Bereke Bank талаптарды бұзып жатыр ма?

1661

Банктің былтырғы 1 шілдеден бері, яғни 9 ай қатарынан банктер үшін бекітілген нормативтерді орындамағаны хабарланған болатын.

Bereke Bank талаптарды бұзып жатыр ма? Фото: inbusiness.kz

РФ Украинаға шапқыншылық жасағаны үшін ресейлік бизнес те Батыс тарапынан қатаң жазаланып жатыр. Содан санкциялық қыспаққа түсіп, дәрменсіз күйге жеткен ресейлік "Сбербанктің" қазақстандық еншілес банкін Қазақстан Үкіметі құтқарып қалды.

Билік "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің қаражатын шығындап, Сбердің филиалын сатып алды. Одан қазақтың қасиетті "береке" сөзін де аямады. Бәйтерек холдингі алда бұл экс-ресейлік банкті сатуға шығару жолдарын қарастырып жатқан көрінеді.

Ranking мониторинг агенттігінің мәліметіне жүгінсек, Bereke Bank қазақстандықтардың қаражатын тартуға "агрессивті" кіріскен көрінеді.

"Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер депозиттерінің мерзімсіз салым түрінің қолайлы қысқа мерзімдегісін, яғни 6 айға арналғанын талдадық. Бүгінгі таңда нарықта 14 банк мерзімсіз депозитті ұсынады, соның ішінде 8 банкте ғана 6 айға ашуға болады. Олардың ішінде ең жоғары базалық ставканы жалғыз Bereke Bank ұсынып отыр: жылдық 15%. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі сегментіндегі ең жоғары ставка да Bereke Bank-те: жылдық 16,1%. Сегменттегі 8 банктің 5-уінде, соның ішінде тағы да Bereke Bank-те депозит ашудың ең төменгі сомасы небәрі 1 мың теңгені құрайды", – деп хабарлады агенттік.

Нәтижесінде, бүгінде барлық банктер арасында Bereke Bank ай сайынғы өсім бойынша көшбасшы атанды.

Мұндайда қазақ: "Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық" дейді.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Bereke Bank қаржылық реттеушінің талаптарын бұзды. Bereke нормативтерді 2022 жылғы 1 шілдеден бері, яғни 9 ай қатарынан орындамай келе жатқан көрінеді.

Қаржылық реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың командасы бұған неге көз жұма қарағаны белгісіз.

Өткен жылдың өзінде аталған банкте капиталдың жеткіліктілігі, өтімділігі және валюталық позициясы коэффициенттеріне қатысты проблемалары болыпты. 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банктің К(ва), валюталық позиция және капиталдың жеткіліктілігі көрсеткіштері қанағаттанарлық деңгейге жеткізілген.

Алайда БАҚ хабарлауынша, банктің бәрібір талаптарды бұзып жатқаны белгілі болды. Себебі, Bereke-нің өтімділікті қамту коэффициенті (LCR) орташа көрсеткішке де жетпейді, төмен және 87%-ды құрайды. Бұл исламдық банктерді қоспағанда, еліміздегі банктер арасындағы ең төменгі көрсеткіш саналады.

Басқасын айтпағанның өзінде, Bereke Bank-те бірінші деңгейдегі капиталдың жеткіліктілік деңгейі де өте төмен болып отыр. 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша к1 небәрі 10% болды.

Салыстырсақ, өзге қазақстандық банктерде бұл көрсеткіш 11,5%-дан кем емес.

Әділдік үшін айта кетелік, сөз болып отырған банк к1 көрсеткішін соңғы екі айда 9,4%-дан 10%-ға шамалы өсіре алды. Дегенмен, бұл әрине, аз саналады.

Ұлттық банктің дерегінше, 2023 жылғы 2 айдың қорытындысында банктегі салымдар 112,4 миллиард теңгеге кеміген. Мамандардың байламынша, 1000-нан 1300-ші сынып аралығындағы шоттар сомасы жоғары өтімділікті актив деп қарастырылса, онда Bereke банкінде бұлар да жыл басынан бері 328,3 миллиард теңгеге азайып, 93 млрд теңгеге дейін құлдырады.

Өтімділіктің бұл көрсеткіші банк міндеттемелерінің 6,5%-ын ғана өтейді.

Салыстыру үшін келтірсек, бұл коэффициент банк жүйесінде Bereke банкіне қарағанда төрт еседей жоғары және 23,7%-ды құрайды.

"Бізге мына жайт оғаш көрінді: Bereke Bank қарыз портфелі елеулі өзгермеді және сол бұрынғыдай 1,3 триллион теңге деңгейінде қалды. Банктің менеджменті көрсеткіштерді түзету үшін несиелендіруді тоқтатып қойған ба деген ой туындады. Бәлкім, біз бірдеңені түсінбейтін шығармыз және мемлекеттік банкті жайлаған шетелдіктер қаржылық ұйымның тәуекел менеджментін басқаша көретін болар", – деп қайран қала жазады банк саласына маманданған Risk Takers телеграм-арнасының сарапшылары.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Bereke Bank-ке қатысты қандай да бір жаза қолданылғаны туралы хабарламады.

Қаржылық ұйым бірқатар БАҚ-та тараған Bereke Bank-тің пруденциалды нормативтерді бұзғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

"Bereke Bank 2022 жылы орын алған жағдайдан кейін өз позициясын қысқа мерзімде қайта нығайтуда. 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша қаржы институты бір ғана к3 көрсеткішін қоспағанда (2022 жылы болған қиын жағдайдың салдарынан капиталдың күрт төмендеуі себебінен), барлық пруденциалдық нормативтерін орындады. К3 – бір қарыз алушыға шаққандағы тәуекелдің максималды мөлшері. Қарапайым сөзбен айтқанда, бір клиенттің барлық несиелері бойынша ең көп қарызы. Бұл ретте бұзушылық 0,5%-дан кем: меншікті капиталдың 25% нормасы кезінде көрсеткіш 25,27%-ды құрады", – деді банк баспасөз қызметі.

Банк өкілдерінің сендіруінше, "биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк бір қарыз алушыға шаққанда тәуекелдің ең жоғары мөлшерінің коэффициентін (к3) қоса алғанда, барлық пруденциалдық нормативтерді орындады".

Дегенмен, "банк алдағы уақытта көрсеткіштерді жақсартуды көздеп отыр".

Еске сала кетсек, Қазақстанның күш салуы арқасында АҚШ ресейлік мамандар жұмысын жалғастырған бұрынғы ресейлік банкті санкцияның қара тізімінен шығарды. Қаржылық реттеу агенттігі 2023 жылғы 10 наурызда "Bereke Bank" АҚ-ы санкциялық тізімнен алып тасталғанын қуана хабарлады.

"АҚШ Қаржы министрлігі 2023 жылғы 8 наурызда "Bereke Bank" АҚ-ын (бұрынғы Сбербанк АҚ ЕБ) Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) санкциялық SDN-тізімінен алып тастады. Банк АҚШ-тың OFAC санкциялық SDN-тізімінде 2022 жылғы 6 сәуірден бастап болды. Сонда Қазақстан үшін банкпен арасындағы мәмілелерін аяқтау мерзімін тағы үш айға – 2022 жылғы 12 шілдеден 11 қазанға дейін ұзарту туралы OFAC бас лицензиясы шығарылған еді. Кейіннен бұл лицензия 2022 жылғы 31 желтоқсанға, ізінше 2023 жылғы 31 наурызға дейін ұзартылды. 2022 жылғы 1 қыркүйекте банкті "Бәйтерек" холдингі сатып алып, ол "Bereke Bank" АҚ болып өзгертілді", – деп түсіндірді агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта банк активтер мен депозиттік базаның мөлшері бойынша Қазақстандағы ең ірі 10 банктің қатарына кіреді. Мәселен, 2023 жылғы ақпандағы жағдай бойынша банктің активтері 1 трлн 569 млрд теңгені, капиталы – 131 млрд теңгені құрады. Банктің несие портфелі 1 трл 323 млрд теңгеге жетті және үлесі қазақстандық банк секторының 5,5%-ына тең.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу