Баспана сатқандарды "жаңсақ" салық жағадан алуда

5988

Кезінде тұрғын үй сатуға енгізілген 10% салық қазақстандықтарға қиын тиетінін болжаған сарапшылардың айтқаны айдай келді. 

Баспана сатқандарды "жаңсақ" салық жағадан алуда

Ел Үкіметі 2017 жылдан бастап, жылжымайтын мүлікті өткізу кезінде сатып алу мен сату бағасы арасындағы айырманың 10%-ы көлемінде жеке табыс салығын жинауға көшті. Бұл салықтан баспанаға бір жылдан артық уақыт бойы иелік еткендер босатылады.

Бір жағынан әділетті. Осы тетік тұрғын үйді үнемі алып-сатумен айналысатын спекулянттарға бағытталған. Мысалы, жеке сот орындаушылары, бағалаушылар, банк қызметкерлері кепілге қойылған мүлікті аукциондар арқылы екі есеге дейін арзанға алып, ізінше үшінші адамдарға тез өткізіп, айырма ақшаны қалтасына басады. Бұл тұтас көлеңкелі бизнеске айналып кеткен. Олар салық төлеуден босатылатындай аз қамтылған жандар емес.

Басқа жағынан, осы тетіктің кемшін тұстары да анықталуда. Одан зардап шеккендер жетерлік. Алматы тұрғыны Жұмабек Әмзеұлына телекоммуникация саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін 1998 жылы "Қазақтелеком" АҚ-ы меншігіне пәтер береді. Алайда ол кісі өз уақытында баспанасын әділет органында тіркемепті. Отбасы сонда он жылдай өмір сүрген, тұрақты тіркеуде тұрған. Меншік иесі ретінде ай сайын коммуналдық қызметтерінің төлемін, жер, мүлік салықтарын дер кезінде төлеген.

Оның баласы Рүстемнің айтуынша, 2017 жылдың қарашасында мүлікті ақыры әділет органдарында ресми тіркеттіреді. Ал келесі, 2018 жылдың ақпанында оны сатуға тура келген. Дәл осы кезде баспана сатудан түскен табыстан жаңа салық жинала бастаған болатын. Заңға сәйкес, бұл отбасы әлгі үйге үш-ақ ай иелік еткен болып шығады.

"Нәтижесінде, біз ол үйді 0 теңгеге сатып алып, іле-шала 25 миллион теңгеге сатып жіберген болып шықтық. Салдарынан енді Алматы облысының Қарасай ауданының салық органынан 2,5 миллион теңге сомада салық төлеуіміз керектігі жөнінде хабарлама келді. Салық сомасын 3 адамға – әкеме, анама және маған теңдей бөліпті, нәтижесінде әрқайсымызға 833 333 теңгеден келді. Қарасай ауданының мемкірістер органының қызметкері біздің бұл мүлікке 23 жылдан бері иелік етіп келе жатқанымызды біледі. Алматы қаласының әділет департаментінен растау хатын алды. Сондықтан ол Алматы облысының Мемлекеттік кірістер департаментіне есептелген салықты алып тастауға сұрау жіберді", – дейді Рүстем.

Алайда департамент көп миллиондық салықтық претензиясын жоюдан бас тартыпты. Меморган заң талабына сүйенеді, тиісінше бастапқы тіркеу мерзімін – 2017 жылғы қарашаны басшылыққа алып, баспананың 1 жылдан кем мерзім ішінде сатылғанын алға тартады.

"Қазіргі уақытта салық органы бізге есептелген салықты 2021 жылғы 20 желтоқсанға дейін төлеп тастауымыз қажеттігін ескертті. Әйтпесе, дау сот қарауына беріледі. Сондай-ақ кесілген мерзім ішінде мәселе шешілмесе, мемкірістер органы біздің барлық банктік есепшотымыз бен картамызды бұғаттау туралы банкке сұрау жолдайды", – деп қапаланады Рүстем.

Отбасы Мемкірістер комитетінен жаңсақ есептелген салықты жоюды сұрап жүр. 

Сарапшылар не дейді?

Заңгер Анастасия Корнилова азаматтардың кейбірі бұл қомақты салықтан құтылудың әртүрлі амалын қолданатынын айтады.

"Мысалы, үйді сатпайды, бір-бірімен үй алмасады. Әрине, бұл тәсіл екінің біріне жарай бермейді. Себебі баспана сатып алатындардың үлкен бөлігінің алмасатындай пәтері жоқ. Кейбірі сыйға тарту әдісін де қолданады. Бірақ оның қаупі бар. Сатқан адам шамалы уақыт өткен соң сыйға тарту шартын біржақты бұза салуы мүмкін. Демек сатушы мен сатып алушы бірін-бірі жақсы танитын, бір-біріне сенетін болуы керек", – деді сарапшы.

Ол заңгер ретінде ең дұрыс жолы – салықты төлеу екенін баса айтты.

"Оны төлегіңіз келмесе, баспанаңыз құзырлы органда мемтіркеуден өткен күннен бастап 1 жыл күтіңіз, сатпай шыдауға тырысыңыз. Негізі, Қазақстанның заңнамасы әлемдегі өзге елдерге қарағанда әлдеқайда ізгі. Айталық, Ресейде 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген заңға сәйкес, баспана 3 жылдан артық меншікте болуға тиіс, олай болмаса, сатып алу-сату айырмасының 13%-ы көлемінде салық төлеуіңіз қажет", – деді заңгер.

Әйтсе де, ресейлік заңнаманың бір жақсы жері бар екен. Оны Қазақстан үлгіге алса, артық болмас еді.

"Ол Ресей азаматтарына балаларының оқуына кеткен шығыстары, ақылы емделу шығындары, тіпті жеке инвестициялық есеп салымдары бойынша әртүрлі салықтық шегерімдерді пайдалануға рұқсат етеді. Нәтижесінде біраз адам пәтерін 3-5 жылдан ерте сатқанның өзінде сол үшін есептелген салығын шегерімге жатқызып, ақыр соңында ештеңе төлемейді", – дейді А. Корнилова.

Салық консультанты Айдын Ғабитов бұл мәселені сот арқылы шешуге кеңес береді.

"Мұндай деректер сирек емес. Азаматтар ұзақ жыл баспанаға иелік етеді, бірақ дер кезінде мемлекеттік органда тіркемегендіктен осындай проблемаға тап болады. Әсіресе, ауыл-аймақтағы жылжымайтын мүліктің үштен бірі тиісті мемтіркеуден өтпеген деуге болады. Бірақ азаматтық заңнамаға сәйкес, Қазақстанда меншікке субъективті құқық өкілеттіктің триадасы, яғни үштағаны негізінде анықталады, бұлар – иелік ету, нақты пайдалану және мүлікке билік ету. Осы үшеуін жүзеге асырып келген адам мүліктің меншік иесі деп танылады. Егер адам ол баспанасына ұзақ жыл бойы салық төлеп келсе, соның өзі мемлекет алдындағы міндеттемесін адал орындағанын білдіреді. Демек ұлттық заңнамадағы олқылық түзетілуге тиіс", – деді сарапшы. 

Ал құзырлы органның түсіндіруінше, Парламент жаңа заңнамалық түзетулер енгізбейінше, қолданыстағы заң нормалары орындалады.

Мемлекеттік кірістер комитеті сыйға тарту шартына, ортақ мүлікке қатысты түсініктеме берді. Қазақстанда ерлі-зайыптылар негізінен ортақ баспанасына тең иелік етеді, әрқайсысы тең үлеске ие. Мәселен, айырылысқанда күйеуі өз үлесін әйеліне сыйға тартуы не сатуы мүмкін. Егер ізінше әйел ол баспананы сатса, "мүлікті өткізу кезіндегі құнның өсуі" пайда болады. Бірақ комитеттің түсіндіруінше, әйел тек бұрынғы күйеуінің үлесі үшін ғана 10 пайыз салық төлеуі керек. Осылайша, салық екі еседей азаяды.

"Күйеуі 2021 жылдың басында баспанадағы 50% үлесін әйеліне сыйға тартты делік. Алайда қандай да бір жағдайларға байланысты жыл соңында әйел ол үйді сатуға мәжбүр болады. Тиісінше, пәтердің ½ үлесі ғана әйелдің меншігінде 1 жылдан кем уақыт болған деп есептеледі. Қалған бөлігіне ол бұрыннан иелік етті. Сол себепті баспананың 50%-ына қатысты мүлікті өткізу кезіндегі құнның өсуі пайда болып, соған жеке табыс салығы салынады", – деп хабарлады МКК.

Комитет баспанасын мемлекеттік тіркеуге қойылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып, өз бағасынан қымбатырақ сатқан, сөйтіп, құнның өсуінен табыс тапқан адамдар салық төлеп қана қоймай, сонымен бірге салық органдарына 240.00 формасы бойынша декларация ұсынуға міндетті болатынын еске салады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу