Саудагерлердің ойын ережесі жасалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3690

Ел үкіметі бизнес үшін жаңа ойын ережелерін жазып шықты.

Саудагерлердің ойын ережесі жасалды

Ол құжат "Ішкі сауда қағидалары" деп аталады және ол Қазақстан Республикасының аумағында ішкі сауда қызметін жүзеге асырудың тәртібін айқындайды.

Құжатқа сәйкес, "ішкі сауда түрлеріне" көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, аукциондық, комиссиондық, шекара маңы, көшпелі, көрме-жәрмеңкелік, электрондық, биржалық сауда және көбіне, телефон, мобильді қосымшалар, интернет арқылы жүретін "тапсырыстар бойынша сауда" жатады

Сонымен бірге, "Қағидалар" кәсіпкерлердің жұмысын ретке келтіре түседі. Мысалға, бұл салада тіпті қалалықтардың да сауаты шамалы екенін пайдаланып, саудагерлер дүкен сыртына "Аутлет-центр" не "Евросток" деп жазып қояды да, ішінде киілген, қолданыста болған "секондхэнд" киім-кешекті сата береді. Бұған енді жол берілмеуге тиіс.

Өйкені құжатта "аутлет орталық – бір тауар белгісімен немесе маркасымен айналымға шығарылған өнімдердің алдыңғы маусымынан қалған азық-түліктік емес тауарлар тобын (киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар және басқаларын) 20%-дан 90%-ға дейінгі елеулі жеңілдіктермен сатуды жүзеге асыратын сауда объектісі" деп анық бекітіледі. Бұл жерде жеңілдік-скидканың төменгі "табалдырығының" нақты көрсетілгені назар аудартады. Яғни, жиырма пайыздан төмен жеңілдік ұсына алмайды.

Құжатта қазақ тіліне тек ХХ ғасырдың 90-шы жылдары ғана кірген жаңа ұғымдардың түсініктемесі мен нақты талап-критерийлері беріледі.

Мәселен, ол бойынша "бар" – "тұтынушыларға жүрек жалғайтын тағамдар, десерттер және кондитерлік бұйымдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі" болып табылады.

Сауда орны "гипермаркет" саналуы үшін ол біріншіден, "сауда қызметімен айналысатын бірнеше субъектіден тұратын көтерме-бөлшек сауда объектісі болуға", екіншіден, ең кем дегенде, "15 000 және одан көп аталымдағы бір салаға маманданған немесе аралас тауарлар ассортиментін сатуға", үшіншіден, "автокөлік құралдарын қоюға арналған жеке алаңы болуға" тиісті.

"Супермаркет" деп, "бірнеше сауда қызметі субъектілерінен тұратын, 1 мыңнан бастап, 25 мыңға дейінгі (одан аспайтын) мамандандырылған немесе аралас тауарлар ассортиментін сататын, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі" саналады.

Ал дискаунт орталық дегеніміз, "эконом сыныбындағы сауда объектісі" саналады, ол "бір немесе бірнеше сауда қызметі субъектілерінен тұрады". Даралайтын белгісі сол, онда "күнделікті сұраныстағы азық-түліктік және азық-түліктік емес тауарлардың шағын ассортименті" "нарықтық бағадан төмен бағаға" сатылады. Бұл ретте дискаун орталықтарда азық-түліктік тауарлар әрі кеткенде, жалпы көлемінің жиырма пайызынан аспауға тиіс және олар "құрғақ" немесе терең мұздатылған өнім түрінде болып келеді. Ал қалған сексен пайызды тұрмыстық химия және қосалқы басқа тауарлар құрауы керек.

Құжатта "заманауи форматтағы сауда объектілері" деген кейінгі кездері шенеуніктер жиі ауызға алатын ұғымның мән-жайы да ашып жазылып отыр: өйткені Үкімет даладағы базарлардан болашақта түбегейлі бас тартып, ондағы саудагерлердің барлығын осы "форматты" мекендерге көшіруге ден қойды.

Сонымен, заманауи форматтағы сауда объектілеріне (СФСО) "сауда алаңдарының ауданы кемінде 500 шаршы метр болатын", "1 мыңнан басталатын және одан көп аталым мен бірліктегі мамандандырылған немесе аралас тауарлар ассортименті" сатылатын, "қызмет көрсетудің дәстүрлі әдісімен бірге, өзіне-өзі қызмет көрсету әдісі бойынша да жұмыс жасайтын" стационарлық сауда объектілері жатады.

Бұған қоса, бұларда "қосымша сауда қызметтерін көрсетуге", "төлем карточкалары арқылы төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтар мен құрылғыларды қоюға", көп адамның (саудагерлердің) жұмыс жасауына, сауда алаңдарын шаршы метрлеп сатуға ұлықсат етіледі. Гипермаркет сияқты, жаңа форматтағы сауда орындары үшін де өз аумағында төл автокөлiк тұрағының болуы міндетті.

Дегенмен, "Қағидаларға" сәйкес, "сауда ойын-сауық орталықтарының" (СОО) белгілері бұлардан көп ерекшеленеді. Біріншіден, онда көп адамның ғана емес, "көптеген сауда қызметі субъектілерінің" жұмыс жасауына рұқсат. Екіншіден, тауарларының ассортименті ең кем дегенде, 25 мың аталымнан тұруы шарт! Үшіншіден, СОО атануы үшін нысан ішінде тауарлар саудасы сыртында, фуд-корт, сұлулық салондары, ойын-сауық алаңдары, кино театрлар секілді тамақтандыру және ойын-сауық қызметтері көрсетілуге тиіс. Оның үлкен әрі жеке автотұрағының болуы талап етіледі.

Құжат саудагерлерге міндеттемелер жүктейді. Бұл елдегі сауданы өркениетті түрде дамыту үшін керек. Мәселен, сатушы сатылатын тауарлардың жанына баға көрсеткіштерінің (ценники) болуын қамтамасыз етуге тиіс, онда тауар бағасы ғана емес, сонымен қатар "тауардың атауы, оның сорты" нақты жазылуы қажет.

Маңыздысы сол, сатушы тауарды осы баға көрсеткішінде, сондай-ақ сауда объектісінің ішінде немесе сыртында көрсетілген құнына сәйкес сатуға міндеттеледі. Әйтпесе, адамдар тауардың астында жазылған бағаға сеніп, алады да, кассадан өткеннен кейін ғана оның бағасы басқа, әлдеқайда қымбат екенін біледі. Бұл ретте сатушылар, супер-гипермаркеттер және басқалары "ценниктерінің" ескі екеніне, мерчендайзерлердің оларды ауыстыруды ұмытып кеткеніне не алмастырып үлгере алмай жатқанына сілтей алмайды.

Сонымен қатар, сатушы (дайындаушы, орындаушы) клиенттің фото және видеоға түсіруші құралдарды қолдануына кедергі келтіруіне тыйым салынатыны қағидаларда да нақты көрсетіліп отыр. Бұған дейін осының барлығы тиісті заңдарда бекітілген болатын.

Кәсіпкерлер Үкіметтің сауданы өркениетті қалыпқа келтіру әдістеріне қарсы емес.

"Негізі, еліміздегі қалаларда супермаркеттер желісін дамыту үшін олардағы тауарлар елу пайызға – азық-түліктік және елу пайызға – азық-түліктік емес тауарлардан тұрғаны дұрыс. Сонда халық та соларға көбірек тартылады. Әйтпесе, тамақты үй қасындағы дүкеннен де ала салуға болар еді. Алайда қазір гипермаркеттердің өзінде тауарлардың басым көпшілігін азық-түлік құрайды. Мемлекеттің бұл саланы реттей түсуі орынды. Себебі, әр қалада жаңа тұрғын үй кешендері, сауда және бизнес орталықтары іске қосылған сайын, супермаркеттердің, сауда орындарының саны да көбейе түседі. Ондағы тұтынушыларын алдайтын бір сауда нысанының кесірі сондағы барлық кәсіпкерлерге тиюі мүмкін: бір алданған адам екінші қайтып сол орталыққа аяқ баспауы және жақындарына да соны ұсынуы ықтимал", – дейді кәсіпкер Мақсат Орынбай.

Өз кезегінде, астаналық кәсіпкерлер палатасы елорданың өзінде негізінен жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттары коммерциялық алаңға айналдырылатынын алға тартады. Яғни, оларда бизнесмен құлашын кең жая алмайды: әрі кеткенде 100-200 шаршы метрлік сауда орнын ашуға мүмкіндігі болады. Ал бұл В және С сыныбындағы дүкендер. Осы орайда Астананың жаңа аудандарында "заманауи форматтағы сауда объектілеріне" деген қажеттілік өткір тұрған көрінеді.

Ритейл нарығын ынталандыру үшін жаңа қатысушылардың қатарға қосылуы да маңызды, бұл сервис сапасының жақсаруына септеседі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу