Башар Асадтың барар жері...

1238

Башар Асад пен оның үш серіктесінің бұйрығымен қолданылған сарин газынан 2013 жылдың тамызында кемінде Дамаск маңында 1000-нан астам адам қаза тапқан. 

Башар Асадтың барар жері... Фото: inbusiness.kz

Алайда Сирия үкіметі бұл қырғынға шетелдік күштер кінәлі деп есептейді.

Франция соты Сирия президенті Башар Асадты бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданды деп айыптап, оны тұтқындауға халықаралық ордер берді.

Мұндай ордер тағы үш адамға жарияланған. Солардың ішінде Асадтың ағасы, элиталық армия бөлімшесінің бастығы Махер де бар. Бұл адамдарға 2013 жылдың тамызында 1000-нан астам адамның, соның ішінде жүздеген баланың өмірін қиған екі шабуылда тыйым салынған зарин газын қолданғаны үшін ордер беріліп отыр.

"Франция сот жүйесінің мемлекет басшысы Башар Асад пен оның серіктестерін тұтқындауға ордер беруі – тарихи сот прецеденті. Бұл құрбан болғандар мен олардың отбасылары және тірі қалғандар үшін жаңа жеңіс", – дейді Сирияның БАҚ және сөз бостандығы орталығының негізін қалаушы және бас директоры, заңгер Мазен Дарвиш.

Париж сотының адамзатқа қарсы қылмыстар бөлімінің тергеуші-судьялары Сирияда жасалған химиялық шабуылдарды 2021 жылдың сәуір айынан бастап тергеп жатыр. Бұл процесс үш ұйымның: БАҚ және сөз бостандығы орталығының, Ашық қоғам әділет бастамасының, Сирия мұрағатының шағымынан кейін басталды.

Дамаск режиміне қарсы осындай азаматтық істер Швеция мен Германияның соттарына да жіберілген.

Сәрсенбі күні Франция соты Башар Асад пен оның режимнің 4-ші брондалған дивизиясының де-факто жетекшісі Махер әл-Асадтан бөлек, Сирия ғылыми зерттеу орталығының 450-ші бөлімшесінің директоры генерал Гасан Аббас пен президенттің стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі генерал Бассам әл-Хасанды да қамауға ордер берді.

"Бірінші рет қызметтегі мемлекет басшысын әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар үшін басқа елде тұтқындауға ордер беріліп отыр. Бұл – тарихи сәт", – дейді "Ашық қоғам құқықтық бастамасының" заңгері Стив Костас Британияның "Гардиан" газетіне берген сұхбатында.

Химиялық шабуылдар 2013 жылы 21 тамызда таңертең Дамасктің оппозициялық көтерілісшілер бақылауындағы Гута ауданында жасалды және де сол оқиға америкалықтарды Сириядағы азаматтық соғысқа киліктіре жаздады.

Сол кездегі президент Барак Обама бұған дейін Асадқа химиялық қаруды қолдану АҚШ-ты әскери әрекетке итермелейтін "қызыл сызық" болатынын ескерткен еді. Бірақ Сирия өзінің химиялық қаруын жою жөніндегі АҚШ-Ресей жоспарына келіскеннен кейін, Вашингтон Араб Республикасындағы соғысқа араласу райынан қайтты. Дегенмен, биылғы жылдың шілде айында қару-жарақ сарапшылары Асадтың аталған жоспарды орындап жатқанына күмәнмен қарайтындарын айтқан.

БҰҰ-ның химиялық қару сарапшылары да Сириядағы бейбіт тұрғындарға қарсы зарин, хлор және қыша газын қолданды деп Асадты бірнеше рет ашық түрде айыптады. Ал Сирия үкіметі Гутадағы шабуылдарға шетелдік жауынгерлер мен олардың халықаралық қолдаушылары жауапты деп есептейді.

Берлиндегі Жаһандық мемлекеттік саясат институтының зерттеушілері сириялық және халықаралық серіктестермен бірге 2011 жылдан бері Сирияда жасалған 345 химиялық шабуылды анықтаған. Олардың дерегінше, сол шабуылдардың шамамен 98 пайызын Асад режимі жасапты.

Сирияда қарулы қақтығыстар 2011 жылы наразылық шерулері мен "Араб көктемі" демократиялық шерулерінен басталып, келесі жылы азаматтық соғысқа ұласты. Содан бері жалғасып жатқан әскери жанжалдардан бұл мемлекетте 470 000-610 000 адам мерт болды деген болжам бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу