Ұлттық статистика бюросы мамандарының хабарлауынша, 2023-2024 оқу жылында елімізде 25 230 шетелдік студент болыпты. Нақтылағанда, алдыңғы оқу жылында Қазақстанда ЖОО-ларда оқитын жалпы саны 592 694 студент болса, соның ішінде 567 464-і – Қазақстан азаматы болған.
Ал, жаңа 2024-2025 оқу жылында елімізде 28 458 шетелдік студенттің оқып жатқаны анықталды. Бұл ретте ағымдағы оқу жылында отандық жоғарғы оқу орындарында жалпы саны 624 469 студент білім алуда. Оның 596 011-і – Қазақстан азаматы.
Республикамыздағы шетелдік студенттердің басым көпшілігі немесе 14 100-і – ТМД мемлекеттерінің азаматтары. Соның ішінде 2 147-сі – Ресейден, 4 386-сы – Тәжікстаннан, 4 620-сы – Өзбекстаннан. Ауғанстаннан бүгінде 602 студент оқып жатыр.
Өзге шет елдер арасында үндістандық (9 345), қытайлық (1 129) және моңғолиялық (1 135) студенттер басым. Бірақ Үндістанды айтпағанда, қалғанының басым бөлігі Қазақстанның көгілдір төлқұжатын алмаған жатжұрттағы қандастардың балалары көрінеді.
Статистика сарапшылары тағы бір қызықты деректі ашты. Қазіргі кезде 4 156 шетел азаматы елімізде мемлекеттік грантпен тегін оқып жатыр.
Бірақ шетелдік студенттердің үлкен бір бөлігінің оқуын аяқтамайтыны байқалады. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында 494 шетелдік студент қана бітіріп, диплом алып шыққан.
Дегенмен, біздің өңірімізде, яғни, Орталық Азияда, тіпті ТМД көлемінде ғана емес, бүкіл әлем бойынша шетелдік студенттерді тарту көрсеткіші жөнінен әлемдік лидер – Қырғыз Республикасы болып шықты. Ондағы жатжұрттық студенттердің саны біздегіден 3 есе көп, 85 мың адамнан асты.
Мұның мәнісін қырғыз саясаткері, шығыстанушы, дипломат, Қырғызстанның Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары, қазіргі Пәкстандағы елшісі Авазбек Атаханов түсіндірді.
"Қырғызстан соңғы бірнеше жылда шынында да әлемді өз жетістіктерімен таңғалдырып келеді. Мысалы, еліміз кейінгі бірнеше жыл бойы экономикалық өсім бойынша Орталық Азия лидеріне айналды. 2024 жыл қорытындысында ЖІӨ-нің өсімі 9%-ға жетті. Біз енді білім беру саласында да көшбасшылық орынға көтеріліп отырмыз. Erasmus халықаралық ұйымының дерегінше, халқы 7,2 миллионды құрайтын Қырғызстанда 78 жоғарғы оқу орны бар. Оның 50-і – жекеменшік. Студенттердің жалпы саны 221 мыңнан асады. Соның ішінде шетелдік студенттердің саны 85 мың адамға жеткені назар аудартады", – деді Авазбек Қойлыбайұлы.
Осылайша, Қырғызстанда әрбір 85 тұрғынға шамамен 1 шетелдік студенттен келеді. Салыстырсақ, Қазақстанда шамамен әрбір 710 тұрғынға 1 шетелдік студенттен келеді.
"Тіпті қарапайым есептеме арқылы жатжұрттық білімді жастарды тарту жөнінен Қырғызстанның әлемдік лидерге айналғанына көз жеткізуге болады. Мысалы, Open Doors 2024 дерегінше, 2024 жылы халқының саны 342 миллион адамды құраған АҚШ-та 21,6 миллион адам жоғарғы оқу орындарында білім-ғылым игеруде. Соның ішінде америкалық колледждер мен университеттердегі шетелдік студенттердің саны рекордтық 1,126 миллионға жеткен. АҚШ-та әрбір 303 адамға 1 шетелдік студенттен келеді", – деді Авазбек Атаханов.
Ресми статистикасы бойынша 145,9 миллион тұрғыны бар деп есептелетін Ресейде ЖОО-ларда тек 4,3 миллион студент оқиды. 2023-2024 оқу жылында 355 мың шетелдік студент қана қалған (негізінен, ТМД елдерінен). РФ-та әрбір 411 адамға 1 шетелдік студенттен келеді.
Өзге елдерде де жағдай ұқсас. Олардың бірде бірі біздің туысқан елді – Қырғыз Республикасын басып оза алмады.
Бұл жерде халық санына шаққандағы емес, студенттердің жалпы саны бойынша жаһандық көшбасшылар – Америка (1,126 млн шетелдік студент), Ұлыбритания (680 мың), Қытай (377 мың), Канада (364 мың), Австралия (352 мың), Германия (250 мың) және Жапония (189 мың).
Шетелдік студенттердің көп болуы не үшін маңызды?
Erasmus университеттер арасында студенттер мен оқытушылар алмасу жөніндегі коммерциялық емес бірлестігі сарапшыларының түсіндіруінше, біріншіден, бұл әлемдегі қандай елдің білімді, дарынды жастар үшін тартымды, болашағынан мол үміт күттіретін мемлекет екенін көрсетеді.
Екіншіден, осы арқылы білім туризмі дамиды. Мысалы, АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, бір ғана 2023 жылы шетелдік студенттер негізінен оқу және тұру ақысы есебінен Америка экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы түсірген.
Сондай-ақ, шетелде оқитын баланы сағынып, дүркін-дүркін ата-анасы, бауырлары, жақын-жұрағаты мен дос-жарандары қыдырып барады. Турист ретінде олар да экономикаға қыруар қаржы қалдырады.
Үшіншіден, шетелдік студенттер оқу барысында сол елге бауыр басып, жұмыс тауып, не отау құрып, қалып қоюы мүмкін. Осы арқылы мемлекет сырттан "ақыл-ойды", білімдар, талантты жастарды және білікті жас мамандарды өзіне тартады.
Бұдан бөлек, Болон білім беру жүйесінде шетелдік студенттер үлесі көп ЖОО-лардың жаһандық рейтингтегі орны да биік болады.
"Қалайша жеті миллиондық Қырғызстан жер-жаһандағы білімнің жерұйығына айналып шыға келді?" деп барлығы таңғалып жатады. Бірден айтайын, біздің білім беру жүйесіндегі жағдай тіпті ең дамыған елдердегіден жаман емес, бірақ кемел деуге де келмейді. Біз кемшіліктерді тауып, оны жою үшін дұрыс байлам жасауға тиіспіз. Бір анығы, Қырғызстан барған сайын бүкіл әлемдегі білім қуған студенттер үшін ең бір танымал орынға айналуда. Ұлттық статистика комитеті де әртүрлі елдерден келіп жатқан студенттер легінің қарқынды өскенін көрсетеді", – деді Авазбек Атаханов.
Сарапшының түсіндіруінше, Қырғызстанның білім саласындағы "магнит-мемлекетке" айналуына бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, Қырғызстанның ректорлары шетелдік білім-ғылым ордаларымен күшті байланысты, тығыз ықпалдастықты, сенімді серіктестікті, белсенді тәжірибе алмасуды жолға қоя алды.
Екіншіден, сынақтан сүрінбей өтуі, озықтығын растауы, беретін білімінің сапасын дәлелдеуі арқасында 2024 жылы Қырғызстанның 6 университеті – "QS Asia University Rankings 2025" азиялық ең үздік университеттер рейтингіне енді.
Қырғызстандық 10 университет – Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палата түзген, әлемдегі 2 678 университет арасынан іріктелген Үздік ЖОО-лардың еуропалық тізіміне кірді.
Қырғыздың 3 ірі университеті – ҚРСУ, "Манас" қырғыз-түрік университеті, Исхак Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті "QS World University Rankings 2025" жаһандық ең үздік университеттер рейтингінен табылды.
Осы арқылы қырғыз ЖОО-лары әлемдегі оқуға ынтыққан жастардың назарын өзіне аудартып, сеніміне ие болды. Қырғыз елінде қолайлы білім беру ортасы, экожүйесі құрылған.
Үшіншіден, ТМД кеңістігіндегі, жалпы, әлемдегі көптеген елдермен салыстырғанда, Қырғызстанда оқу ақысы арзан. Бұған қоса, қырғыз елінде инфляция төмен, қымбатшылық жоққа тән. Үй жалдау, тамақтану құны әлдеқайда төмен.
Ресми мәлімет бойынша Қырғызстанға ТМД мемлекеттерінен, сондай-ақ Пәкстаннан, Үндістаннан, Қытайдан, Бангладештен, Шри-Ланкадан, Непалдан, араб елдерінен және басқа алыс мемлекеттерден ағылатын студенттердің саны қарқынды артып келеді.
"Бізде өзге елдермен салыстырғанда, жоғары білім алу құны арзан. Сонымен бір мезгілде ЖОО-ларымыз арасында бәсекелестік қызу: олар бір-бірімен жарысып, оқыту процесіне барынша креативті, тәжірибелі оқытушыларды белсенді тартады, сол арқылы оқыту сапасын арттырады. Бұл бізді қуантады. Негізінен ағылшын тілін білетін, бірегей төл оқыту бағдарламасын әзірлей алған профессорларға сұраныс үлкен. Үкімет бұл процесті жан-жақты қолдайды. Өйткені білім беруді интернационализациялау – мәдени құндылықтар алмасуға, достықты нығайтуға, елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге септесетін маңызды фактор болып табылады", – деді жоғарғы білім жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеген дипломат-ғалым Авазбек Атаханов.
Сондай-ақ, бұл үрдіс Қырғызстанға жаңа ресурстардың, инвестициялардың, технологиялардың тартылуына түрткі болды. Туризмнің дамуына серпін берді. Жастарды толеранттылық, достық және білім культі рухында тәрбиелеуге үлес қосуда. Қырғыз ағайындар осы арқылы әлем бойынша "жұмсақ күшін" күн шуағындай таратып жатыр.