Сауда сақал сипағанша

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
18605

Өткен жылдың cоңғы айында ел тұрғындары шамамен 195 млрд теңгеге сауда жасаған.  

Сауда сақал сипағанша

Мұндай ақпаратты ел экономикасына жан-жақты шолу жасайтын ranking.kz сараптамалық жобасы таратты. Оның жазуынша , 2017 жылдың соңғы айында қазақстандықтар сауда орталықтарына, дүкендер мен базарларға 194,9 млрд теңге  тастап кеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 24%-ға артық. Бөлшек сауданың физикалық көлемі инфляцияны қоса есептегенде бір жыл ішінде 8,3%-ға ұлғайған.

Жағдайды өңірлерге бөліп қарастырар болсақ, ресми бөлшек сауданың көп бөлігі әдеттегідей алматылықтарға тиесілі. Жалпы ритейлдің (бөлшек сауда) 41,4%-ы, яғни 80,8 млрд теңгесі Алматы қаласының үлесіне тиіп отыр. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20,1%-ға артық.

Сонымен қатар  үздіктер қатарында Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы бар. Алғашқы өңірдің сауда орталықтары мен дүкендерінде 19,4 млрд теңгеге сауда жасалған. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20,8%-ға көп. Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші де Қарағандымен шамалас – 19 млрд теңге. 2016 жылмен салыстырғанда 24,3%-ға ұлғайған. Ал ең жоғары серпіліс елордада тіркелді. 2017 жылдың желтоқсанында астаналықтар 16,9 млрд теңгеге сауда жасапты. Осылайша өткен жылғы көрсеткіш 2016 жылғы деңгейден 63,7%-ға асып түскен. Бұл – Қазақстан бойынша тіркелген ең жоғары өсу қарқыны.

Ең соңғы орындарға Қызылорда (2,7 млрд теңге) және Маңғыстау (2,2 млрд теңге) облыстары жайғасқан.

2015 жылғы дағдарыстан кейін бөлшек саудадағы компаниялар инфляцияны қоса есептегенде 2,5%-ға шығынға ұшырады. Ал қазір жағдай біршама реттеліп келеді. Мәселен 2016 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауданың нақты көлемі 2%-ға өссе, былтыр бірден 6,3%-ға ұлғайып шыға келді.

2017 жылдың үш тоқсанының қорытындысында сауда компаниялары елдің жалпы ішкі өнімінің 15,5%-ын қамтамасыз еткен екен.

Атап өтерлігі, Астана мен Алматы жалпы өңірлік өнімдегі сауда секторының көлемі бойынша ғана емес, сондай-ақ жалпы өңірлік өнімдегі сауда үлесі бойынша да көш бастап тұр. Мәселен  еліміздің қаржылық орталығы – Алматының сауда компаниялары жалпы өңірлік өнімнің 31,1%-ын, Астана 22,8%-ын қамтамасыз еткен.

Алматының бөлшек саудадағы секторына қомақты үлес қосқан кәсіпорындардың қатарында азық-түлік өнімдерін сататын "Скиф Сауда" – "Small" желісі, "Гермес-Трейд" – "Реалист" дүкендері, "Interfood" қазақ-герман компаниясы, "Рамстор Қазақстан" желісі, "Дастархан" компаниялар желісі секілді ірі компаниялар бар. Сонымен қатар  тұрмыстық техника, мобильді құрылғылар мен электроника саудалайтын "Arena S" ("Sulpak"), "Планета электроники" желісі,"Евросеть Қазақстан" және басқа да ірі кәсіпорындар Алматының бөлшек саудадағы үлесіне айтарлықтай ықпал етті. Сондай-ақ  компьютерлер саудасында "Gulser Computers", кітаптар мен ойыншықтар саудасында "Меломан Home Video", косметика және гигиеналық заттар саудасында "Monаmie.kz", фармацевтикалық өнімдер саудасында "Europharma" компаниялары маңызды рөлге ие.

Еске сала кетейік, жоғарыда аталған компаниялардың барлығы дерлік Астанада нарығында да жұмыс істейді. Елорданың бөлшек саудасында қомақты үлеске ие ірі компаниялардың қатарында құрылыс пен жөндеу жұмыстарына арналған заттарды сататын "Мегастрой Астана DIY", техникалар сату бағытындағы "Мечта" желісі, "Гиппократ" дәріханалар желісі бар.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу