Кептірілген жеміс-жидегімен жаулаған өзбек пен тәжікке іргеде бәсекелес пайда болғалы тұр

4361

ЕАЭО және Орталық Азия ритейлдері Алматыда бас қосты.

Кептірілген жеміс-жидегімен жаулаған өзбек пен тәжікке іргеде бәсекелес пайда болғалы тұр

Алматыда, өткен мерейтойлық конгресте әлемдегі ең ірі және халықаралық деңгейдегі ритейлердің бас қосуы өзінің тиімділігі мен нәтижесі көп күттірмейтінін тағы бір рет дәлелдеді. Себебі бұл жолғы бас қосуға тек ЕАЭО мүше елдер емес, 10 мемлекеттен 200-ден астам сауда үйінің өкілдері мен тауар тасымалдаушылар қатысты.

10 жылдан бері Орталық Азия елдері ритейлерлерінің форуымын өткізуді дәстүрге айналдырып келе жатқан "EXIM Partners" өкілі Елена Саргалдакова бізге әрбір форум сайын 6000 кездесу өтіп, 500 келісімшартқа қол қойылатынын айтып қалды.

10-конгресте сауда секторында қолданыста жүрген заңдарды бір-бірімен үйлестіру бәрінен өзекті тақырып болды. Себебі, жиынға қатысқандардың пайымдауынша, мемлекеттердегі қолданыста жүрген заңдардың бір-бірімен үйлеспейтіндігі сауда-саттықтың халықаралық зақдылықтар шеңберінде жүруіне кедергі келтіреді екен. Сондай-ақ кәсіби білікті мамандардың жетіспеушілігі, мемлекетаралық келісімшарттарды айналып өткізуге тырысатын контрабандалық тауар мәселесі де бар.

"Атамекен" ҰКП-ның сауда комитеті төрағасы Қайрат Мәжібаев Қазақстанның сауда нарығында соңғы екі-үш жыл ішінде сауда күштерінің шоғырлануы, халықаралық, ұлттық сауда операторлары трендке айнала бастағанын тоқталып өтті.

Оның айтуынша, "Атамкен" кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы сауда саясатымен шындап айналысуға ниетті.

"Сауда секторы өкілдерінің, ритейлерлер мен тауар өндірушілердің мемлекетпен байланысы олардың іскерлік белсенділігінің артуына ықпал етуге тиіс. Себебі әлемдік сауда мен аймақтық сауда саясаты жаһандық проблемаға айналды. Оны жеке-дара шешу мүмкін емес, Біз күш біріктіргенде ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз", – деп атап өтті Қайрат Мәжібаев.

"Metro Cash&Carry" компаниясының өкілі Константин Макаренко 2018 жылы сауда сегментінде 1,4 млн адамның қызмет еткенін, бұл елдің экономикалық белсенді тобының 10 пайызын құрайтынын тілге тиек етті. Бірақ соған қарамастан білікті мамандардың тапшылығынан туындайтын проблема да жетерлік екен. Қазақстандағы бөлшек сауда ІЖӨ-нің 23%-ын құрайды. Бұл біздің мүмкіндігімізге қарағанда төмен көрсеткіш.

"Magnum Cash & Carry" сауда  желісінің коммерциялық директоры Яков Фишман 2019 жыл нарық үшін қызықты және тартымды болатынын айтады.

Оның пайымдауынша, ірі, шоғырланған сауда үйлері кеңейіп, өз ықпалын арттыра береді, ал аймақтағы ұсақ ойыншылар нарықтан шығады немесе ірі ойыншылармен бірігеді.

"Базардағы ұйымдаспаған бөлшек сауда үлесі қысқарады деген үміттеміз, олардың көпшілігі не салық төлемейді, өндірісі күмәнді тауар сатады", – деп атап өтті Magnum Cash&Carry желісінің коммерциялық директоры Яков Фишман.

"Asia Park" СОО компаниясының атқарушы директоры Арман Махановтың айтуынша, 2018 жылы баға көтерілгеніне қарамастан, жаңа дүкендер ашылып, нарықтың бүкіл қатысушысының табысы артқаны да байқалған. Тұтынушылар азық-түлік тауарларын көбінесе супермаркеттерден сатып алады, сәйкесінше, азық-түлік тұтыну көлемі де артып отыр. 2018 жылы азық-түлікке жатпайтын тауарларға сұраныс аз болыпты. 

2018 жылғы қаржы, экономикадағы әлемдік фактор ықпал ете алмаған бірден-бір сала – электронды тауарлар нарығы болған. Жиында бас қосқан сауда өкілдерінің айтуынша, жылдың ең өтімді тауары – смартфон болған. Нарықта бірнеше үрдістің қатар дамып келе жатқаны 2018 жылы қаттырақ сезінген: қытайлық тауарлардың үлесі артып, сонымен қатар  әлемдік брендтермен мүмкіндігі мен сапасы бірдей болмаса да, бағасы арзан тауарларға сұраныс артқан. "Технодом" компаниясы PR бөлімінің жетекшісі Алма Көпжасарова бұл фактор қытай тауар өндірушілерін біздің елге деген экспорттық саясатын қайта қарауға мәжбүрлегенін айтады. Тауарды алдын-ала видеосынақтан өткізу кең таралған, өйткені тұтынушылар өніммен танысу үшін бейнематериалдарды пайдаланғанды жөн көреді.

"Онлайн-сауда саны артып келеді. Жалпы алғанда, біздің нарық 25 пайызға өсті, ал ресейлік және украиндық нарық сол деңгейде қалды. Тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алу, сондай-ақ, несие уақыты да ұзарып келеді. Алдағы жылда да нарық ақырындап дамып, қазіргі үрдістер жалғасады", – деді "Технодом" компаниясы PR бөлімінің жетекшісі Алма Көпжасарова.

Жиынға қатысқан сарапшылардың сөзінен ұққанымыз, 2018 жыл Қазақстан кондитерлері үшін өте қиын болыпты. Импорттың өсуі салдарынан отандық кондитерлік өнімдердің саудасы төмендеген. Импорт бір жылда 25%-ға өскен, ол нарықтың 57-58%-ын құрап тұр.

Импорттың артуына шетелдік өнімдердің арзандығы себеп, әсіресе ресейлік өндірушілер демпингке баруда. Олардың қаржылық ресурсы үлкен. Ресейде импортқа тәуелділік деңгейі бізге қарағанда бірнеше есе төмен екен. Оларда өздерін отандық өніммен қамтамасыз ету көрсеткіші 75% болса, елімізде 12%-ды құрайтын көрінеді.

Қазақстандық ритейлерлердің басым көпшілігі елде қазіргі заманғы сауда алаңдары жетіспейтінін атап өтті.

"Magnum Cash&Carry" сауда үйінің өкілі Александра Гарбер 1 мың қазақстандыққа бар болғаны 180 шаршы метр сауда үйінен келетінін айтады. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 340 шаршы метр болса, Беларусьте 230 шаршы метрден келеді. "Сауда саласын реттеу туралы" ҚР Заңның бүгінгі заман талабына сай еместігі де осы жиында сөз етілді.

Қазақ нарығын кептірілген жеміс-жидектермен жаулап алған өзбек және тәжік ағайындарға іргеден мықты бәсекелес қосылғалы тұрғаны осы жиында белгілі болды.

 Қырғыздың "OIMO" компаниясы кептірілген жеміс-жидектерді ұнтақтап, одан бояусыз және қантсыз тәтті өнімдерін, "чипси" үлгісіндегі кептірілген алма, сұйытылған ірімшік, құрт, жентті қазақ нарығына әкелуге тас-түйін дайын отыр. Олардың өнімдері Қырғызстанның шетелдерге бағытталған әуе рейстерінде, "Эйр Қазақстанның" ЕО елдері және ішкі рейстері бағытында ұсынылатын тағам мәзіріне енгізілген. Мұны бізге компанияның сауда жөніндегі менеджері Анара Дулатова айтты.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу