Безос, Гейтс, Баффет – ​әлі де әлемнің ең бай адамдары

1947

"Форбс" журналының байлар тізімінде Безос көш бастаса, Трамп 51 пунктке көтеріліп, 715-ші орыннан көрінді. Ал, Азия миллиардер "жасаудан" өзге континенттерге дес берер емес.

Безос, Гейтс, Баффет – ​әлі де әлемнің ең бай адамдары

"Форбс" журналының  ультра-байлар тізімінде Джефф Безос Билл Гейтс пен Уоррен Баффетті тағы да артқа тастап, әлемнің ең бай адамы деген мәртебесін сақтап қалды. Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп дәулетін арттырып, 51 пунктке көтеріліп отыр.  Дегенмен, Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг үш сатыға түссе, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумбергтің рейтингі екі пунктке жоғарылаған.

Сейсенбі күні жарияланған тізімге жүгінсек, 55 жастағы Безос бір жылда байлығын 19 миллиард долларға арттырып, 131 миллиардқа жеткізді.  Әйгілі магнат бүгінге "Амазон" компаниясының 16 пайыз акциясына ие.

"Майкрософттың" негізін салған 63 жастағы Гейтстің активтері былтыр 90 миллиард долларға бағаланса, биыл 96,5 миллиардтан асып отыр.

"Форбстың" жаңа дерегінше,  ұзақ жылдар бойы инвестиция "пірі" атанған  88 жастағы Баффет өткен жылы 1,5 миллиард жоғалтып, 82.5 миллиард доллар байлықпен үшінші орында тұр.  Оның мүлкінің кемуіне өңделген тағамдар әзірлейтін Kraft Heinz компаниясы акцияларының АҚШ-та күрт арзандап кетуі себепші. Бұл кәсіпорын  құнды қағаздарының айтарлықтай бөлігі дәл осы Баффеттің қолында.

Француздың люкстік тауарлар шығаратын LVMH компаниясының басшысы Бернард Арно "Форбстің" тізімінде төртінші, былтырдан бері 9 миллиард доллар жоғалтқан Цукерберг сегізінші тұр. Цукербергтің алдында Карлос Слим мен Zara мен Inditex компанияларын құрған испаниялық бизнесмен Амансио Ортега келеді. Блумберг болса 55,5 миллиард доллармен 11-ші орыннан көрінді.

Жалпы алғанда, биыл "Форбстың" топ-жиырмалығына кірген 20 миллиардердің 14-і – америкалықтар. Ал, америкалық емес жиырмалыққа бір үндістандық, екі қытайлық мультимиллиардер іліккен екен.

Дональд Трамп 715-ші орында
"Форбстың" есебінше, Трамптың байлығы – 3,1 миллиард доллар. Журнал тізімінде Америка президенті 2018 жылы 766-ші болып тұрса, қазір - 715-і орында.  Ақ үй басшысы Нью-Йоркте тоғыз зәулім ғимаратқа ие. Солардың қатарында бесінші авеньюде орналасқан Trump Tower бар. Бұл нысандар Трамптың байлығының жартысын құрап отырса, клубтары мен гольф алаңдары 550 миллион долларға бағаланып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, Трамп Құрама Штаттарда сайланған шенеуніктер арасындағы ең бай адам емес: Америка билігінде дәулеті жағынан демократ Дж. В. Прицкер алда келеді. Оның Hyatt Нotel қонақ үйінің құны бүгінде шамамен 3,2 миллиард долларға тең.

Азиялық миллиардерлер
Экономикалық белгісіздіктер мен АҚШ-Қытай сауда соғысына қарамастан, миллиардер "жасаудан" Азия әлем бойынша көш бастап келеді.  Knight Frank LLP компаниясы сәрсенбі күні жариялаған болжамға қарағанда, "сары құрлықта" 2018-2023 жылдары миллиардерлер саны 27 пайызға өсіп, 1003 адамға жетеді. Яғни, алдағы төрт жылда әлемдегі 2696 миллиардердің үштен бір бөлігінен астамы осы аймақта тұрады. Ал, Солтүстік Америка мен Еуропада мұндай байлардың саны сәйкесінше 17-18 пайызға көбеймек.

Азияда активтері өскен магнаттар негізінен Үндістанда, содан кейін Қытай мен Филиппинде көп. Сонымен қатар, бұл аймақта өз байлықтарын қолма-қол ақшамен сақтайтын адамдар саны жыл өткен сайын артып келеді. Олар нарықтық тұрақсыздықтан үрейленіп, активтерін алтын мен облигацияларға салудан қауіптенеді, ал жылжымайтын мүлікпен сақтайтындар қатары 23 пайызға жақындап қалған.

Парижден Токиоға дейін
Планетаның жеке ұшақтар мен зәулім үйлерге ие элиталық тұрғындарының көбі негізінен Парижден Токиоға дейінгі аралықтағы 10 қалада шоғырланған. Мұны да Knight Frank компаниясы 2019 жылға арналған баяндамасында жариялап отыр. Оның зерттеуіне жүгінсек, байлығы 30 миллион доллардан асатын 4,944 адам Лондонда, 3,378-і – Нью-Йоркте, 1,594-і – Сеулде, 3,732-і – Токиода, 1,507-і – Цюрихте, 1,667-і – Парижде, 1,673-і – Бейжіңде, 1,519-і – Тайпэйде, 3,598-і – Сингапурда, 1,352-і – Сан-Паулуда тұрады. Демек, супербайлар дүниежүзінің ең ірі мегаполистерін таңдайды.  Себебі, бұндай алып қалаларда кәсіпкерлікке, қалаған өмір салтын ұстануға жағдай жасалған. Және де оларда госпитальдер озық технологиямен қамтамасыз етіліп, көлік инфрақұрылымы дамыған.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу