар ғой. Сол тәртіп бұзылмаса, жұмыс та жақсы жүрмек. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!" деп қолымды алып, ризашылығын білдірді. Елбасының сөзіне ұжым болып бір марқайып қалдық. Жұмысымызды бұдан да жақсы істеуге жұмыла кірістік, бізге артылған сенім мен жауапкершілікті бір кісідей сезіндік.
– Астана вокзалына жолаушыларды тексеріп өткізетін жабдықтардың орнатылғанына екі айдай уақыт өтіпті, басында жолаушылар тарапынан түсінбеушілік, наразылық болды ма?
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына санаулы күн қалды. Келіп жатқан және келетін халық көп болғандықтан, вокзалдарға неліктен тексеру жабдықтары, құрылғылары орнатылғанын айта кеткеннің артықтығы болмас. Бұл шаралардың бәрі заң аясында жүзеге асуда. 1994 жылы қабылданған "Лаңкестікке қарсы әрекет туралы" заңға сәйкес 2013 жылы үкімет қаулысымен террорлық әрекеттерге осал нысандар тізімі бекітілді. Солардың қатарына көлік имараттары, соның ішінде, темір жол вокзалдары кірді. Ал 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап 24-1 бабының "Тексеру" талабы күшіне енді, онда көлік инфрақұрылымы нысандарына кіріп шығатын тұлғалар мен жолаушыларды, олардың қол жүгін, багажын, өздерін тексеріп өткізу процедуралары жазылған болатын. Міне, осы заң талабына сәйкес вокзалдарда жолаушыларды, олардың багажын, қол жүгін тексеріп өткізу жүйесі алдымен Алматы-1, 2 вокзалдарына, ал 1 сәуірден бастап Астана вокзалына енгізілді. Екі айдан астам уақыт өтті. Қазір адамдардың көзі ашық, жолаушылар тексеріп өткізудің өздері үшін, қауіпсіздік үшін керек екенін бек жақсы түсінеді. Тәулігіне орта есеппен біздің вокзалдан 7-8 мың адам тексеріледі. Осы тексеру жүйесі енгізіліп жатқанда халыққа мұның бәрі адамдардың қауіпсіздігі үшін екенін айтып, түсіндірдік. Ешбір адам тарапынан наразылық туындап, шағым түскен жоқ, оның үстіне, тексеру жұмыстарын жүргізетін қызметкерлер өте сыпайы, мәдениетті жандар.
– Вокзалда жаппай тексеру елімізде жоғары қауіпті жағдай туындағанда ғана жүргізіліп, ал қалған жағдайда іріктеу арқылы жүргізіле ме?
– Қазақстанда террорлық қауіптің орташа – "сары", жоғары – "қызғылт сары" және күрделі – "қызыл", үш деңгейі анықталған "Лаңкестікке қарсы әрекет туралы" ҚР заңына сәйкес жолаушыларды, қол жүгін және багажды бүтіндей тексеру террорлық қауіптің "қызғылт сары" және "қызыл" деңгейі туындаған жағдайда жүргізіледі. Ал орташа "сары" деңгейі жарияланған жағдайда, таңдап тексеру жүргізілмек. Таңдап тексеру принципі жолаушылар және оларды шығарып салушылардан немесе олардың багаждарынан күдік туғанда жүргізілетін болады.
– Өткен екі ай ішінде тексеру жабдықтарының көмегімен қандай да бір келеңсіз жағдайлар анықталды ма?
– Жоқ, бір-екі оқиға адамдардың заттарын ұмыт қалдырып кеткеніне, сосын қанжар немесе суық қару түріне жататын қолдан жасалған пышақ алып шықпақ болғанына қатысты болды. Анау айтқан, қауіп тудыратын оқиғалар тіркелген емес.
– Мұндай жағдайда қандай әрекетке көшесіздер?
– Күдік тудырған адамды арнайы тексеру бөлмесіне апарып, теміржолдың әскери күзет қызметінің, көліктегі желілік ішкі істер бөлімі, вокзал кезекшісінің қатысуымен багажды ашып, күдік тудырған зат болса, оған акті толтырылады. Әрмен қарай полиция айналысады. Ал иесіз затты тапқанда вокзалда лаңкестік орталығының қызметкерлері бар, соларды шақыртамыз, кинологтар иттерін жетектеп келіп, полицияның қатысуымен тексереді, қауіпсіз зат болса, оған жаңағы құзырлы орган өкілдерінің, вокзал кезекшісінің қатысуымен табылған зат тізімі жасалып, ол жүк сақтау қоймасына белгілі бір уақытқа қойылып, сақталады.
– Тексеруден өткізу процедуралары жолаушыларды пойызынан кешігіп қалуына кері әсерін тигізбей ме?
– Негізі, вокзалда тексеруден өтетінін білетіндіктен, жолаушылар пойызға ертерек келгендері дұрыс. Жолаушы ұшаққа отыру үшін әуежайға бір сағат бұрын келеді емес пе. Вокзалда әуежай сияқты стратегиялық нысан. Сондықтан халық ерте келуге дағдыланғаны дұрыс. Алайда тексеру жүргізетін темір жол күзеті қызметкерлері де жолаушылардың тексеру жабдықтарынан тез өтіп, пойыздарына кешікпей отыруларына мүдделі. Оның үстіне, барлық процедураны сапалы және шапшаң өткізуге вокзалда барлық жағдай жасалған. Астана вокзалының да, жаңа "Нұрлы жол" вокзалының да кіре берісі мен шыға берісіне 8 дана тексеріп өткізу жабдығы орнатылған.
– Демек, Астана вокзалында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар жағдай жасалынған ғой...
– Иә, дәл солай. Вокзалға және оның аумағына барлығы 238 соңғы үлгідегі цифрлы бейнекамера орнатылған. Вокзал аймағы, перрон бәрі бақылауда, "өлі" аймақ жоқ.
– "Нұрлы жол" вокзалының салынып, қолданысқа берілуі Астана вокзалының жұмысын едәуір жеңілдеткен шығар...
– Әрине, өзіңіз қараңыз, Астана вокзалының алып жатқан аумағы 11 мың шаршы метр, ал жаңа вокзалдың аумағы 127 мың шаршы метр. Біздің вокзал 11-12 мың жолаушыны қабылдауға есептелген. Ал біз 18-20 мың жолаушыны қабылдап келдік. Енді "Нұрлы жол" вокзалы жолаушылардың айтарлықтай легін өзіне алатын болады. Бұрын Астана вокзалы тәулігіне 35 жұп пойызды қабылдап жататын. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты 50 пойыз қосылып отыр. Сондықтан жаңадан бой көтерген "Нұрлы жол" вокзалы уақытты дөп басқан маңызды нысан болып отыр. Қаланың қақ ортасында салынған вокзал халыққа қатынауға қолайлы. Астанада жылдан жылға халық саны артып келеді, сәйкесінше пойызбен қатынайтын жолаушылар саны да артуда. Заманауи вокзалда жолаушылап пойызын қабылдайтын 6 жол, ал Астана вокзалында 3 жол бар. Демек, жаңа вокзалдың бізден жолаушыларды қабылдап, шығарып салудағы қуаты әлдеқайда жоғары. Бірақ, атап өтерлігі, "Нұрлы жол" вокзалына баратын және ол жақтан шыққан пойыздардың басым бөлігі Астана вокзалына да тоқтайды. Кейбір жолаушылар пойыздары ғана бізге соқпайды. Сондықтан жұмысымыз бұрынғы ырғақпен жалғаса бермек.
Сұлугүл Бакесова