Сауда ойын-сауық орталығын ұстау табысты ма?

6113

 Бюджетті толтырудағы серпін – бизнеске соққы.  

Сауда ойын-сауық орталығын ұстау табысты ма?

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтырғы 2020 жылы барлығы 11,5 мың салықтық тексеру жүргізілген. Оның артында кем дегенде 11,5 мың кәсіпкердің жұқарған жүйкесі тұр.

Бір жақсысы, тексерістер 2019 жылға қарағанда 58%-ға немесе 16 мыңға азайыпты. Мұндай нәтижеге салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландырудың арқасында қол жеткізілді.

Тексерістер қорытындысында кәсіпкерлерден 78 миллиард теңге өндірілген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 8,3%-ға көп.

"Жалпы, біз тексерулерге дәлірек, нақтырақ шыға бастадық. Қашықтан басқарудың тиімділігі 18%-ға артып, қосымша 325 миллиард теңге төлеттірдік. Қашықтан басқарудың жаңа әдістері әзірленді. Тәуекелді компанияларды ерте кезеңде анықтайтын және оның электронды шот-фактура (ЭШФ) беру қызметін шектейтін пилоттық жоба жүзеге асырылуда", – деді М.Сұлтанғазиев.

Оның дерегінше, осы пилоттық жоба басталғалы бері айналымы 2 триллион теңге болатын 5 мың тәуекелді салық төлеушілердің – компаниялардың ЭШФ беру мүмкіндігі шектеліпті. Жалпы, жоба іске қосылғалы барлығы 60 миллиард теңге өндірілген.

Нәтижесінде, МКК төрағасының айтуынша, өткен жылы мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша жоспар 102,4%-ға, республикалық бюджет – 100,1%-ға, жергілікті бюджет – 108%-ға асыра орындалды.

Осы сылдыр сандар артында апталарға, айларға созылып, күндіз-түні, жұмыс және демалыс күндері жүре беретін тексерістен әбден қажыған кәсіпкерлер, салыққа үстемеленетін ондаған миллион қосымша төлемге қаржы таппай, шығынға батқан кәсіпорындар тұрғандай.

Соның бірі жайында белгілі сауда ойын-сауық орталығының заңгері Әсия Тимербекова айтып берді. Оның мәліметінше, былтыр көптеген ірі бизнесмен дамуға ұстын болып келген бір тетікті жоғалтып алды.

"Біздің компанияның жеке меншігінде ірі СОО бар. 2019 жылдың маусымында оның жанынан орталықтың екінші кезеңінің құрылысы басталды. Бұл жобаны  жүзеге асыру үшін компания қарыз алып, несие тартты. Президенттің тапсырмасы бойынша коммерциялық банктер бизнесмендерге заемды өтеуді кейінге қалдыруды (отсрочка) ұсынды. Бірақ сонымен бірге қолданыстағы жобаларды ары қарай қаржыландыруды тоқтатты. Салдарынан, бизнес кредит төлемін төлеуде қысқа мерзімге каникул алғанымен, қолданыстағы жобаларын салу, жаңғырту, қайта жабдықтау секілді мүмкіндіктен айырылып қалды", – дейді ол.

Бұдан тек компанияның дамуы ғана тоқырамайды. Бұған қоса, бұл отандық және шетелдік жеткізушілердің айыппұл салуына соқтырған. Өз кезегінде банктер де каникул бергені үшін кредиттеу мерзімін өсіріп жіберген. Оның үстіне ай сайын төленетін төлем мөлшері ұлғайды.

"Біздің компания кредитін ай сайын, дер кезінде төлеп келеді. 2019 жылдың 19 қарашасында салықтық тексеру өткізілді. Нәтижесінде, бізге 27 миллион теңге көлемінде қосымша салық және өсімпұл-пеня есептелді. Оның сыртында компания екінші кезектің құрылысына берілген несиені өтеу, ағымдағы салықтарды төлеу бойынша міндеттемелерін де орындауы керек. Мысалы, бюджетке аударылатын төлемдердің ішіндегі ең ірісі – корпоративті табыс салығы болып табылады. СОО бір жылда 42 миллион теңге КТС төлейді", – дейді Әсия Тимербекова.

Салықшылар былтырғы 2020 жылдың тамызында салықтық міндеттемелерді кейін орындауға (рассрочка) мүмкіндік беріпті. Осыған орай СОО 2023 жылғы 28 маусымға дейін тоқсан сайын 4,8 миллион теңгеден өтеп тұруға тиісті.

Қалай болғанда, пандемияға байланысты сауда ойын-сауық орталықтарының табыстылығы күрт төмендеген. Себебі, былтыр олардың қызметі қатаң шектелді. Бертінде демалыс және мерекелік күндерде ашылуына тыйым салынды. Еліміз бойынша СОО-лардағы фуд-корттар, балалардың ойын алаңдары ашылмады.  

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен департаментінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын 263 ірі сауда орталығы ғана қалды. Тіпті бес жыл бұрын бұдан да көбірек – 268 болатын.

Бұл ретте осы 263 ірі сауда орнының 136-сы қазіргі кезде тек азық-түлік түрлерін ғана сатуға маманданып алды.

Ірі сауда нысандарының көбі – 116-сы небары екі қалада, яғни Алматы мен Нұр-Сұлтанда шоғырланған.

Сала күйзелістен шыға алар емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу