Саудагерлер қолынан Қазақстанның бүкіл бюджетіндей ақша өтеді

2879

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы елімізде қанша базар барын анықтады.

Саудагерлер қолынан Қазақстанның бүкіл бюджетіндей ақша өтеді

Өткен жылы Ұлттық палата жүргізген сауда базарларын паспорттаудың қорытындысы қызықты деректердің бетін ашып отыр. Біріншіден, Қазақстанның барлық өңірлерінде ұйымдастырылған түрде 787 базар жұмыс жасайтыны анықталды.

Екіншіден, олардағы саудагерлердің шамамен 70%-ы базарларда ұзақ уақыттан бері жұмыс жасайтынын және бұл негізгі табыс көзі болып табылатынын айтқан. Яғни, бір-екі жыл сауда жасап, қаржы жиған соң, басқа кәсіпке не бизнес түріне ауысып кетуді ойлағандардың көбі сол бойы базарда қалады.

Үшіншіден, сұрау салынғандардың 50%-дан астамы өзі базардағы орынның қожайыны саналатынын, ол төл бизнесі болып табылатынын айтқан.

Байырғы замандарда қазақ жері арқылы "Ұлы Жібек жолының" сан тарам жолдары өткен, олармен әр бағытта тең-тең жүктер тиелген керуендер ағылған. Қазір де Қазақстан "саудагерлер елі" болып қалуда.

Өйткені сауда секторы еліміздің бүкіл ІЖӨ-сінің 18%-ын жалғыз өзі қалыптастырады. Бұл салада 1 миллион 300 мыңнан астам қазақстандық күнделікті нәпақасын айырып, еңбек етіп жүр.

2018 жылы Қазақстанда көтерме және бөлшек сауда айналымы тағы 15%-ға өскен. Өзге салалардың басым көпшілігі дәл осындай өсіммен мақтана алмайды.

Сонымен бірге, саудагерлік – негізінен, өзге мамандықтарда жолы болмағандардың, немесе біліктілігі жетпегендердің нәпақа айыратын орнына айналып кеткелі қашан.

"Бүгінде сауда секторындағы жаңа біліктіліктерге ие мамандарды даярлау, осы бағыттағы еңбек нарығын бағамдау, оқыту тетіктерін анықтау, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс пен бағдарламалардың мазмұн-контентін белгілеу – басымдықты тақырыптардың бірі болып есептеледі. Тәуелсіз сарапшылар анықтағанындай, қазіргі кезде саудадағы әрлі-берлі ауыса беретін кадрлардың тұрақсыз қозғалысы 80%-ға жетеді. Бұған олардың біліктілігінің төмендігі, жалақының аздығы, жұмысқа деген ынталандырулардың болмауы, сауда қызметкері кәсібінің беделінің жоқтығы себепкер. Қазақстанда тек ауыл-аймақта ғана емес, тіпті ірі қалалық агломерацияларда да білікті мамандардың тапшылығы байқалуда", – дейді ҰКП сауда департаментінің директоры Дінмұхамед Абсаттаров.

Оның байламынша, халықаралық тәжірибе Қазақстандағыдан керісінше үрдіс-тенденция көрсетуде. Дамыған елдерде сауда ұйымдарының қызметкерлері дәріханадағы провизор сияқты, өзі сататын өнім туралы егжей-тегжейлі білетін, өзгелер естімеген жайттардан да құлағдар "білікті маман-кеңесші" ретінде құрметтеледі. Себебі, олар шынында сатып алушыларға өнім туралы толыққанды кеңес-консультациялық қызметтер көрсетеді.

Ал бізде "сауда сақал сипағанша" деген кері идеология бойға берік бекіген. Кейбір сатушылар өз өнімін кез келген алдау, жаңылыстыру жолымен жақсы бағаға өткізуге бейім тұрады Ал базбір саудагерлер "бәрібір алмайды", "босқа киіп, өлшейді" деп, келушілеріне қату көзқараспен қарайды, еш ілтипат, ықылас танытпайды. Сондай-ақ елімізге, тіпті елордаға келетін шетелдік туристер сауда орындарындағы қызметкерлердің ағылшын тілін түсінбейтініне қынжылып жатады.  

Қалай болғанда, сауда секторы 1,3 миллионнан астам қазақстандыққа өзін және отбасын асырауға мүмкіндік беру, мектепті, арнайы не жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін өзге нарықтарда өз орнын таппаған еңбеккерлерге жұмыс тауып беру арқылы әлеуметтік маңызды рөл атқаруда.

Бірақ басқа жағынан алғанда, осы сала мамандарын даярлау мәселесі де өзекті болып отыр. Өйткені бұл түйткіл "тұтынушылардың қауіпсіздігі" мәселесімен тығыз қабысып жатыр. Мәселен, өз кәсібін қадір тұтатын, бағалайтын сатушы ешқашан ұрланған телефонды сатуға қабылдап алмасы сөзсіз. Сондай-ақ астаналық дәріханалардың бірінің сатушысы демалыстан оралған клиенттен шетелде сатып алған, Қазақстанда тіркелмеген "Дюфастон" дәрісін арзанға сатып алып, сөреге шығарғаны да есте.

"Қазір сауданың жаңа форматтары қарқынды дамуда, демек осы сала қызметкерлерінен заманауи сауда-маркетингтік машықтар мен біліктіліктерді, электрондық коммерцияны, мерчендайзингті, тауарлар мен қызметтерді мультиарналы ілгерілету тәсілдерін, web-аналитиканы білу, арнайы жарнамалық науқандарды әзірлей алу және басқалары талап етіледі. Алайда белгілі болғанындай, біздің колледждер әлі күнге бұл салада студенттерді сонау кеңес кезінен қалған "товаровед" немесе "менеджер-продавец" мамандықтары бойынша даярлайтын көрінеді. Бұл ретте нарықтық экономикада сатушы ұғымы қасаң қалыпқа сыймайтынын олар ескермейді. Қазір сатушы бір өзі кассир де, кеңесші-консультант та, дистрибьютор да болуы керек", – дейді кәсіпкерлер палатасының сауда департаментінің басшысы.

Салдарынан, елімізге келген ірі инвесторлар, отандық белді компаниялар осы саладағы орташа және жоғары лауазымды басқарушыларды шетелдік, ресейлік білікті әрі тәжірибелі қызметкерлер арасынан шақыруда.

Атап өту керек, "Атамекен" палатасы өңірлерде ең жоғары сұранысқа ие мамандықтарды анықтау бойынша жұмысты бастады. Оның қатарынан сауда саласының мамандықтары да табылары сөзсіз.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы барлық мамандықтар бойынша елімізде 488 мың студент оқытылуда. Оның ішінде 275 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында мамандығын тегін игеруде. Сауда саласына қатысты айтар болсақ, ең танымал мамандық – маркетинг болып отыр. Ол бойынша 2015 шәкірт оқуда. Оның ішінде 689-ы – ақылы негізде.

Бірақ маркетологтар базарларға бармайды, олардың көбі ірі сауда орындарын да місе тұтпай, негізінен, жарнама, пиар саласына ден қояды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысында Қазақстанда бөлшек сауда саласы 10 триллион 69,7 миллиард теңгені игерген. Ендеше сатушылар қолынан осынша ақша ағындап өткен. Бұл мемлекеттіміздің бүкіл шығысына тең сома: 2019 жылғы Қазақстанның республикалық бюджетінің жалпы шығыстары 10 триллион 727,1 миллиард теңгені құрайды.  

Базарлардағы сауданың қызуы арқасында бөлшек саудадағы ең үлкен үлес Алматы қаласына (29,5%-ы) және Астанаға (11,6%) тиесілі. Одан кейін Шығыс Қазақстан (9,1%) және Қарағанды (8,9%) облыстары келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу