Елордада көпбалалы отбасыларға дүңгіршектер беріледі

3825

Нұр-Сұлтан көшелерінде орнатылған сауда павильондары мен дүңгіршектерді тарату басталды.

Елордада көпбалалы отбасыларға дүңгіршектер беріледі

Өз ісін астанада жүргізгісі келетін бизнесмендерден өтініштер 2019 жылғы 4 сәуірге дейін ғана қабылданады. Бірақ бұл үшін қалалық әкімдікке жүгірудің қажеті жоқ: өтінішті www.gosreestr.kz порталында, онлайн режимде беру қажет.

Елордада жүзеге асырылып жатқан, алда еліміздің басқа да қалаларында қолға алынады деп жоспарланған "Көше саудасын жүргізу үшін астанада павильондарды орналастыру" жобасы аясында кәсіпкерлер жер телімдерін қосалқы жалға алу құқығын иеленеді. Бірақ ол жерде өз дүкенін не дүңгіршегін сала алмайды, тек сонда бұрын орнатылып қойылған не алдағы уақытта орнатылатын дайын павильонды жалға алуына мүмкіндік бар.

Жалға беруді "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы іске асыруда, тиісінше, жоба операторы да – сол.

Жалпы, бұл бағдарламаға кезінде шағын бизнесті дамыту мақсатында Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы бастамашы болған екен.

"Кәсіпкерлер елордада көше саудасын жүргізу үшін орын тым аз бөлінетініне шағымданады. Бұрын аялдамаларда болған дүңгіршектердің барлығы дерлік сүріліп кетті. Ал өзге жерлерде дүкен қою үдерісі ретке келтірілмеген. Салдарынан бизнес өркен жая алмай, біраз қиындықтар көрген. Осыған байланысты біз 2015 жылы осындай жобамен әкімдікке шықтық. Қала басшылығы сол кездің өзінде біздің бастамамызды толық қолдады", – дейді қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов.

Айта кету керек, бұл жолы әзірге кәсіпкерлердің жалдауына тек 10 жер телімі шығарылып отыр. Олардағы павильондар жемістер мен көкөністерді, нан және нан өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін, шұжықтар түрлерін, сондай-ақ сусындар, балмұздақтар, фаст-фудтар сатуға арналған.

Сауда жеңімпазы қосалқы жалгерлік келісімшартын бекіту үшін 5 күн ішінде "Astana" ӘКК-іне егер жеке кәсіпкер болса келесідей құжаттарды ұсынуы міндет: біріншіден, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін растайтын құжат, екіншіден, жеке куәлігінің көшірмесі, банктен есепшотының барлығы туралы анықтама, үшіншіден, қажет болған жағдайда өкілінің уәкілеттілігін растайтын құжат, төртіншіден, 50 АЕК (126 мың 250 теңге) көлемінде кепілдікті жарнаны енгізгенін растайтын төлем құжаты сұралады. 

Ал егер заңды тұлға жеңімпаз атанса, онда одан біріншіден, заңды тұлға ретінде тіркелу немесе қайта тіркелу туралы, оның филиалдары мен өкілдіктерінің есептік тіркелуі туралы анықтама, екіншіден, бірінші басшысын тағайындау туралы шешім не хаттаманың көшірмесі, үшіншіден, компанияның бірінші басшысына қатысты бұйрықтың көшірмесі, төртіншіден, қажет болса, өкілдің жеке басы мен уәкілеттігін растайтын құжат, бесіншіден, банктен есепшотының барлығы туралы анықтама, ал алтыншыдан, 50 АЕК көлемінде кепілдікті жарнаны енгізгенін растайтын төлем құжаты талап етіледі.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының хабарлауынша, бизнесмендерге өтінім беру және саудаға қатысу мәселелері бойынша "Astana" ӘКК-іне былайша хабарласуға болады: телефоны 8(7172) 61-35-54, мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Д.Қонаев көшесі, 8, Б блогы, 1622 кабинет (жұмыс уақыты дүйсенбіден бастап, жұманы қоса алғанда 9:00-дан 18:00-ге дейін).

Сауда жүретін мемлекеттің электронды порталының техникалық қолдау қызметінің байланыс нөмірі 55-29-81 (ішкі 110, 112, 119). Жұмыс уақыты 9:00-дан 18:30-ға дейін.

Атап өткен жөн, бұл жобаны қала әкімдігі "1000 орын – көше саудасы" бағдарламасы деп те атайды.

"Бұл бағдарлама қаладағы шағын және орта бизнестің дамуын қолдау құралдарының бірі болып табылады. Сонымен бірге ол өте ашық әрі демократиялы: оған бизнеспен айналысқысы келетін кез келген адам қатыса алады. Өйткені оған кірудегі кедергілер өте төмен. Кәсіпкерден бар талап етілетіні – жеке кәсіпкерлік не ЖШС туралы куәлігінің болуы және салық бойынша қарызының жоқтығы туралы анықтама ғана. Павильонды жалға алудың құны жылына 1 шаршы метрі үшін 20 мың теңге. Бірақ кәсіпкер жеңіп шыққан жағдайда елорда үшін бекітілген экстерьерге сәйкес жасалған павильонды коммуникацияларға өзі қосып алуға тиіс", – дейді "Astana ӘКК" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Қалада өз сауда орнына ие болған адамдардың бірі көпбалалы жалғызбасты ана Жәмила Наурызбаева бұған қалай қол жеткізгенін әңгімелейді. Ол басында базардағы сатушы болып жұмыс жасапты. Бірақ өмірлік қиын жағдайға тап болып, басындағы баспанасынан айырылғаннан кейін өз бизнесін ашуға бел буыпты. 

"2010 жылы мен бесінші қызымды тудым. Оның үстіне үйде көнерген еден опырылып түсті. Мен баспанасыз қалдым. Барлығын басынан бастауға тура келді. Сондықтан өз бетіммен сауда жасағым келетінін айтып, "маған көкөніс пен жеміс-жидек сататын орын бөліп беріңіздер, отбасымды өзім асыраймын" деп қала әкімдігіне өтінішпен жүгіндім. Комиссияның шешімімен маған бірінші павильонды тегін берді. Капитал жинап алғаннан кейін екінші павильон ашуды ұйғардым. 2016 жылы "Астана" ӘКК сайтынан конкурс туралы хабарламаны көрдім. Дереу өтініш тапсырдым. Өзім өтініш берген учаскіге менен басқа 5 адам таласыпты. Бірақ мен жеңіп шықтым. Бәрі адал, ашық түрде өтті. Жалға алудың мерзімі – 7 жыл. Қазір көкөніс пен жеміс-жидек сатумен айналысып жүрмін, менің бірнеше павильоным бар", – дейді ол.

"Наурызбаева" жеке кәсіпкерлігінің қожайынының айтуынша, көшедегі павильонды жалдау сонша қымбат емес.

"Бұрын орталық базарда ауданы осы менікіне ұқсас контейнер үшін шамамен 50 мың теңге төлеу керек болатын. Демек, ондайды ұстап тұру әрі ол өзін-өзі ақтауы үшін түсетін табыс та көп болуы керек. Ал қазір мен жалдап тұратын павильонның жалға алусы 20 мың теңгеге түседі. Зейнетақылық жарна аударамын, салық төлеймін, бәріне жетеді, барлығы заңды", – дейді Жәмила Наурызбаева.

Дегенмен, қазір саудаға шығарылып жатқан павильондарды жалдау ақысы әртүрлі екенін ескерте кеткен абзал. Мәселен, Сарыарқа ауданындағы Есенберлин көшесінде орналасқан, ауданы 0,0009 гектарлық жеміс-жидектер мен көкөністер сатуға арналған дүңгіршек жылына 180 мың теңгеге түспек. Ал Сығанақ көшесіндегі балмұздақ, сусындар, фаст-фуд сатуға арналған, ауданы 0,0012 гектарлық павильонның жылдық жалға алусы 240 мың теңгеге барады.

Рас, өте арзаны да табылып отыр: Есіл жағалауында небары 0,0001 гектарлық құрқылтайдың ұясындай дүңгіршекте 2023 жылдың сәуіріне дейін сусындар, балмұздақ не фаст-фуд сату үшін жыл сайын бар-жоғы 20 мың теңге ғана жалдау ақысын төлеу қажет болады.

Бағдарламаның тағы бір жақсы жері сол, оның қатысушылары жыл сайын қызметін ұзартуы үшін рұқсат сұрап, әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүрмейді. 7 жылға дейін алаңсыз өз ісін дөңгелентуіне болады.

Бірақ кемшін тұстары да жетерлік. Мәселен, сауда жүргізуге арналған жер телімдері тым аз. Бұдан бөлек, павильондарда кәсіпкерліктің түрлері шектелген: оларда жоғарыда аталған жеміс-жидек, нан, сүт, балмұздақ, шұжық, фаст-фуд сыртында, гүл, газет-журнал, кәдесый-сувенирлар сатуға, тұрмыстық, техникалық сервис-қызмет көрсетуге ұлықсат етіледі. Ал қазіргі заманғы әлемде көше саудасының түрі бұдан әлдеқайда ауқымды әрі кең.

Мысалы, еуропалық елдерде көшедегі павильондарда арзан киім-кешек, керек-жарақ, аксессуарлар, тұрмыстық техника, антиквариат, қолөнер туындылары және басқасын сата береді. Жапонияның ірі қалаларының басты көшелерінде де дүңгіршектер саудасы көп шектелмейді, олардың кейбірі кітап, киім, техника, ыдыс-аяққа маманданған дүкендерге айналған.

Әрине, бұлардың барлығын ірі сауда орталықтары ішіндегі лайықталған сауда орындарында да саудалауға болады. Алайда сауда үйлері мен сауда орталықтарының жалдау бағасы тым қымбат әрі оны шағын бизнестің қалтасы көтере бермейді. Көшедегі сауда павильондары кез келген кәсіпкерге кез келген бизнес түрін ашуы үшін алғашқы трамплин қызметін атқарып, кейін кеңейіп, өркен жайған соң, сауда орталықтарына кіруіне септесе алар еді. Бірақ әзірге қала әкімдігі көше саудасының бизнес түрін шектеу арқылы ірі сауда орталықтарына бәсекелес болмауға ниеттенгенге ұқсайды.

Жалпы, "1000 орын – көше саудасы" бағдарламасы аясында бүгінде 180 кәсіпкер даладағы жеке павильондарда бизнесін дөңгелентуде екен.

Халықтың аз қамтылған бөлігін қолдау үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өңірлік бөлімі "Astana" ӘКК-мен бірлесіп қосымша регламент әзірледі, құжатқа сәйкес осы бағдарлама аясында биылдан бастап жыл сайын өз ісін ашып, нәпақа тапқысы келетін осал топтар өкілдеріне 15 орындық квото бөлінетін болды.

Бұл бағдарламаны алда еліміздің басқа да өңірлеріне тарату жоспарлануда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу