Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының экономикасы көш басында

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4122

Құрылыс пен сауда экономиканы сүйреп келеді.

Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарының экономикасы көш басында

2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында республика экономикасы 4,1%-ға өсті, деп хабарлайды Ұлттық банк. Бас банктің мәліметінше, көрсеткіштің біршама баяулауына мұнай өндіру көлемінің төмендеуі, сондай-ақ құрылыс, көтерме сауда және көлікте өсімнің баяулауы әсер етті. Сонымен қатар негізгі капиталға инвестициялар өсімінің аздаған баяулауы байқалды.

"Машина жасауда, кокс және мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде, тамақ өнімдері мен сусындарды өндіруде өндіріс көлемінің ұлғаюы аясында өңдеу өнеркәсібі өсуге айтарлықтай серпін берді. Сондай-ақ халықтың ақшалай кірістерінің өсуі аясында ішкі сұраныстың күшеюі бөлшек сауданы жылдамдатты", – деп жазады бас банк.

Көш басындағы және соңындағы өңірлер
Бұл жолы өңірлердің көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мәселен, Атырау облысы әдеттегідей ең жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмады. Мұнайлы облыстың экономикасы бар болғаны 7,3%-бен төртінші орында тұр. Ал көш басында Шығыс Қазақстан облысы. Шығыс Қазақстанның 10,7%-дық өсімі негізінен мыс, алтын рудалар мен концентраттардың өндірілуімен байланысты. Бұдан басқа, тазартылған алтын мен жеңіл автокөліктер өндірісі артты. Өңірдің дамуына құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және байланыс салалары  оң әсерін тигізді.

Екінші орындағы Қостанай облысының экономикасы 10,5%-ға өссе, үшінші орындағы Шымкент қаласында көрсеткіш 9,4%.

Ал Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының экономикасы айтарлықтай төмендеп кетті. Тиісінше 2,9% және 2%-ға құлдыраған. Оның себебі ең алдымен, өнеркәсіпте өндіріс көлемінің, атап айтқанда, шикі мұнай және газ конденсатын өндіру көлемдерінің төмендеуіне байланысты.

Салалар бойынша
Экономиканың негізгі драйвері өнеркәсіп десек, 2019 жылдың қаңтар-сәуір айлары бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,9%-ға артты. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі еліміздің 13 өңірінде байқалды, деп жазды бас банк.

Қарағанды облысындағы көмір мен лигнит, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында шикі мұнайды өндіру, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында газ конденсатын өндірудің төмендеуі нәтижесінде тау-кен өнеркәсібіндегі өсім 2,6%-ды құрды, бұл 2019 жылдың қаңтар-наурыз айлармен салыстырғанда біршама баяулады. Тау-кен өнеркәсібінің өсуіне металл кендерін (14,0% -ға) және кен өндіру өнеркәсібінің басқа салалары (2,8%-ға) өндісі оң үлесін тигізді.

Құрылыс саласы жоғары өсуді жалғастыруда. 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында өсім 8,4% болды. Құрылыс жұмыстарының ең үлкен көлемі өндірістік объектілер, тұрғын үйлер мен инженерлік құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстары. Құрылыс жұмыстарының төмендеуі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Ақмола, Маңғыстау облыстарында байқалды.

Тауарлар мен қызметтерді сату көлемі 2019 жылдың қаңтар-сәуірінде 7,3%-ға өсті. Нақты ақшалай табыстың өсуіне, сондай-ақ тұтынушылық сұраныстың өсуіне байланысты бөлшек тауар айналымының өсуі 5,3%-ды құрады. Көтерме сауданың 8,0%-ға өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарлар, оның ішінде шикі мұнай мен металдарды сату көлемінің артуымен байланысты болды.

Ауыл шаруашылығы өндірісі  көлемінің ұлғаюы 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында 3,6%-ға өсті. Өнеркәсіптегі өсімнің негізгі қозғаушы күші мал шаруашылығы (3,7%-ға өсім) болып табылады, бұл малдың және құстың тірі салмақта сойылуы, сиыр сүті мен тауық жұмыртқасы көлемінің ұлғайуына байланысты. Сонымен бірге өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі өзгеріссіз қалды.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің өсуі 3,5%-ды құрды. Өсуге айтарлықтай үлес машина жасау (19,8%), кокс және мұнай өнімдері (7,6%), сусындар (22,0% -ға) өндірісінің өсуімен қамтамасыз етілді. Металлургия өнеркәсібі (2,5% - ға), темекі өнімдерін (10,5%) өндіруінің төмендеуі байқалды.

Көліктің барлық түрлерімен жүк айналымы 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында 1,9% -ды құрды. Өнеркәсіптің өсуіне оң әсерін теміржол (0,5%-ға өсім) және автомобиль (9,7%) көліктерінің қызметтері қамтамасыз етті. Жолаушылар айналымы теміржол мен автокөлік жолдары мен қалалық көліктердің өсуі нәтижесінде 4,1%-ға өсті.

Байланыс қызметтерінің көлемі 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында 0,5% -ға өсті. Интернет қызметтері, сондай-ақ деректерді беру қызметтері байланыс саласында ең танымал түрлері болып қала береді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу