Астана қаласы бойынша мемлекеттік кіріс департаменінің (МКД) мәліметіне сүйенсек, қаланың тұрғын үй қорында 238 мың пәтер бар. Ресми емес мәліметтерге жүгінсек, оның шамамен 10%-ын жеке кәсіпкерлер (ЖК) және жеке тұлғалар жалға береді.
2016 жылдың соңына қарай 11,8 мың кәсіпкер және 480 жеке тұлға баспананы жалға беріп заңды табыс тауып, түскен табыстан салық төлеп отырған. 2017 жылдың басынан бастап тағы 253 кәсіпкер мен 28 жеке тұлға тіркелген.
"Бүгінгі күні пәтерін жалға беретіндердің 40-50%-ы салық төлеуші ретінде тіркеліп, ресми түрде жұмыс істеп отыр. Сонда шамамен жартысы заңсыз жұмыс істейтін болып отыр ғой", — дейді МКД камералы бақылау басқармасының басшысы Аслан Махаметов.
12 мың кәсіпкердің үштен бірі, яғни 3716 жаңа жеке кәсіпкер 2016 жылы есепке қойылған. Осылардың есебінен түскен қосымша салық түсімі былтыр 158,7 млн теңгеге жетті. Ал 480 жеке тұлғадан түскен салық 31,2 млн теңге болған.
2012 мен 2015 жыл аралығында тұрғын үйді заңды түрде жалға беріп жұмыс істегісі келген 1000-нан 1400-ге дейін жаңа салық төлеуші тіркелген. Осылардың есебінен түскен қосымша салық түсімі сол кезде жылына 40-60 млн теңге болды.
Аслан Махметовтің айтуынша, баспананы заңсыз жалға беретіндерді анықтау қиын. Бұл баспананы жалға алу шығыны бар заңды тұлғаларды салықтық тексеру барысында және өз қызметкерлеріне баспананы жалға алу үшін қаражат бөлетін құрылымдармен ынтымақтастық нәтижесінде іске асады.
МКД жалға берушілердің баспананы жалға беруден түсетін табысын заңдастырудың қандай жолы бар екенін көрсетті.
Кәсіпкер емес, жеке тұлға мемлекеттік кіріс органдарының аумақтық бөлімшелеріне жеке табыс салығын төлеу декларациясын ұсынады. Мөлшерлеме мәлімделген табыстың 10%-ы.
Жеке кәсіпкер екі арнайы салықтық тәртіп (АСТ) аясында заңды жұмыс істей алады. Арнайы салық тәртібі барысында салық төлеуші патент негізінде мәлімделген табыстың 2%-ын аванс әдісімен төлейді. Арнайы салық тәртібі барысында жеңілдетілген декларация негізінде табысқа 3% салық салынады.
Баспананы жалға беріп табыс табатындар анықталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес әкмшілік айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері жеке тұлға үшін – 15 АЕК (2017 жылы 1 АЕК – 2269 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері, лауазымды тұлғалар үшін – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК.
Бір жыл ішінде заңсыз жалға беру қайталанатын болса, онда әкімшілік айыппұл мөлшері екі есе артады, ал ірі бизнес субъектілері үшін 500 АЕК-ке дейін көбейеді.
Дина Ермаганбетова