Қарбыздан да, қауыннан да қауіп жоқ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5929

Жыл басынан бері Астанада бау-бақша өнімдеріне 1095 тексеру жүргізілді.

Қарбыздан да, қауыннан да қауіп жоқ

Жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбыздың дәмділігіне дау жоқ. Бірақ аталған өнімдерден адамдардың уланып жататынын жыл сайын естиміз. Маусым туғалы Астанадағы сауда орындарынан "биылғы жылдың өнімі" деген жарнамамен сатылып жатқан қауын-қарбыздарды кездестіріп жүрміз. Еліміздің оңтүстік өңірінен жеткізілген бұл өнімдер қаншалықты сапалы һәм қауіпсіз? Олардың құрамындағы нитрат мөлшері талапқа сай ма? Қауын-қарбыз саудасының маусымы басталғалы бері улану фактілері тіркелді ме? Abctv.kz-тің сауалдарына Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жауап берді.

Департаменттің тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Айнұр Дәулетбаеваның айтуынша, қарбыздар маусым айында сауда сөрелерінде пайда бола бастайды. Атап өтерлігі, бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді. Ал сапалы әрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды. Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі.

"Қазір Астана нарығында еліміздің оңтүстік өңірінде піскен қарбыздар сатылып жатыр. Атап айтқанда, Шардара, Жетісай қалаларының аумағында піскен өнімдер жеткізілуде. Жалпы, Астанадағы қауын-қарбыз саудасы маусым айында басталады. Маусым-шілде айларында елорда тұрғындары оңтүстіктің қауын-қарбызын тұтынады. Ал тамызда Алматы өңірінің өнімдері әкеліне бастайды. Қыркүйек айында Шығыс Қазақстан өңірінде өсірілген қарбыздар сауда сөрелеріне түседі. Астана нарығын отандық шаруалар толықтай қамтып отыр. Сондықтан Қытай, Өзбекстан секілді көршілес елдерден қарбыз әкелінбейді", – дейді Айнұр Дәулетбаева.

Талапқа сәйкес қарбыздың құрамындағы нитрат көлемі әр килограммына шаққанда 60 миллиграмнан аспауы керек. Бөлім басшысының сөзінше, әзірше талапқа сай келмейтін өнімдер тіркелмеген. Жүргізілген тексерістердің қорытындысы бойынша Астанада сатылып жатқан қарбыздардың құрамындағы нитрат мөлшері килограммын25-39 миллиграмды құрап отыр. Демек адамдарға қарбыздан да, қауыннан да қауіп жоқ.

"Жыл басынан бері көкөніс, бау-бақша өнімдеріне 1095 тексеру жүргізілді. Соның ішінде орамжапырақ, болгар бұрышы, жүзім және сәбіздің талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Олардың барлығы сол сәтте-ақ сауда орындарынан алынды. Ал қауын-қарбызға қатысты заң бұзушылық анықталған жоқ. Қауын-қарбыз саудасы енді қызады. Сондықтан тексеру жұмыстарын жандандыра түсеміз. Әзірше Астана қаласындағы инфекциялық ауруханаға нитраттан уланып түскендер жоқ", – дейді Айнұр Дәулетбаева.

Бөлім басшысының сөзінше, Астана нарығына әкелінген қауын-қарбыз алдымен карантиндік, фито-санитарлық тексеруден өтеді. Өнімді жеткізушілердің құжаттары тексеріледі. Ал одан кейінгі жағдайды сауда орындарындағы департамент жанындағы зертханалар қадағалайды.

"Бұдан бөлек, арнайы мониторинг жүргізіледі. Яғни тиісті өнімдер сауда орындарынан сатып алынып, зертханаға жіберіледі. Бұл тексерудің қорытындысы бойынша әзірше заң бұзушылық анықталған жоқ. Сондай-ақ жеке адамдардың өтініші бойынша да тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар "Шапағат", "Шанхай", "Астаналық", "Шарын", "Әсем" секілді ірі базарларда жеміс-жидектер мен көкеністің  сапасы мен қауіпсіздігін тексеруге арналған акциялар ұйымдастырылып тұрады. Яғни тұтынушы сол жердегі арнайы мамандардың қызметіне жүгініп, сатып алған өнімнің құрамын тексерте алады. Акция өтетін күн алдын ала хабарланады", – дейді Айнұр Дәулетбаева.

Өнім құрамындағы нитрат көлемі талапқа сай болмай шықса, сатушының құжаттары дұрыс болмаса айыппұл салынады. Айыппұл көлемі бизнес субъектілерінің шағын, орта және ірі түрлеріне байланысты әртүрлі болады. Айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен басталып, 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.

Департамент мамандарының айтуынша, қауын-қарбызды таңдаған уақытта өте мұқият болған жөн. Олар қауын-қарбызды заңсыз ұйымдастырылған сауда орындарынан сатып алмау керектігін ескертеді. Бұл ретте бақша дақылдарын сатуға арналған орын қоршалған және күн сәулесінен, жауын-шашыннан қорғалған болуы керек. Яғни сату орны шатыр астында орналасуы қажет. Бұдан бөлек қарбыздар биіктігі 20 сантиметрден кем емес болатын арнайы сөрелерде сақталуға тиіс.

"Қарбыздарды жол жиегіндегі сауда нүктелерінен сатып алуға болмайды. Өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металлдар тез жиналады. Кесілген қарбыздарды сатып алмаған дұрыс. Қарбызды пышақпен кескен кезде оның сыртқы бетіндегі лас заттар қарбыздың ішкі жұмсағына тез түседі. Қабығының бүтіндігіне көңіл аударыңыз, ол сызатсыз, жарықсыз, шұңқырсыз болуы керек. Тасымалдау кезінде қарбыздарды көп лақтырады. Соның салдарынан пайда болған шұңқырлардағы қарбыздың жұмсағы ашып кетеді. Қарбызды кесер алдында оны ағынды сумен жақсылап жуу қажет. Кесілген қауын-қарбызды тоңазытқышта бір тәуліктен асырмай сақтау керек", – деп ескертеді департамент мамандары.

Сондай-ақ қарбызды қабығына дейін жемеу керек. Себебі, нитраттардың көп мөлшері қабығына жақын және түбіріне қарай жиналады. Сонымен қатар, сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етуді ұмытпаған абзал.

"Қарбызбен уланудың алғашқы белгілері мынадай: қажудың жоғарлауы, бастың қатты ауыруы, жүректің айнуы, құсу және іштің өтуі. Кейбір жағдайларда дене қызуы көтеріледі, дірілдеу және буындардың сырқырауы болады. Бір жасқа дейінгі балалар улануға бейім келеді. Бала емізетін аналарға қарбызды байқап жеу қажет. Егер уланып қалсаңыз, дәрігерге қаралуыңыз керек. Дәрігер келгенге дейін көп мөлшерде су ішіп, құсып тастау қажет", – дейді департамент мамандары.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу