Базарлардың жаппай жабылатын күні белгілі болды

10014

Қазақстанда үш мегаполисте және тұрғындарының саны 100 мыңнан асатын қалаларда даладағы базарлар жұмысын тоқтатады. 

Базарлардың жаппай жабылатын күні белгілі болды

Жаңадан құрылған сауда және интеграция министрлігі ықылым заманнан келе жатқан далада, көшеде тауар жайып, сату тәжірибесіне түпкілікті тыйым салмақ.

Министрліктің хабарлауынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, астанада, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар – Алматы мен Шымкент аумағында стационарлық емес әмбебап сауда базарлары жабыла бастайды.

"Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, үш ірі мегаполисте ғана емес, сонымен қатар халқының саны 100 мың адамнан асатын облыстық маңыздағы барлық қалада стационарлық емес әмбебап сауда базарларының жұмыс істеуіне жол берілмейді", – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл – "Сауда қызметін реттеу туралы" заңының талабына сәйкес жасалуда.

Бұл заң алда жаңа түзетулермен күшейтілмек. Мысалға, базарлар қызметін сот тәртібімен тоқтата тұрудың немесе тыйым салудың заңнамалық мүмкіндігі көзделеді. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл бап 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ал базарын жаппаған немесе қайтадан ашып алған кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылады? Бірінші жолы сауда базарының әкімшілігіне немесе меншік иесіне ескерту жасалады.

Ескерту түріндегі әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн, бір жыл iшiнде қайта тексеріледі. Егер жабылып қалмағаны белгілі болса, онда үлкен айыппұл салынады және базар күштеп таратылып бұзылады.

Айыппұл көлемі сауда базарының әкімшілігі немесе меншік иесі кәсіпкерліктің қандай нысанында жұмыс жасап келгеніне байланысты болмақ.

Егер шағын кәсіпкерлік нысанына жатса, 65 АЕК (2019 жылғы шамасы 164,1 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалайды. Орта кәсіпкерлік нысанының жазасы бұдан екі еседей ауырлау – 120 АЕК (303 мың теңге). Ал ірі кәсіпкерлерге 200 айлық есептік көрсеткіш (жарты миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жерде АЕК көлемі жыл сайын қайта қаралып, өсіп отыратынын атап өткен жөн. Демек, даладағы базарын тарқатудан бас тартқан бизнесмендерге таңылатын айыппұл көлемі 2025 жылы миллионнан асып жығылуы да ғажап емес.

Жылдар бойы қалың жұрт келіп сауда жасауға үйренген, яғни бұқара білетін "майшелпек" орын бос жатпайды. Сүрілген стационарлық емес әмбебап сауда базары орнына жабық сауда орнын тұрғызғысы келетін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен субсидия беру қарастырылуда. Бұл бастаманы "Атамекен" ҰКП ілгерілетуде.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда 699 базар жұмыс жасауда. Оларда шамамен 4,4 млн шаршы метр немесе 152 мың сауда орны жалға беріледі. 250 мыңдай қазақстандық базарда сауда-саттықпен айналысады.

"Бұл мәселенің әр қыры бар. Даладағы базарда тұрған жанның денсаулығына нұқсан келетіні әрі ондай өнімнің сапасы төмендеу болатыны жасырын емес. Базарларда санитарлық талаптар сақтала бермейді. Бірақ басқа жағынан алғанда, ғимарат ішінде орналасқан, жарықтандырылған, су жүйесі тартылған жабық базарларда саудагерлерден жиналатын ақы әлдеқайда жоғарырақ болады. Бұл өз кезегінде, тауар бағасына әсер етеді. Қалай болғанда, Үкімет өркениетті сауданы жаппай жолға қоюды таңдағанға ұқсайды. Қазір саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлерге ешқандай артықшылықтар қарастырылмаған, оларға ең болмаса, несие алуда қолдау көрсетілсе, белгілі бір бөлігі субсидияланса, бұл нарықтың заманауи өркениетті қалыпқа келуіне ықпал етуі ықтимал", – дейді экономист Ерлан Байшорин.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу