Батыстың 9-шы санкциялық пакеті электроникаға жойқын соққы бермек

2348

Бұл Қазақстанда онсыз да бағасы шығандаған ноутбуктар мен өзге де электронды тауарлардың күрт қымбаттауына соқтыруы мүмкін.

Батыстың 9-шы санкциялық пакеті электроникаға жойқын соққы бермек

Америкалық Politico басылымы Еуропалық Одақтың Украинаға басқыншылық жасағаны үшін Ресейге қарсы енгізетін санкцияларының жаңа, тоғызыншы топтамасына не кіретінін жариялады. Ұжымдық Еуропаның кезекті соққысы ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенді күйретуге бағытталады және РФ өнеркәсібінің бірқатар салаларына нұқсан келтірмек. Шеткеу шараларының жобасы ақпарат құралдарына белгілі болды. 

Сонымен Еурокомиссия одаққа мүше елдерге санкциялық қара тізімдегілер қатарын тағы 169 ұйыммен толықтыруды ұсынып отыр: олар "ресейлік қорғаныс және қауіпсіздік секторын технологиялық жетілдіруге септесетін тауарларды Ресейге жеткізеді".

Бұдан бөлек, санкция аясында дрондарға арналған қозғалтқыштарға, химиялық және биологиялық жабдықтарға, бұқаралық тәртіпсіздіктермен күрес құралдарына және электронды компоненттерге қатысты қатаң экспорттық бақылау енгізілмек.

Жалпы бұл құрауыш-компоненттер көптеген тұрмыстық техникаларда қолданылады. Сондықтан санкция Ресейдегі көптеген саладағы өндіріске залалын тигізуі мүмкін. Мысалы, химиялық қоспалар жетіспей, солтүстік көршінің фармацевтика саласы күйреп, дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы ғажап емес.

Еуроодақ қара тізімге авиациялық және ғарыш саласын да қосуға бел буды. Мұның салқыны "Байқоңыр" ғарыш айлағына тиіп, ол деградацияға ұшырауы да ықтимал.

РФ күні кеше ұшақтарға қажетті жабдықтарды Үндістаннан алуға уағдаластық жасалғанын жариялады. Бұл ретте санкциялық тауарлар құрамына авиациялық қозғалтқыштар мен олардың бөлшектері кіреді деп жоспарланған. Үндістан қайталама санкцияға түсіп қалғысы келмесе, онда Мәскеумен арадағы келісімін бұзуына тура келеді.

Жаңа пакеттегі тауарлардың бір тобы елең еткізеді: "ноутбуктер, қатты дискілер, камералар мен объективтер" де санкцияға ілігіп, РФ-қа экспортына тыйым салынбақ.

Қоса берілген жеке құжатта санкция қыспағына алынатын жаңа ұйымдардың тізімі нақтыланған. Оның аясында ресейлік "НТВ/НТВ Мир", "Россия 1", "РЕН ТВ" және Первый каналдың Еуропадағы трансляциясын тоқтату, хабар тарату лицензияларының күшін доғару қарастырылған. Бірақ ресейлік пропаганда мұндай санкцияны айналып өтудің схемаларын жолға қойып алды. РФ арналарына тыйым салынған елдерде Мәскеу жергілікті арналарға ақы төлеп, оларға жекелеген бағдарламаларын ретрансляциялауға береді. Ол телеөнімдерде "Россия 1" деген таңба басылмайды, оны еуропалық арна өз өнімі ретінде ұсына береді.

Бұдан өзге, санкцияның тоғызыншы толқыны ресейлік бірнеше әскерилендірілген құрылымдарды басып қалуы ықтимал. Қара тізімге енетіндер қатарында "Вагнер" жеке әскери компаниясымен тығыз байланысты "Русич" неонацистік тобының командирі Ян Петровскийдің аты да аталды.

Әрине, бұл тізім түпкілікті емес. Келесі жылы өмірге жолдама алатын топтаманы Еуропалық Одақ елдерінің тұрақты өкілдері талқылауды жалғастырды. Бірақ Батыстағы Рождество мерекесіне дейін келісімнен өтіп, қабылданады деп күтілуде. Ондағы тізімге шамамен 200 жеке тұлғалар мен компанияларды қосу ұсынылып отыр. Олардың арасында әскерилер, РФ қорғаныс өнеркәсібінің өкілдері, Мемдума және Федерация кеңесінің (Сенат) депутаттары, министрлер, губернаторлар, саясаткерлер бар. Сондай-ақ ресейлік үш банкке санкция қолдану, қосарлы мақсаттағы тауарларға қосымша шектеулер енгізу ұсынылған.

Ал Financial Times өз дереккөздеріне сілтеме жасап, келесі аптаның соңында мақұлдануы мүмкін жаңа пакет аясында Ресейдегі таукен өндірісіне инвестиция салу да тыйымға ілігетінін хабарлады. Сонымен бірге ресейлік маркетингтік және зерттеу компанияларымен мәміле жасауға тыйым қойылады.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің мәлімдеуінше, Ресейге қарсы жаңа шектеулерді дайындау процесі "зор қарқынмен жүріп жатыр".

Польша ақпарат құралдарының хабарлауынша, Варшава мен Балтық елдері бұл санкцияларды жұмсақ санап, оған Ресейдің ядролық энергетикасын, алмас өндірісін және сұйытылған газын енгізуді ұсынған. Бірақ егер басқыншы Украинадағы Запорожье атом электр станциясын өз еркімен тастап шықса, онда МАГАТЭ Ресейдің атом саласын, Венгрия мен Түркияда қолға алған АЭС құрылысын санкциядан құтқарып алуға септеседі деген сөз бар. Осыған байланысты келіссөз жүргізу үшін МАГАТЭ делегациясы осы аптада Мәскеуге келді.

Әзірге Ресейге қарсы санкциялардың жаңа топтамасына Мәскеудің досы В.Орбан басқаратын Венгрия билігі қарсы шыққаны хабарланды. ЕуроОдақта барлық шешім консенсуспен қабылданады, Будапешт вето қойса, бұл іс дағдарады. Бірақ Еурокомиссия тоғызыншы пакеттің енгізілетіні туралы 7 желтоқсанда мәлімдеп те қойды.

Қазіргі кезде Ресей тұрмыстық электроника тауарларын, компьютерлік заттарды негізінен Қытайдан, Қазақстаннан тасиды. Дегенмен олардың бағасы күрт қымбаттағандықтан ресейліктер ескі, б/у техниканы тұтынуға көбірек ден қоя бастапты. Нәтижесінде, жеке тұлғалардың хабарландырулары жарияланатын ресейлік сауда алаңдарында, форумдарда "Куплю старые, поддержанные ноутбуки" деген жазбалар көбейген.

Сонымен бірге "Коммерсантъ" жазуынша, Реседе биылғы үшінші тоқсан қорытындысында жаңа ноутбуктер саудасы екі есеге құлады. Яғни, былтырғы ұқсас кезеңдегіден 2,1 миллион бірлікке аз сатылған. Бұл ретте корпоративтік секторда да құлдырау бар. Компаниялар ноутбук алуды 47 пайызға кеміткен.

Бизнес-аналитик Антон Фомин журналистерге сұхбатында статистикада сұр схемалар ескерілмейтінін ескертті.

"Компаниялардың сатып алу рәсімдері күрделендірілді. Бүгінде Ресейдің нарығында сатылатын құрылғылар корпоративті секторды да, ауқатты жеке тұлғаларды да техникалық сипаттамалары тұрғысынан қанағаттандырмайды, көңілінен шықпайды. Ал қажетті маркадағы ноутбуктарды таба алмайсыз.  Apple MacBook Air, Microsoft Surface, DELL G5, Dream Machines және басқа да бизнеске, ойнауға арналған ноутбуктерді Қазақстаннан, ішінара Грузия, Армениядан тасуға тура келеді", – деді сарапшы.

Қазіргі кезде Ресейде ортанқол ноутбуктер бағасы 55,6 мың рубльден (шамамен 400 мың теңгеден) басталады. Бірақ жыл басынан бері шамалы арзандапты. Соғыс басталғанда орташа бағасы 61,3 мың рубльге дейін шарықтаған екен. Егер санкциялық топтама күшіне енсе, баға тағы шығандай жөнелуі мүмкін.

Еліміздегі белгілі тұрмыстық және компьютерлік техника дүкендері желісінің менеджері Данияр Ерғазин қазір елде ноутбуктердің орташа бағасы 250 мың теңге және одан жоғары екенін айтады. Әрине, 120 мыңнан "ең арзанын" да табуға болады.

Данияр бұрынғы жылдарға қарағанда ассортимент біршама шектелгенін жасырмады. Логистикалық қиындықтар, жеткізу тізбектерінің бұзылуы ықпал етті. Бірақ жақсы ноутбуктер жетерлік. Сонымен бірге ол жаңа жылда ноутбук тапшылығы туындамайды деген ойда. Алайда бағасы тағы қымбаттайды деп күтілуде екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу