Батыс Түркияны НАТО-дан қуып шығуды ұсынды

8917

Сарапшылардың байламынша, Ердоған мырза тәуелсіз саясатымен батыстағылардың зығырданын қайнатып отыр. Алайда оған балама жоқ.

Батыс Түркияны НАТО-дан қуып шығуды ұсынды

"Осы Түркияны НАТО-дан неге шығарып тастамасқа?" Кейінгі кезде батыс саясаткерлері, саясаттанушылары, ақпарат құралдары сұрақты осылай төтесінен қоя бастады. Әрине, бұл мәселе әскери одақтың күн тәртібінде тұрған жоқ. Бірақ жекелеген дауыстар хорға ұласса, НАТО-дағы жалғыз мұсылман елі саптан шығып қалмай ма?

Жан-жақтан түртпектеле бастаған осы тақырыпқа тереңірек үңілсек.

Financial Times сарапшыларының байламынша, бір жағынан алғанда Түркия көшбасшысы Реджеп Тайып Ердоған мырза шынымен одақтастарының кіжінісін туғызып отыр. Алдымен Анкара маусым айының соңында Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруіне қарсылығын жойды. Нәтижесінде, бұл екі елдің Альянс мүшесі болып қабылданатыны туралы хаттамаларға қол қойылды. Енді НАТО-ның 30 қатысушы мемлекетінің парламенттері бұл протоколдарды ратификациялауы шарт. Сонда ғана Финляндия мен Швеция Альянстың толыққанды мүшесі атанады. Әзірге оның саммиттеріне қатысады, бірақ дауыс беру, шешім қабылдауға қатысу құқығы болмайды.

Алайда осы тарихи оқиға – НАТО-ның кеңеюі болмай қалуы да мүмкін. Егер 30 мүше елдің бірі ратификацияламай қойса. Ол ел Түркия болғалы тұрғандай. Түрік лидері жаңа талап қойды. "Егер Швеция Түркия тарапынан терроризмге айыпталып отырған 73 адамды ұстап бермесе, Түркия Парламенті оның мүше болуына қатысты құжатты ратификацияламайды".

Батыс елдеріне қандай да бір тұлғаны дамушы елдерге ұстап беру – демократиясы үшін сынақ. Өйткені ондайды ақпарат құралдары қатаң сынайды. Мысалы, батыстық журналистер мен сарапшылар Түркияның Адам құқықтары жөніндегі еуропалық соттың "саяси астармен сотталғандарды" босату туралы шешімін орындамайтынына назар аудартады. Түркия олардың бәрін елдің тұтастығына, тұрақтылығына қатер төндіруші лаңкестер деп соттаған.

Қалай болғанда, Альянс өз мүшелерінің демократия мен адам құқықтарын қорғауда берік болғанын, бұл жолдан таймайтынын көргісі келеді. Әйтпесе, әлемде авторитарлық режимдер құрып алған өзге альянстардан оның айырмашылығы болмас еді.

Оның үстіне, FT сарапшысы, белгілі саяси шолушы Гидеон Рахман өзіне қарсы келген, сөзімен жақпаған оппозиция өкілдерін қолдан жасалған істермен, жалған айыптармен жаппай түрмеге тоғыту, ізіне түсіп, қудалау – Владимир Путиннің жасап отырған тірлігі екенін еске салады. Ал дамыған елдер оның режимімен жан-сала күресіп жатқанда, өз арасында сондай адамның шалқайып отырғанын қаламайды.  

Рахман Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруі Путин үшін ғаламат соққы болатынын жазады. Өйткені Балтық жағалауындағы Ресейден басқа елдердің бәрі Альянстың мүшесі атанады. Ресей бұл теңіз айдынында алшаң баса алмай қалады. Le Figaro тауып айтқандай, "Балтық теңізі енді НАТО-ның көліне айналады". Қазір осыған жалғыз ғана ел – Түркия тосқауыл қойғалы тұрған сияқты. Өйткені Швеция өзінде саяси пана тапқандарды тіпті одақтастарына да бермейтін табандылығымен, принципшілдігімен танымал. Мысалы, Қытайдан саяси қуғын көріп, бас сауғалаған қазақтар мен ұйғырлар да скандинавиялық елдерге қашатыны белгілі.

Осы орайда Мәскеу мен Анкараның арасындағы қарым-қатынастардың тыйылмақ түгіл, күшейе түскені Батыс истеблишментінің жүрегін май ішкендей етті. Мысалы, Түркия Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын қолдамады. Ол аз болғандай, ресейлік миллиардерлер мен инвесторларға құшағын ашты. Санкцияға іліккен кейбір орыс байлары дүние-мүлкін, капиталын, яхталарын осы елге де ауыстырды.

Мәселен, Қазақстан темір жолы Ресейге жалға бергін "Жібек Жолы" танкері оккупацияланған украиналық Бердянск қаласынан тоналған астықты тиеп алып, 1 шілдеде Түркияның Қарасу портына жеткен деген сөз шықты. ҚТЖ ол астықтың заңды екенін хабарлады. Ал Киев Анкараға жүгініп, ұрланған астық жаһандық нарыққа шықпауы үшін шара қабылдауды сұрады. 3 шілдеде кемені түрік кеденшілері бұғаттады. Ізінше ресми билік бидайдың шығу-тегін анықтау үшін тергеуге бастамашы болды. Алайда 6 шілдеде Ресей туы астында жүзген "Жібек жолы" танкері тұтқыннан босатылып, әрі қарай сапарын жалғастырғаны анықталды. Бұдан көңілі қалған Киев түрік елшісін шұғыл Украина Сыртқы істер министрлігіне шақырып, қарсылығын білдірді. Сонымен іс тынды.

"Түркияның бұғаттаушы саясаты Мәскеу тарапынан нақты қауіп-қатерге тап болған Балтық елдеріне – болашақ одақтастарға деген менменшіл ұстанымнан көрініс береді. Қорқыныштысы сол, Ердоған мырзаның Финляндия мен Швецияны қалқан тұтып, НАТО-ға доқ көрсетуі болашақта Ресеймен арада соғыс бола қалса, Түркияның өзін қалай ұстайтынына қатысты күмән бұлтын қалыңдатты. Себебі Ұжымдық қорғанысқа қатысты Вашингтон келісімінің 5-бабына сәйкес, НАТО-ның кез келген 1 мүшесіне қарсы жасалған шабуыл НАТО-ның барлық елдеріне қарсы жасалған шабуыл ретінде қарастырылады. Алайда ол бап қолданылуы үшін барлық мүше елдер бірауыздан дауыс беруге тиіс. Сонда Анкара оны бұғаттап тастаса не болады? Ондай болса, НАТО-ға Түркиясыз оңай, әрі жақсы болмай ма?", – деп Батыс сарапшыларын алаңдатқан сауалдарды жариялады Гидеон Рахман.

Дегенмен оның тұжырымдауынша, НАТО үшін Түркия – ең қажетті мүше. Шынын айтқанда, Альянстағы көптеген мүше оның тырнағына да тұрмайды.

FT Түркияның аса құнды одақтас екенін дәлелдейтін бірнеше дәйектемені келтірді. Түркияны НАТО-дан қуып шығу стратегиялық апатқа айналады екен.

Бірінші фактор – мұсылман және түркі әлемінің бір көшбасшысы саналатын бұл мемлекеттің Қара теңізде географиялық сәтті орналасуы. Қара теңіз дәл қазір Ресей үшін де, Батыс қолдаған Украина үшін де Жерорта теңізіне шығатын маңызды жол саналады. Ал Түркия сол теңізге шығарар осы қақпаны өз қолында ұстап отыр. Ол өз мүшесі болғандықтан, тиісінше НАТО да осы стратегиялық өткелді қадағалай алады. Мысалы, Анкара соғыс басталғанда, Босфор шығанағы арқылы ресейлік әскери кемелерді өткізбей қойды және оларды бұғаттауын жалғастыруды. Олай жасамағанда, Украинаның бүкіл жағалауы отқа оранып, қаптаған жау осы жақтан лап қоятын еді. Ол мүмкіндіктен айырылған Кремль амалсыз ұшақтардан десант түсіруге мәжбүрленді. Олардың көбін украиналық әскер талқандады. Мәскеу 3 күнде Киевті құлата алмады. Қазіргі кезде Түркия өз аспаны арқылы ресейлік әскери ұшақтардың ұшуына да тыйым салып тастады.

Екіншіден, егер Түркияны НАТО-дан шығарып тастаса, ол Ресейдің одақтасына айналуы ықтимал. Онда Ресей алдынан қайтадан Жерорта теңізіне шығар қақпа айқара ашылуы мүмкін еді.

Үшіншіден, Батыстың Түркия арқылы Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке ықпал етуі күрделеніп кетпек. Мысалы, Түркия Сириядағы, ішінара Ирактағы жағдайға ықпалын жүргізеді. Ресей бар күш-жігерін Украинаны құртуға жұмылдырғалы Анкара Сириядағы әскери өрісін кеңейте түсті. Бұл елде Түркия АҚШ-пен бірге Мәскеу мен Башар Асад режимінің одағына қарсы тұруда.

Төртіншіден, Түркия Батыс әлемімен уағдаластығын сақтап, сириялық 3,7 миллион босқынға пана болды. Яғни осы арқылы Еуропаны жарып жіберуі мүмкін гуманитарлық апаттың алдын алды, алапат қысымды азайтты. 2021 жылғы тамызда Америка армиясының кетуі кесірінен президент Ашраф Гани өкіметі құлап, орнына талибандар (Қазақстанда тыйым салынған) келді. АҚШ-пен ынтымақтастық жасаған ауған байлары Түркияға қашты. Түрік елінде жылжымайтын мүлік сатып алу жөнінен ауғандар алғашқы бестікке кірді.  

Бұл тұрғыдан алғанда Түркия Батыс әлемін босқындардың тасқынынан құтқарушы болып отыр.

"Әрине, Түркияның демократиялық беделіде дақ бар. Бірақ Ресейден айырмашылығы, Түркия НАТО елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндірмейді. Тек Грекиямен Эгей теңізіне қатысты шиеленісі бар. Ресеймен қақтығыста НАТО үшін орасан зор маңызын ескере отырып, Түркияны Альянстың жағында ұстап қалудың ғаламат маңызы бар. Ердоған мырза өзінің осы маңызын біледі. Ол Украинадағы соғыс ұсынып отырған ықпал ету тетіктерін орнымен пайдалана біледі. Оның стратегиясы жағымсыз, бірақ бақылауға көнеді. Өйткені НАТО-ның өзге мемлекеттері де Түркияға ықпал ету тетіктеріне ие. Мысалы, 80 пайыздық инфляция жайлаған Түркия олардың экономикалық, қаржылық қолдауына зәру", – деген тоқтамға келді Financial Times.

Ендеше Финляндия мен Швецияның мүшелігі болсын, басқа мәселелер болсын, НАТО аясында Ыстамбұлдың Гранд-базарындағыдай қызу саудаласу жалғасатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу