Бәрінің құқығы тең болуы керек - Президент

1198

Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы онлайн режимде өтіп жатыр.

Бәрінің құқығы тең болуы керек - Президент

Мемлекет басшысы отырыс барысында бұған дейін де айтыла-айтыла жауыр болған проблема туралы сөз қозғады. Президенттің айтуынша, өзара саудадағы кедергілердің жойылмайтын түрі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кеңестің кезекті отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев өзара саудадағы кедергілер – әбден айтылып болған, алайда шешімі жоқ мәселе екенін атап өтті.

"Локдаун кезінде кедергілердің саны тіпті артып кетті. Сауда-экономикалық белсенділікті қалпына келтіруде кедергілердің өз-өзімен жойылмайтын түрі бар. Бұл шектеулер сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуын тежеп, экономикалық одақтың өсімі мен әлеуетін шектейді. Экономикалық одаққа мүше басқа да мемлекеттер секілді Қазақстан нарыққа қатысушылардың бәріне тең және дискриминациядан тыс жағдай жасалуы керек деп есептейді. Комиссияның кедергілермен күресі таусылмайтын сипатқа ие болып барады. Бұл күрестің бірақ тиімділігі бар деп те айта алмайсың. Ол күрес – ұлттық деңгейде қабылданған шешімдердің салдарына қарсы жүріп жатыр", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, экономикалық интеграцияға жауапты министрліктер осы мәселеге баса назар аударып, кез келген бастамаға нормативті-құқықтық акт деңгейінде мән беруге тиіс. 

"Біз сонымен қатар кедергілерді және нормативті құжаттардың экономикалық одақтың құқығына сәйкестігін қадағалайтын ұлттық жүйе құру туралы ойлануымыз керек. Бұл ретте комиссия мүшелерінің де, үкіметтердің вице-премьерлерінің де рөлі зор", –деді.

Президент сонымен қатар кейінгі үш жылда әлемде азық-түлік бағасы қымбаттап кеткенін еске салды. Оның айтуынша, жыл басынан бері әлемдік азық-түлік бағасының индексі 116 пунктке жеткен. 

"2030 жылға қарай әлемде азық-түлікке деген сұраныс 35 пайызға артатын түрі бар. Бұл – қауіпті тенденция. Ал біздің экономикалық одаққа мүше елдердіңелдің әрбірінің азық-түлік түрінің өндірісін арттыруға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау тұрғысындағы шектеу шаралары агроөнеркәсіптің дамуын тежеп, азық-түліктің жетіспеушілігін туындатуы ықтимал. Әлбетте, жекелеген жағдайларда уақытша шараларға түсіністікпен қарауға болады. Алайда бұл шектеулер біздің экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қолданылмауы керек. Алдымызда агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялауды арттырып, экономикалық одақтың бірыңғай агроөнеркәсіптік нарығын қалыптастыру міндеті тұр. Жетекші әрі инновациялық технологияларды енгізу мақсатында агроөнеркәсіптік мекемелеріміздің бірлескен жұмысын күшейтуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетерлігі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің президенттері онлайн режимде қатысып отырған іс-шара барысында одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою мәселесін қарастырады. Одан бөлек осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы, 2020 жылғы халықаралық қызметтің негізгі бағыттарының іске асырылуы сынды мәселелері талқыланады. Сонымен қатар ЖЕЭК-ке қатысушы елдердің басшылары мүше мемлекеттердің 2021-2022 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдары, медициналық мақсатта пайдалануға арналған фармацевтикалық субстанциялар мен дәрі-дәрмек өндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы мәселелерді қозғайды.

Отырысқа Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысуда.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу