Бас санитарлық дәрігер мәлімдеме жасады

4745

Еліміздің барлық ауруханалары эпидемияға қарсы күшейтілген режимге көшеді.  

Бас санитарлық дәрігер мәлімдеме жасады

Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың мәлімдеуінше, ауруханалар мен емханалардың барлық медициналық қызметкерлері науқастарды қабылдаған кезде жеке қорғаныш құралдарын қолдануға міндеттеледі. 

"Стационарлар желдеткіш жүйесімен қамтылады және бұл жерге бейнебақылау орнатылады. Ауысыммен жұмыс істейтін дәрігерлер бір- бірінен оқшауланады. Науқастардың стационарда емін-еркін жүруіне шектеу қойылады. Медицина қызметкерлерінің де жүріп-тұруы қатаң қадағаланады. Барлық бас дәрігерлер медициналық қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті. Диззенфекциялық режимге ерекше назар аудару керек. Дәрігерлердің денсаулық жағдайы күнде тексерілуі тиіс", – деді бас санитарлық дәрігер.

Айжан Есмағамбетованың сөзінше,  карантин – коронавирус инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы.

"Халықтың назарын мына жайтқа аударғым келеді: инфекцияның таралу өрісіне талдау жүргізе отырып, бір науқастың  80 адамға дейін инфекция  жұқтыруы мүмкін екенін анықтадық. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен араласуын доғарар емес. Артынша бір-біріне вирус жұқтырады. Мұндай жағдайлар кездесіп жатыр. Қазіргі таңда инфекция жұқтырған адамдардың 70%-ы ауру белгісін байқамайтыны белгілі болып отыр. 

Бұл ауру белгісі жоқ адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін деген сөз", – деді ол.

Бас санитарлық дәрігердің пікірінше, адамдарға қатты қажеттілік болмаса, үйлерінде отыру керек.

"Тәртіпті қаншалықты сақтасақ, соншалықты жылдам қалыпты өмірге ораламыз", – деді Айжан Есмағамбетова.

Оның сөзінше, коронавирус темір тордың арғы жағында отырған азаматтарға да жеткен.

"Науқастардың бірі Атырау, екіншісі Қызылорда облысында тіркелді. Олар жазасын өтеп жүрген адамдар", – деді бас санитарлық дәрігер.

Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың дені Алматы қаласынан анықталғанын айтты және індетке шалдыққандардың арасында қанша бала бар екенін жариялады. 

"Науқастардың 76 - сы балалар. 159 жағдайда инфекция сырттан келгені,  1002 жағдайда  адамдардың араласуынан тарағаны анықталды", – деді бас санитарлық дәрігер.

Оның сөзінше, науқастардың денсаулық жағдайы әртүрлі. 

"Індетке шалдыққан 2 науқастың жағдайы өте ауыр. Бүгінге дейін 17 адам қайтыс болды. 1186 адам стационарлық ем қабылдап жатыр", – деді Айжан Есмағамбетова.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу