Ритейлерлер ретробонустан қағылады

4552

Сауда желілеріне жеткізушілерден алым алуға шектеу қою заңнамалық деңгейде қаралуда.

Ритейлерлер ретробонустан қағылады

Еліміздегі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын орналастырғаны үшін ретробонустар алынып тасталады, ал өнімнің басқа топтары бойынша алым мөлшерін 5%-дан аспайтын деңгейде белгілеу ұсынылып отыр. Тиісті өзгертулер бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселесі бойынша заңнамалық түзетулерді қажет етеді. Жоба парламент мәжілісінің алғашқы оқылымында мақұлданып та қойылған.

"Әлеуметтік маңызы бар тауарлар, яғни халыққа аса қажет азық-түліктің 19 атауы бойынша ретробонустар алынып тасталады. Яғни оларды заң бойынша алып тастауды, ал қалған азық-түлік бойынша бес пайыздық мөлшерлеме деңгейінде бекітуді ұсынып отырмыз. Бұл мәселені бақылауға аламыз деп ойлаймын", – деді ұлттық экономика министрі.

Қазір алым мөлшері реттеліп отырған жоқ және алым деңгейі ритейлдердің қалауы бойынша жасалады. Адамдар ең көп баратын сауда алаңдарына ену үшін сатылған өнімнің пайдасынан 10%-дан 15% аралығында төлеу қажет.

Заңнаманы талқылау барысында парламент депутаты Роман Ким күмәні барын жеткізді. Депутат бұл шаралар сөрелердегі бағаларға әсер етпейді дейді.

"Бүгінгі күні тауар өндірушілер сауда сөрелеріне тауарын тікелей қоя алмайтын жағдай қалыптасқанын мойындау керек. Оларды мүлдем жақындатпайды, сауда желілері мен жосықсыз делдалдардың монополиясы қалыптасқан. Осының салдарынан сауданың үстеме бағасы 40%-дан 100%-ға дейін жетіп отыр. Мысалы, көмірге қатысты жағдайда баға біршама өседі. Тұтынушылар мен әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алушыларды қорғау бойынша ұлттық экономика министрлігі қандай шаралар қарастырып жатыр? Сауда қызметі субъектілері тарапынан негізсіз үстеме бағаны болдырмау үшін қандай шаралар қабылдануда? Ретробонус дегенді қалай атамаңыз, ол бәрібір тауар өндірушілерге деген тікелей қысым", – деді депутат.

Ұлттық экономика министрі бүгінгі күні сауда нарығы ритейлерлердің қолында отырғанын, осыған байланысты сегментте сауда желілерінің саны аз және бәсекелестік төмен екенін тілге тиек етті.

"Сауда желілері тауар өндірушілер үшін өз талаптарын қояды. Осыған қатысты былтырғы жылы бизнестің жол картасы бойынша жұмыс істеу саласын ұлғайтып, тек заманауи форматтағы ғана емес, сонымен қатар ірі сауда желілерін қостық. Яғни мұның барлығын экономикадағы кемшіліктерді жою үшін жатырмыз, себебі көлеңкелі экономика қадағаланбайтын базарларда қалыптасады, онда санитарлық және басқа да мәселелер бар… Сондықтан жалпы заманауи форматтағы дүкендерге көшкен дұрыс, өйткен ол сапа мен қауіпсіздікті, салықтың түсуін қамтамасыз етеді", – деді Тимур Сүлейменов.

Министр саудагерлерді өркениетті форматқа көшуге ынталандыруды тек нарықтық тәсілдер, яғни инфрақұрылымды құрып, несие ресурстарын арзандату арқылы іске асыруға болатынын айтты.

"Сол себепті нысандар салынуда. Биылғы жылы шамамен заманауи форматтағы 200 мың метрден астам сауда нысандарын енгіземіз", – деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.

Сондай-ақ заңнамалық қосымша тұрақтандыру қорларына сауда желілеріне несие беру міндетін қарастырады.

"Бұл несие беру азық-түлік секторы желілеріне қатысты. Егер мысалы, Астана мен Алматы қалаларын алып қарасақ, биылғы жылы "Астықжан" және "Кеңмарт" сауда желілерімен келісімшарт жасалды. Қарыз бюджеттік қаражат, ӘКК есебінен берілетін болады. Қарыз бір жылға беріледі. Келісімшарт талаптары бойынша оны ұзартуға болады. Астанада бұл сома 300 млн теңгеге тең болуы мүмкін. Бұл ретте несие бойынша мөлшерлеме нөл, алайда сауда желілері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын көтермеу бойынша міндеттемені өз мойындарына алады. Мәселен, "Кеңмарт" және "Астықжан" әлеуметтік маңызы бар тауарларды өзіндікқұн бойынша сататын болады", –деді ұлттық экономика министрі.

Ол бүгінгі күні бұл мәселе заң бойынша реттелмегенін атап кетті. Әр өңірде жергілікті атқарушы органдар өз ережелері бойынша жұмыс істейді.

"Бұл құзыреттілікті ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітуді қарастырып отырмыз. АШМ аталған тетікті реттейтін болады. Бұл аталған мәселені реттеуге мүмкіндік береді. Бұл менің ойымша, пилоттық жобаның тәжірибесімен бекітілген теориялық идея", – деді ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы азайту мен контрафактілік өніммен күрес мақсатында заңнамада таңбалау және тауарды бақылау бойынша ереже қарастырлыған. Міндетті цифрлық белгілеуге жататын өнім тізімін үкімет бекітетін болады.

Еске салар болсақ, бұған дейін Қазақстан тауарларды ЕАЭО-ның таңбасымен таңбалайтын болады деп хабарланған болатын. Цифрлы штрих-кодты тауар өндірушілер өз есебінен жасайтын болады, ал бұл тауар құнын қымбаттатып жіберуі мүмкін.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу