Бұған дейін мемлекет жылдар бойы долларсыздандыру саясатын белсенді жүргізді. Сол арқылы елді рубльге көшірді.
Алайда РФ валютасы АҚШ валютасы алдында тізе бүгіп, девальвацияланғалы бері Беларусьтер шетелдік валютаны өткізуді доғарып, көптеп кері сатып алуға кірісті.
"Все банки Беларуси" порталының байламынша, қараша айында доллар бағамының айтарлықтай өсуі БР тұрғындарының шетелдік валютаға деген көзқарасын күрт өзгертті. Банктер арқылы доллар саудасы қызып тұр. Доллармен қатар, іргедегі ұжымдық Еуропаның валютасы – еуро үлкен сұранысқа ие.
БР Ұлттық банкі мынадай қызықты дерек келтірді. Егер долларсыздану процесі аясында жеке тұлғалар биылғы қазан айының өзінде 999,3 миллион долларын банктерге өткізсе, қараша айында бұл көрсеткіш 160,9 млн долларға бір-ақ құлаған.
"Бұл бір жағынан түсініксіз көрінеді. Өйткені бұрынғы жылдары доллар курсі жоғарылағанда халық керісінше, америкалық валютадан арылу үшін банктерге жүгіретін. Себебі, девальвацияның соңынан қымбатшылық ере келеді. Сондықтан халық қымбаттап кетпей тұрғанда импорттық тауарларды көптеп сатып алуға ұмтылатын", – деп мәлім етті беларусьтік порталдың сарапшылары.
Екінші жағынан, бұл Беларусь тұрғындарының мұның ақырғы меже еместігін, доллардың ары қарай қымбаттайтынын сезіп, артын бағып отырғанын білдірсе керек.
Осы орайда Беларусьтер валютаны көптеп алып жатыр. Қараша айында АҚШ валютасын 123,9 миллион долларға артық сатып алған. Бұған дейінгі айларда тек төмендеп келіпті.
Жалпы алғанда, небәрі 9,1 миллион ғана халқы бар Беларусьте өткен бір ғана айда жеке тұлғалар 978,4 миллион доллар сатып алды. Салыстырғанда, биылғы 11 айда, жалпы алғанда бұл көрсеткіш 1 миллиард 532 миллион долларды құрады.
Өз кезегінде заңды тұлғалар да халық сияқты қимылдап, қам жасауда. Банктерге тапсыратын валютасын 123,6 млн долларға кеміткен. Нәтижесінде, тіпті шетелге экспорттан валюталық табыс табатын мемлекеттік кәсіпорындарды қоса алғанның өзінде бизнес 2,422 млрд доллар ғана сатты. Есесіне, қараша айында ғана банктерден 2,941 миллиард доллар сатып алған.
Беларусьтік тәуелсіз журналист Всеслав Чарадзей (Усяслаў Чарадзей) доллардың Беларусьте "ұлттық валютаға" айнала бастағанын айтады. Олар енді "рубльге сенбейді".
"Қазіргі уақыт әлдебір ғажайыпты күтетін, соған сенетін уақыт. Ал, әрбір беларусь желтоқсан айында доллар туралы армандайды. Жалақы мен шығындарды рубльдерде емес, доллармен есептеу беларустердің дүниетанымының бір бөлігіне айналды. Мен Латвиядан бір-ақ шыққанда дүкендердегі бағаларды алдымен еуродан долларға, содан соң доллардан рубльге ауыстырып жүрдім. Бүгінде беларусьтер америкалық валютаны сатып алу үшін қайтадан ұзынсонар кезек түзуде. Шенеуніктер рубльдің құнсыздануына тағы да қарапайым бұқараны айыптауы мүмкін", – дейді беларусьтік журналист.
Қалай болғанда, оның айтуынша, Джордж Вашингтон бейнеленген банкноттың бағамы әрбір беларусьті толғандырады. Жұрт жиналса, немесе шүйіркелесе қалса, бар әңгіме доллардың айналасында құрылады екен.
Всеслав неге аққұла Беларусь тұрғындарының долларға сонша тәуелді екенін түсіндіре кетті. Өйткені посткеңестік кеңістіктегі республикалар арасында девальвациядан ең көп зардап шеккені де – осы ел.
Мысалы, Sauap.org ағартушылық порталының дерегінше, 1993 жылы теңге енгізілгенде, 1 доллар 4,69 теңгеге тең деп бекітілген. Алайда келесі 1994 жылы бірінші девальвация болып, АҚШ валютасы 35,64 теңгеге жетті. 1999 жылы келесі ірі құнсыздану доллар бағамын 120 теңгеге ұшырды.
ХХІ ғасыр басында, 2003 жылы "мәңгілік жасыл" валюта құны 150 теңгеден асқан. ҚР Ұлттық банкінің 2024 жылғы 19 желтоқсанға белгілеген бағамына сәйкес, 1 доллар 522,63 теңге тұрады. Бірақ теңге өз тарихында әзірге деноминацияны бастан өткерген жоқ.
Өзге елдердің ұлттық валюталарының тағдыры әртүрлі болды. КСРО ыдырағанда бірінші болып, Украина ұлттық валютасын енгізді: кеңестік рубльді 1991 жылы "карбованецке" ауыстырды. 1996 жылы оның орнына гривна енгізілді. Бүгінде, сұрапыл соғысқа қарамастан, Украинада 1 доллар небары 41,9 гривна тұрады.
Мысалы, Латвияда 1992 жылдан бастап, өзі шығаратын латвиялық рубль қолданыста болды. Бұл уақытша валютаны тұрғындар "рублис" немесе "репшик" атайтын. 1993 жылы оның орнын "лат" басты. 2014 жылы ол орнын еуроға босатып берді.
Жалпы, құнсызданудан ең көп сорлағанның бірі – рубль. ТАСС мәліметінше, бір ғана 1992 жылдың өзінде Ресей ұлттық валютасы 223 рет (!) құлаған. 1992 жылғы 1 шілдеде Ресей банкі жаңа рубльді еркін айналымға жіберді. Сол күні 1 АҚШ долларының ресми бағамы 56 копейка болатын. Жыл соңында бағам 125 рубльге дейін жетті.
Рубльдің құны 1990-шы жылдары – 27 рет арзандаған. 1994 жылғы 11 қазанда Мәскеу банкаралық валюта биржасында доллар бағамы 3 926 рубльге жетті. 1996 жылы 1 доллар 5 560 рубль тұрды.
1998 жылғы 17 тамызда Ресейде мемлекеттік қарыз бойынша техникалық дефолт жарияланды. Соның алдында, 1998 жылғы 1 қаңтарда деноминация жүргізілді: ескі 1 000 рубль жаңа 1 рубльге айырбасталды. Ал, 1 доллар 6 жаңа рубльге теңелді. Содан бері тоқтаусыз құнсызданып келеді. 2024 жылғы 19 желтоқсанда 1 доллар шамамен 104–105 рубль айналасында құбылуда.
Беларусь 2005 жылы РФ рубліне толық көшеді деп жоспарланған еді. Алайда кейін президент Александр Лукашенко бұл бастаманы сөзбұйдаға салып, ақыры құртып тынды. Таяуда Беларусь Қаржы министрлігі республиканың Ресей рублін ішкі айналымда төл валютасы ретінде пайдалануды жоспарлап отырмағанын кесіп айтты.
Минск 1992 жылы беларус рублін енгізді. Онда қоян, тиін, қасқыр, кәмшат-құндыз, зубр, бұғы сияқты аңдар бейнеленгендіктен халық оны "зайчик" атап кетті. Бірақ ол бірден құнсыздана жөнелді.
Ұлттық валюта саласында Беларусь ТМД-ның бірде бір елінде болмаған зұлматқа тап болды: ақшасы 3 рет деноминацияны бастан кешті. Бірінші рет – 1994 жылы 1 нөлі алып тасталды. 2000 жылы – тағы 3 нөлі жойылды. Соңғы рет 2016 жылы бірден 4 нөлінен айрылды. 10 000 беларустік рубль 1 жаңа рубльге айырбасталды. Өйткені 1 АҚШ долларының бағамы 21 000 рубліне дейін жеткен еді.
Бүгінде 1 доллар 3,485 беларусь рубліне тең.
"Соңғы отыз жыл бойы аймағымыздағы әрбір ел төл ұлттық валютасына қол жеткізді. Біздің үйде "зайчиктердің" тұтас қабы тұратыны есімде қалыпты. Өзге елдерде жұртшылық өмір сүру құнын өз ақшаларында бағалайды. Аққұла Беларусьте отандық валютаға сенім жоқ. Бұл сенімсіздікті еңсеру үшін мемлекет бағаларды ұлттықтан басқа валютада көрсетуге тыйым салды. Бұл тыйымға биылғы жазда он жыл болды. Бірақ біздің халық сол бұрынғыдай бәрін доллармен есептеуін жалғастырды. Бірнеше қайтара соққан девальвация, ел ауқатын үш рет жойған деноминация рубльге деген сенімді жым-жылас етті. Осы үш деноминация елді жалғыз бір адам басқарып тұрған тұста болды, ол кісі әлі күнге билікке жармасып отыр", – дейді беларустік тәуелсіз журналист Всеслав.
Ол девальвациялар мен деноминациялар халықтың болашаққа сеніммен қарап, өз өмірін ұзаққа жоспарлауға еш мүмкіндік бермейтінін қынжыла жеткізді.
Журналист бір хикаяны бөлісті. Оның досы автомобиль сатып алуға ұйғарады. Көптеген беларус сияқты ол да жинағын долларда сақтаған. Содан интернет арқылы іздей келе, таңдауы Мәскеуде саудаға қойылған көлікке түседі. Алайда мәскеулік машинасын америкалық валютаға сатудан бас тартады. Содан әрлі-берлі шабылып жүргенде Ресейде девальвация болды. Бағам айырмасы арқасында беларусь ресейліктің көлігін 25 пайыздайға арзан алған.
Сарапшылар Беларусьтің валютасын қиын заман күтіп тұрғанын қаперге салады. Ресеймен бірге халықаралық санкцияларға іліккен бұл республика Еуропадан біршама оқшауланып қалды. Экспорты негізінен Еуразиялық одақтың кедей елдерімен шектелуде. Бюджеті де, экономикасы да Мәскеудің беретін кредит қаражатына тәуелді.
Бұған қоса, 2025 жылғы 26 қаңтарда кезекті Президент сайлауы өтеді. Қазіргі ел билеуші Лукашенко 1994 жылдан бері осымен жетінші рет сайлануға белсенді. 2020 жылғы сайлаудан кейін наразылық акцияларына қатысқан адамдар зауыт-кәсіпорындардан, мемлекеттік мекемелерден қуылып жатыр. Саяси дағдарыс ушығуы ғажап емес.
Бұл да ұлттық валютаға қолдау емес, кесір. Өз тарихын жақсы білетін беларусьтер сол себепті де доллар сатып алу үшін банктерде кезекте тұр. Олар: "дәл қазір әлдекім келіп, АҚШ валютасын тапсырады, соны сатып ала қояйын" деп дәмеленеді.
Бір қызықты жайт: биылғы 28 қарашада белгілі беларусьтік тележүргізуші-пропагандист Азаренок көпшілік алдында 1 АҚШ долларын жағып жіберді. Бұл қоғамда пікірталас туғызды: "неге 1 доллар, неге 100 доллар емес?" дейді ел.
Жауабы қарапайым: пропагандист те 2025 жылдың қаңтарын күтіп отыр. 20 қаңтарда АҚШ тізгінін Трамп алған соң ол Американы қуаттандыруға кіріседі. Демек, доллар әрі қарай қымбаттау мүмкін.
Ондай жағдайда, сарапшылардың пікірінше, биржаға қуатты интервенция жүргізуге Минскінің қауқары жетпейді. Дайындық ретінде дүйсенбіден бастап бірнеше беларустік банк валюта саудасына да, депозитті шешіп алуға да лимит-шек енгізді. Енді бұл одақтас республика тұрғындары банктегі шотынан айына 2 000 рубль (шамамен 600 доллар) ғана ала алады.