Баспанасыздар қатары азаймай тұр

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
4678

Көкшетауда баспана бұрыннан ең өзекті мәселенің бірі болған. Қазір де солай.

Баспанасыздар қатары азаймай тұр

Көкшетауда тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 8 мыңнан асқан. Облыс орталығында тұрғын үй мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Қалада өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынған үйлердің басым бөлігі әбден ескірген, күрделі жөндеуді қажет етеді. Әрине, қалада құрылыс жүрмей тұр деуге болмайды. Алайда жоспарланған көрсеткіш үйге мұқтаж адамдардың сұранысын қамтамасыз етуге мүлдем жеткіліксіз.

Қалалық құрылыс бөлімінен алынған мәліметтерге үңілсек, жыл басында тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін "Сарыарқа" шағын ауданында 9 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Осы ауданда жас отбасылар үшін 30 пәтерлі 3 тұрғын үй салынып жатыр. Биылғы жылдың шілде айында Көктем шағын ауданында 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Сондай-ақ Центральный шағын ауданында тоғыз қабатты 45 пәтерлі үй салынып жатыр.

Жатақханамен қамтамасыз етуге көмек сұрап келетіндердің де қатары көп. Сондай-ақ, үйі барлар да үй сұрап жүр. Көпшілігі үйді кезексіз алудан үмітті.

"Заңға сәйкес, тұрғындар пәтерді кезекпен ғана ала алады. Бізге барлық тұрғынның жағдайы бірдей, біреудің тұрмыс жағдайының ауырлығына қарап, кезекте тұрған өзге адамды ығыстыруға құқымыз жоқ. Мүгедектер мен жетім балаларға, сондай-ақ аз қамтылғандарға да мемлекет көрсетіп отырған қамқорлық заң аясында жалғаса береді", – дейді қала әкімінің орынбасары Шамрат Сәдуақасов.

Үйсіз тұрғындардың баспаналы болуының бір жолы – мемлекеттік бағдарламамен салынған үйден пәтер алу. Жас отбасы, мемлекеттік қызметкер, тағы да басқа топтарға жататын және ең бастысы, жалақысы үйге төлейтін ақшаға жететін болуы қажет. 15-20 жыл бойы табан ет, маңдай терімен тапқан ақшасын төлеп, сатып алатын, бірақ бағасы базар нарығынан біршама арзандау осындай мемлекеттік бағдарламамен салынған пәтер алғысы келетіндер аз емес. Дегенмен, ондай үйге қол жеткізу де оңай болмай тұр. 5-6 жылдан бері құжаттарын тапсырып, баспана ала алмай жүргендер көп.

Үй алуға тамаша мүмкіндік туғызып отырған банктің бірі – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі". Бірақ банктің аты айтып тұрғандай, алдын ала пәтер бағасының тең жартысын жинауыңыз қажет. Әйтсе де, қазір пәтерді айына 60-70 мың теңгеге жалдап тұрып жатқан жандар үшін бұл – пәтерлі болудың бірден-бір жолы. Дегенмен ондай үйлерге қол жеткізу де оңай болмай тұр.

"Бұл бағдарламаның да машақаты жетерлік. Жас отбасы, мемлекеттік қызметкер, тағы да басқа топтарға жататын және ең бастысы, жалақың үйге төлейтін ақшаға жететін болуы қажет. Оған ай сайын үйдің ауданына байланысты кем дегенде 40-50 мың теңге табысыңнан жырып беріп отырасың. Жылуың, ыстық-суық суың, газ, жарық, басқа да ұсақ-түйек жетіп артылады. Ал оны әркімнің жағдайы мен қалтасы көтере ала ма?", – дейді Сәуле Ыбырайымова есімді қала тұрғыны.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен биыл елімізде "Нұрлы жол" бағдарламасы қабылданғаны белгілі. "Нұрлы жол" бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, несиеге берілетін тұрғын үйлердің 50%-ы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар арасында бөлінуі тиіс. Оның үстіне, олар банктің салымшылары болуы керек.

"Банк арқылы немесе жергілікті атқарушы орган арқылы баспана алуға қатысуға болады. Егер банк арқылы қатыссаңыз, пәтер құнына сай жинау салымы болуы тиіс. 1 бөлмелі пәтердің 1 шаршы метрі 100 мың теңге, яғни 46 шаршы метр 1 бөлмелі пәтердің құны 4 млн 600 мың теңге. Салымшы 2 млн 300 мың теңге жинауы тиіс. Негізі пәтер құнының 50%-ын жинау керек. Алайда пәтердің толық сомасын жинағандардың баспана алуға мүмкіндігі жоғары екенін баса айтқым келеді. Бұрын жергілікті атқарушы органдарда тізімде тұрғандардың алдыңғылары пәтер алып келді. Енді "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында банк салымшылары арасындағыдай конкурс өткізіледі.

Егер сіз кезекте 500-інші болып тұрсаңыз да депозитте жинаған қаражатыңыз болса, пәтер алуға мүмкіндігіңіз де жоғары болады. 3 мың адам кезекте тұрғанымен, оның барлығының бірдей банктен депозит ашпағаны белгілі. 2017 жылы Көкшетаудағы Абылай хан даңғылы, Сарыарқа ықшам аудандарында 216 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бұл пәтерлердің кілті тек "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" клиенттеріне беріледі. Яғни сатып алушының міндетті түрде аталған банкте есепшоты болуы керек. Және онда жылжымайтын мүлік құнының 30%-ы болуы шарт", – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұржан Әлібеков.

Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің жеңілдікпен берілетін несиенің өзіне де кез келгеннің қолы жете бермейді. Көп азамат тұрғын үй кезегіне тұрып, банктен депозит ашқанымен, пәтер жалдап тұратындықтан, тиісті қаражат жинау қиын екенін ашына айтады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйден пәтер алу үшін жас отбасы, мемлекеттік қызметкер, тағы да басқа топтарға жататын және ең бастысы, жалақысы үйге төлейтін ақшаға жететін болуы қажет.

"Кей отбасының қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ екендігі белгілі. Алайда банк арқылы баспана алудың ең басты жолы – салымшы болу. Қаражат жинағандардың ғана пәтер алуға мүмкіндігі бар. Банктен шотты жай ғана ашып қою жеткіліксіз. Жеті жыл бұрын ашып, 10 мың теңге ғана салған тұрғындар да бар. Сондықтан осы бастан тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінде кезекте тұрған азамат өзі туралы мәліметті қайта тексерткені жөн. Өйткені кей азаматтарда ЖСН болмайтын жағдайлар кездесіп жатады.

Биылдан бастап жүзеге асырылатын "Нұрлы жол" бағдарламасымен біздің банк арқылы пәтер иесі атану үшін жылдап кезекте тұрудың қажеті жоқ. Яғни клиенттің төлем қабілеті болса, онда олар бірден жобаға қатысу үшін өтініш жасап, 1-2 немесе 3 бөлмелі баспана иесі атана алады. Олар үшін пәтердің әр шаршы метрі 100 мың теңге. Бұған дейін пәтерлердің 50%-ы жергілікті атқарушы органдарға кезекте тұрғандарға, 50%-ы банк салымшыларына беріліп келді. "Нұрлы жол" бойынша баспана алу үшін міндетті түрде алатын пәтер құнының 30%-ын жинау қажет. Айталық, 1 бөлмелі пәтер құны 4 млн теңгеге жуықтаса, 1 млн 200 мың теңге қаражат жинауға тиіссіз", – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұржан Әлібеков.

Жергілікті газет беттеріндегі тұрғын үй бағасына арналған хабарландыруларға көз жүгірттік. Баспана іздеп, шарқ ұрған адам, әрине, Көкшетаудың бір бұрышында аядай бөлме болса, соған да қанағаттанары анық. Алайда жатақханалардың жағдайы мәз емес. Әсіресе, тазалық мәселесі. Жуынатын жері мен дәретханасы бір қабаттың тұрғындары үшін ортақ. Дегенмен адамдар мұнда да тұрып жатыр. Жөнделмеген ескі жобадағы бір бөлмелі пәтерлердің құны орташа 6 млн теңге.

Үй алғысы келген азамат қолындағы бар ақшасын "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" жинап жатыр. Алайда көп салымшы жиналған ақшасының тұрғын үй алуға жетпейтініне алаңдаулы. Үйсіз жүрген жастың көпшілігінде қаржы жоқ, тіпті, несие алу мүмкіндігі де шектеулі. Осыдан төрт жыл бұрын банктен депозит ашқандар жыл сайын пәтер бағасы шарықтап өсіп жатқанын, әрі өзі пәтер жалдап тұратындықтан, банк талап еткен соманы жинау мүмкін емес екенін айтады.

"Баспанасыздар мәселесі туралы аз жазылмағанымен, өз елімізде тұрып, бір пәтерге қолымыздың жетпегені жаныңды ауыртады. Көкшетауда бір пәтерден екінші пәтерге көшіп жүргенімізге он жылдың жүзі болды. Үй бағасы шарықтап кетті. Пәтер жалдау бағасы да одан кем түсіп жатқан жоқ. Қарыз деген – бүйірден қадалған ине ғой. Бүкіл жас өмірім тек несие өтемі мен өсімін қайтарумен өтетін сияқты. Осыдан үш жыл бұрын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" ашқан жинақ шоттағы қаражатым тек бір бөлмелі пәтерге ғана жетеді екен. Банк мамандары мұның себебін осы үш жылдың ішінде пәтер құнының қымбаттағанымен түсіндіріп отыр", – дейді Еркін Қанафин есімді қала тұрғыны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу