Баспана жалдаған дұрыс па, әлде ипотекаға алған ба?

2969

Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй бағасының өсуі жалғасуы мүмкін.  

Баспана жалдаған дұрыс па, әлде ипотекаға алған ба? Фото: canva.com

Баспананы жалдаған дұрыс па, әлде ипотекаға алған тиімді ме? Айлығы шайлығына жетпей жүрген қазақстандықтар бастапқы жарнаны қанша жылда жинай алады? Ұзақмерзімді перспективада бұл мүмкін бе? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

"Жалға алу құны қымбаттап жатса, әрине, ол да қымбат болып, ауыртпашылық түсіреді. Сондықтан да ипотекаға алған тиімді дегенге тоқтауға болады. Бірақ ол жерде де ипотеканың пайызы бар. Егер пайыздық мөлшерлеме, алғашқы төлейтін төлем жоғары болса, онда ипотека да тиімсіз болып шығады. Сондықтан жалгерлік төлем төлеп жүргеннен гөрі өзің үшін төлеген әлдеқайда тиімдірек. Бұдан басқа ұзақ мерзімде ақша құнсыздануы мүмкін. Егер де табысыңыз тұрақты түрде өсіп отырса, белгілі бір дәрежеде ипотекалық төлемнің құнын төлеуде қатты ауыртпашылық түсірмейтін болады", - деді экономист Мақсат Халық.

Оның айтуынша, қазіргі нарықтық заманда тұрақты табыстың болуына да еш кепілдік жоқ.

Келешекте жылжымайтын мүлік қымбаттай береді, сондықтан пәтердіипотекаға алған жөн дегенді жиі естіп жатамыз. Экономистен бұл пікірдің қаншалықты дұрыс екенін анықтап білдік.

"Мұндай қағида жоқ. 2007-2009 жылдары әлемде қаржылық дағдарыс болған. Оған ипотекалық дағдарыс себеп болды. Яғни үйлердің бағасы бір мезетте түсіп кетуі де мүмкін. Енді қазір Қазақстан жағдайында қарайтын болсақ, әсіресе екінші нарықтағы үйлерді көрсетңіз, ол өзінің құнына сәйкес келмейді. Бірінші нарықтағы үйлер құны түсінікті. Арматура, құрылыс материалдары, бетонның бағасы өсуі салдарынан үй бағасы қымбаттады. Ал екінші нарыққа не себеп болып отыр? Нақты себеп жоқ, тек сұраныс қана әсер етіп тұр. Сондықтан екінші нарықта "көпіршік" бар дегенге сарапшы ретінде қосыламын. Ол белгілі бір уақыт өткенде жарылуы мүмкін, үйлердің бағасы күрт қымбаттап не түсіп те кетуі мүмкін", - деп түсіндірді ол.

Айлығы шайлығына жетпей жүргендер немесе айлық табысы 200 мың теңгеден асатын қазақстандықтар бастапқы жарнаны қанша жылда жинай алады? 

"Дәл қазіргі нарықтық бағаларға қарасақ, жақын арадағы перспективада жинау мүмкін емес. 200 мың теңгенің бәрін сала алмайды, тұрмыс-тіршілігі бар. Әрі кеткенде 50 мың теңге сала алуы мүмкін. Тиісінше ол азамат жылына 600 мың теңге жинай алады. Демек ондаған жылдар жинауы әбден мүмкін. Сондықтан мұнда айту қиын. Сол себептен халықтың табысын арттыру өте өзекті мәселе боп отыр", - деп есептейді ол.

Экономист Мақсат Халық "9-20-25" бағдарламасына да тоқталды.

"Бұл бағдарламардың бәрінде өнімді нәтиже шығады деп айту қиын. Қайта ол бағдарламаның болуы нарықта сұранысты арттырады, белгілі бір дәрежеде үйлердің бағасын тағы қымбаттатады. Ал айлықтары аз азаматтар сол алғашқы жарнаны жинаумен де өмірі өтіп кетуі ғажап емес. Шынайы жағдай қазір осындай", - деп атап өтті ол.

Сарапшы үй сатып алуға қолайлы уақыт қаңтар-ақпан айлары деген пікірде. Көктемнен бастап нарықта баға өсе бастайды, сұраныс көбейе түседі. 

"Үйді ақша болған кезде ғана сатып алған дұрыс"

Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетиннің сөзінше, "Отау" бағдарламасының іске қосылуы тұрғын үй бағасына әсер етпейді.

"Себебі бұл бағдарламаның қолданылу аясы тар. Ол 35 жасқа дейінгі және 5 жыл ішінде атында баспанасы жоқ тұрғындарға арналған. Егер де мақсатты аудиторияны алатын болсақ, қазір жылжымайтын мүліктің негігі сатып алушылары – 35-тен жастан асқан азаматтар. Ал 35 жасқа толмағандар мақсатты топқа жатпайды. Меніңше, аталмыш ипотекалық бағдарламаның көмегімен жасалатын мәмілелердің жалпы саны нарықтың барлық үлесінің бір пайызынан аспайды. Сәйкесінше бұл жылжымайтын мүлік нарығына ешқандай әсер етпейді", - деді ол.

Спикер баспананы жалдап тұру немесе ипотекаға алу мәселесінде әр адамдербес шешім қабылдауы тиіс екенін айтты.

"Егер де сіз ипотеканы уақтылы төлемесеңіз, банкпен келісу қиын болады. Бұл үй сіздікі деген иллюзия. Яғни ипотека шартының талаптарыбұзылғаннан кейін, банк бірден сотпен істі қарауды және ипотека бойыншаталаптар қоя бастайды. Жалға алынған баспанамен байланысты да қауіп-қатерлер бар. Егер төлем жасамасаңыз, үй иесі де сізбен саудаласып отырмайды. Алайда адаммен келісуге болады немесе жалға алу құны арзан пәтерге көше аласыз. Барлығын таразыға салу керек екенін тәжірибе көрсетіп отыр", - деп түсіндірді сарапшы.

Лев Тетиннің айтуынша, пәтерді ақша бар кезде ғана сатып алған дұрыс.

"Жыл мезгіліне және нарықтағы жағдайға қарамастан, сіз бар болғаны бір ғана пәтер алып отырғаныңызды түсінгеніңіз дұрыс. Ең әуелі өзіңіздің қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалауыңыз қажет. Мен үй құнының 40 немесе 50 пайызы жиналған жағдайда ғана баспаналы болуға кеңес беремін. Себебі мұндай жағдайда пәтер құнының жарты ақшасы қолыңызда тұр, сәйкесінше қалған қажет қаражатты қалай жинау керегін білесіз", - деп жалғастырды спикер.

Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетинтұрғын үй бағасының өсімі жалғасатынын, жыл қорытындысы бойынша 12-15 пайыз өсім көрсеткішіне жетуі мүмкін екенін айтты. 

Жалақысы аз қазақстандықтар бастапқы жарнаны қанша жылда жинай алады?

Ал тұрғын үй нарығының сарапшысы Жанар Макатованың айтуынша, пәтерді жалға алғаннан гөрі, ипотекаға алған тиімдірек. 

"Бірінші нұсқада пәтер уақыт өте келе меншікке айналатындықтан, сәйкесінше сіздің пәтеріңіз үшін ай сайынғы төлем төленеді. Жалға берілетін пәтер туралы бұлай айтуға келмейді. Өйткені басқа біреудің пәтерінің жалдау ақысы, біреудің төлемі болып қала береді", - деді спикер.

Ол Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы жылдан жылға тұрақты өсіп келе жатқанын алға тартты. 

Жанар  Макатовадан айлық табысы аз қазақстандықтар бастапқы жарнаны қанша жылда жинай алатынын сұрадық.

"Әдетте жалақысы аз және бастапқы жарнасы жоқ клиенттер үшін бастапқыжарнаны жинауды ұсынамын. Мәселен, 25 млн теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін жоқ дегенде 20% бастапқы жарна керек, ол шамамен алғанда 5 млн теңгені құрайды. Ай сайын 70 мың теңгеден жинаған жағдайдаоны алты жыл ішінде жинауға болады. Жинақтауды қазірден бастау керек, себебі жыл сайын пәтердің бағасы мен бастапқы жарна мөлшері артады, сәйкесінше ай сайынғы жинақ сомасы да көбейеді. Өз басым бастапқы жарнажинақтауды қазірден бастауды ұсынамын", - деді ол.

Спикер іс жүзінде кез келген ипотекалық бағдарлама нарықтағы бағаға әсер ететінін айтты.

"Өйткені бұл жылжымайтын мүлікке сұранысты арттырады. Бірақ жалпы алғанда, бұл зейнетақы реформасы кезіндегідей бағаға әсер етпейді. "Отау"бағдарламасы бастапқы нарықтағы баспана сатып алуға бағытталған. Бағдарламаға қатысушы тек "Баспана" маркет порталында сатып ала алады. Бұл нұсқа тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуін болдырмауға арналған", - деп түсіндірді баспана нарығының сарапшысы.

Жанар Макатова үйді қай уақытта сатып алған тиімді екеніне де тоқталды. Айтуынша, жазда жылжымайтын мүлік сатып алу аздап қысқарады, оның себебі демалыс маусымы бар. 

"Оқу жылының басталуына дейінгі күзгі кезеңде тұрғын үйді сатып алу белсендірек байқалады. Жаңа жылдан кейін жылжымайтын мүлікке сұраныстың да аздап төмендеуі байқалады. Бірақ әртүрлі жылдарға қарасақ, әрдайым бұлай бола бермейді. Тиісінше жылжымайтын мүлікке сұраныстың артқан кезеңдерінде баға ерекшеленеді. Сондай-ақ адамдар қыста жылжымайтын мүлік сатып алуды ұнатады, өйткені олар нысанның жылуын тексере алады", - деді тұрғын үй нарығының сарапшысы Жанар Макатова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу