Бас прокуратурада өзгерістер басталды

4851

Былтырғы жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған конституциялық өзгерістерге сай, бас қадағалаушы органның құзыры күшейтілді. 

Бас прокуратурада өзгерістер басталды Фото: inbusiness.kz

Бас прокуратура "Қазақстан Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Мемлекет басшысының жаңа жарлығының жобасын әзірлеп шықты.

Оның не үшін қажет екенін Қасым-Жомарт Тоқаев атына жазған түсіндірме жазбасында Бас прокурор Берік Асыловтың өзі айтып берді. Оның түсіндіруінше, жарлық жобасы қолданыстағы президенттік жарлықты "Прокуратура туралы" жаңа конституциялық заңға сәйкес келтіру мақсатында жазылды.  

Құжат "Бас прокуратура туралы" және "Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті туралы" ережелердің жаңартылған редакциясын қамтиды.

"Осы ережелер аталған органдардың және олардың бірінші басшыларының міндеттерін, функцияларын, өкілеттіктерін қарастырады. Атап айтқанда, біріншіден, конституциялық заңның новеллаларын іске асыру үшін Бас прокурордың Конституциялық сотқа өтініш жасау құқығын бекітеді. Яғни, Бас прокурор Конституциялық соттан ратификацияланғанға дейін халықаралық шарттардың, сондай-ақ қазақстандық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Ата заңымызға сәйкестігін тексеруді, Конституцияның жекелеген нормаларын түсіндіріп беруді сұрай алады. Екіншіден, ол Жоғарғы сотқа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот практикасына түсініктеме беру туралы өтінішпен жүгіну құқығына ие болды", – деді Бас прокурор.

Бұдан бөлек, жарлық Бас прокуратураның азаматтардың құқығын қорғау функциясын нығайту үшін оның Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен (омбудсменмен), басқа меморгандармен және меншік нысанына қарамастан өзге ұйымдармен ынтымақтасуына жол ашады.

Бұған қоса, жаңа жарлық қабылданса, онда іске асыратын қызмет бағыттарына қарай бас қадағалаушы органның жекелеген құрылымдық бөлімшелердің атауы өзгереді.

Қазақ тілі және басқа тілдер...

Жарлық жобасына қоса ұсынылған құжаттарда бір жайт назар аудартады. Мысалы, бұған дейін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті тек мемлекеттік тілдегі мөр, штампты пайдалануға міндеттеліп келді. Енді бұл практика өзгеретінге ұқсайды.

"Комитеттің мемлекеттiк тiлдегі атауы бар мөрлерi және мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi болады", – делінген ведомство туралы қолданыстағы ережеде.

Оның орнына жаңа ережеде келесі редакция ұсынылған: "Комитеттің қазақ және басқа тілдерде атауы бар мөрлерi және мөртабандары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi болады".

Тағы бір жаңалық: бұған дейін комитетке бірінші Президент және оның Кеңсесіне жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін өтініштерді талдауына тыйым салынған еді. Ол құжаттар құпияландырылған болатын. Ол тыйым алып тасталды.

Дегенмен, Бас прокуратура комитеті ары қарай да ел Президентіне және Президент әкімшілігіне, Қауіпсіздік кеңесіне, Парламент пен оның депутаттарына, Конституциялық сотқа, Жоғарғы сотқа, омбудсменге, Үкімет аппаратына келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, хабарларын, сұрау салуларын, үндеулерін және ұсыныстарды талдай алмайды.

Бас прокуратура азаттық алды

Ал Бас прокуратураның жаңа ережесінде оның тәуелсіздігі бекітіледі.

"Бас прокуратура – Қазақстан Президентіне ғана есеп беретін мемлекеттік құқық қорғау органы" деген бұрынғы түсініктемеге енді "ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады" деген анықтама қосылмақ.

Осылайша, Бас прокуратура Мемлекет басшысынан басқа бірде бір лауазымды тұлғаға бағынбайды. Осыдан-ақ оның жаңа мәртебесін аңғаруға болады. Айтпақшы, 2022 жылғы маусымдағы референдум нәтижесінде Бас прокуратураның биік мәртебесі Ата заңда бекітілді.

Қазіргі кезде Бас прокуратура өз қызметін Конституцияға, ел заңдарына, Президент пен Үкіметтің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ өз ережесіне сәйкес жүзеге асырады. Енді бұл құжаттар қатарына "Прокуратура туралы" заңы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар қосылмақ. Сарапшылар бұл оның алыс шетелдегі әріптестерімен ынтымақтастығын нығайту үшін жасалғанына назар аудартады.

Бұған тағы бір өзгеріс нұсқайды. Бас прокуратура алда ағылшын тіліндегі мөрге де ие бола алады. Қолданыстағы ережеде оның "Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік тілде және орыс тілінде өз атауы жазылған мөрлері және мөртабандары болады" деп жазылған. Ал жаңа ережесінде орыс тілінде деген сөз "қазақ тілінде және басқа да тілдерде" деп өзгертіліпті.

Жалпы, былтырдан бері Бас прокуратураның құзыр қоржыны қомақты түрде толды. Оның бәрі енді жаңа ережесінде көрініс тауыпты. Мысалы, бұл меморган жедел-іздестіру, контрбарлау қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Кез келген меморганның тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шараларының дереу күшін жоя алады. Олардың заңға қайшы кез келген актісін заңсыз деп танып, қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата алады.

Күзетпен қамауда отырған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтық жағдайына әсер ететін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігі актілерінің заңдылығын тексереді, заңсыз шешімдерінің күшін жояды.

Тіпті қандай да бір адамды тұтқындауға санкцияны да осы орган бермек: тергеп-тексеру органдарының күдікті адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішхаттарын қарайды.

Жедел-іздестіру және контрбарлау іс-шараларын жүргізуге санкция береді.

Кімнің ұялы телефонын тыңдауға қатысты құзыр бар: "арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын, оның ішінде байланыс желілерінде жүзеге асырудың заңдылығына тексеру жүргізеді".

Егер құзырын дұрыс әрі толымды қолданса, Бас прокуратура еліміздегі ең тегеурінді омбудсменге айнала алады. Себебі оған "заңсыз ұстап алынған және құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың (ҰҚК) үй-жайларындағы және жеке бас бостандығын шектейтін өзге де орындардағы, гауптвахталардағы, мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындайтын мекемелердегі, арнаулы мекемелердегі және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарды дереу босату" құқығы берілді.

Ол кез келген тергеушінің, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын адамдардың заңсыз қаулылары мен шешімдерінің күшін жоя алады.

Оған бұдан былай тек меморгандардың актілерімен шектелмей, ұлттық компаниялардың, холдингтердің, өзге де квазимемлекеттік сектор ұйымдарының күшіне енген шешімдері мен актілерін тексеріп, бағалау құзыры беріліпті.

Бас прокуратураның құрылымы өзгермек

Атап айтсақ, Қылмыстық қудалау қызметі орнына "Cотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау қызметі" құрылады деп жоспарланған.

Арнайы прокурорлар қызметі жойылып, Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі пайда болады деп күтілуде. 

Ішкі тергеп-тексеру департаменті Жеке қауіпсіздік департаменті болып қайта құрылуы мүмкін.

Жалпы алғанда, Бас прокуратураның 5 қызметі, 7 департаменті, 3 басқармасы болады. Яғни, құзыры кеңейіп, жұмысы артқанымен, құрылымы әзірге ұлғаймайтын көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу