Бидай орнына арпа егеміз...

5152

8 қарашада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасын талқылау барысында құзырлы министрлік басшылары осылай деп мәлімдеді.

Бидай орнына арпа егеміз...

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасында (КҰП) 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.

Құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және өңдеуші өнеркәсіп комитеттерінің отырысында назарға ұсынды. Жиынға бизнес өкілдері, салалық одақтар мен кәсіпкерлер қауымдастықтары қатысты.

Жиынды жүргізуші КҰП төралқасындағы агроөнеркәсіп кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр бұған дейінгі нұсқаға қарағанда Тұжырымдама 60-70% өзгергенін атап өтті.

Вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасындағы мақсат-міндеттерді қысқаша баяндап берді.

Ол, әсіресе, мемлекеттік қолдауды иеленетін агроөнеркәсіп салаларына, ауылшаруашылық кооперативтері арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау тетіктеріне ерекше тоқталып, экспорттық саясатты жүзеге асыру мен табиғи өнімдердің қазақстандық брендін насихаттау бойынша қолға алынатын іс-қимылдарды байыптады.

"Бағдарламада көзделген мақсаттарды жүзеге асыруда алты міндет алдымызда тұр: бұл мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға, өсімдік шаруашылығын 48%-ға көтеру, ауқымды ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерін барынша тиімді әрі қолжетімді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету, 600 мыңнан астам суармалы жерді айналымға енгізу және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді жетілдіру", – деп атап өтті Асқар Мырзахметов.

Вице-премьердің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында егін алқаптарын әртараптандыру жалғасын табады.

"Бидай алқаптары 2,3 млн га-ға қысқарады. Оған басты себеп, астықтың тым артық өндірілуі. Босаған жерлерге анағұрлым зәрулік сезілетін арпа, сұлы, майлы және өзге де өнімділігі жақсы дақылдар себілетін болады", – деді А. Мырзахметов.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов та жұртшылықты Тұжырымдаманы талқылауда белсенділік танытуға шақырды. "Бағдарламаның мақсат-мұратын айқындауда келесі жайттарды басты назарда ұстадық: еліміздің азық-түлік нарығын қамтамасыз ету, табанды экспорттық саясат және ауыл халқының табысын арттыру. Бағдарлама тұжырымдамасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әлеуметтік желідегі ресми парақшада жарияланды. Әркім Тұжырымдама астына өз пікірін қалдыра алады. Барлық пікір ескерілетін болады", – деді Қайрат Айтуғанов.

КҰП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, "Атамекен" агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының тұжырымдамалық жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып қызу талқылаған.

"Салалық қауымдастықтар мен одақтардан түскен ескертулер мен ұсыныстар мемлекеттік бағдарламаны жасаушы тарапқа жіберілді. Агробизнеспен сындарлы сұхбат құру мақсатында, Facebook әлеуметтік желісінде "Атамекен. Қазақстандағы агросұхбат" тобы ашылды. Кәсіпкерлер барлық қажетті ақпаратты, саll-орталықтың 8-800-080-80-10 нөміріне қоңырау шалып немесе электрондық мекенжайына ұсыныстарды жіберу арқылы ала алады.

Міне, бүгін де бірлесе әрі ашық сипатта шаруаларға арналған жаңа құжат Тұжырымдамасын талқылауға жиналып отырмыз. Бұл құжат қандай күйде қабылданса, онда қандай қолдау түрлері көрсетілсе, алдағы бес жылдағы агроөнеркәсіп кешені солай дамитын болады", – деп атап өтті Нұржан Әлтаев.   

Бизнес-қауымдастық жағы болса мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың тиімділігін арттыруы және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты үлес қосуы ықтимал бірқатар ұсынысты ортаға салды.

Мәселен, Қазақ мақта қауымдастығы осы уақытқа дейінгі құрамдас субсидиялау түрін сақтап қалуды сұраса, балық шаруашылығы өкілдері Тұжырымдамадан өздерін көрмегеніне алаңдайтынын мәлімдеді. Бірнеше кәсіпорын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде сумен қамту құрылымдарын салып, суармалы сумен қамтуды өтінсе, біраз шаруа қожалығы білікті мамандардың тапшылығына қынжылды.  

"Атамекен" палатасы әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, Қазақстанның ауылшаруашылық саласы бойынша әлем мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы орны жайлы сұрақ қойып, Дүниежүзілік сауда ұйымындағы мемлекеттік дотация тұрғысында саланың қаржыландырылуы жайына тоқталды. Оның ойынша, ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеуге мемлекет қайтарымсыз грант бөлу керек.

Талғат Доскенов "Ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктірудегі кедергілер жойыла ма, тәуекелдер мен жауапкершілік қалай болады?" – деген сауал қойды.

Асқар Мырзахметов Тұжырымдаманың тереңінен егжей-тегжейлі өңделіп, жалпылама жазылған 13 міндеттің екі есеге қысқартылып, көзделген көрсеткіштердің нақтыланғанын айтты. 

"Бюджеттің жасақталуындағы есеп-қисап дағдарыс жағдайы тұрғысынан ескеріледі. Әзірге "Агробизнес-2020", су ресурстарын басқару бағдарламаларына есептелген қазына қаржысынан аспауға тырысып отырмыз. Ғылыми тақырыптар бизнеске қызық болмаса, қаржыландырылмайды. Кооперация жөнінде ұсақ тауар өндірушілерді қолдағымыз келеді. Себебі, олардағы өнімдер өңделмейді, қосымша құн қосылмайды, ал ірі кәсіпорындар шикізат болса да, толық жүктемемен жұмыс істеп жатқан жоқ.

Халықтың тең жартысы ауылда тұратынын ескерсек, ауылдағы ағайынды тиімді жұмыспен қамтып, өткізу нарықтарын қалыптастыру қажет. Ұсақ жеке шаруашылықтарды, мысалға артылған сүтін сатып, қосымша табыс табуға ынталандырмақпыз. Ол үшін шағын зертханалар, жем-шөп цехтары ашылады, құрал-жабдық алынады. Сөйтіп, толыққанды кооперативке қызмет көрсету циклы дүниеге келеді", – деп түсіндірді вице-премьер кооперация туралы мүлде жаңа заңның іске қосылғанын еске салып.   

Экономист Мұхтар Тайжан қазіргі ең қызу талқыланатын тақырыптың бірі – салық реформасы мәселесін қозғады. "Мен шағын бизнес мүддесін қорғағым келеді. Бізді Салық кодексіндегі 488-бап толғандырады. Онда егер ауыл шаруашылығына инвестициялар еншілес фирмалардан құйылатын болса, жеңілдіктерден айырылатыны айтылады. Бұл жерде компания тағдырын салық инспекторы шешеді.

Олардың ойынша, компаниялар бір-бірінің шешіміне әсер етеді екен. Жемқорлыққа жол ашатын бұл бапты жаңа Кодекстің күшіне енгенін тосқанша, заңнан қазір алып тастауды ұсынамын", – деген Мұхтар Тайжан субсидияларды ірі жер иелеріне ғана бермей, өнімділігіне қарай бөлу керектігін ескертті. Алғашқы мәселені Кондитерлер қауымдастығының өкілі Әлихан Талғатбек те құптады.

Министр Асқар Мырзахметов бұл мәселенің келесі жағы да барын, алаяқтық әрекеттердің баршаға зиянын тигізіп жатқанын айтты.

Құс өсірушілер одағының мүшесі Ибраһим Жанғоразов 1 млн тоннадан астам құрама жемге мұқтаждық барын, құс өсіретін кәсіпорындарда 2-2,5 айға ғана жететін қордың қалғанын айтып, қаржы тапшылығына шағымданды. Өз тарапынан министр қаржы тапшылығын мойындап, бірақ тығырықтан шығаратын жолдың қарастырылып жатқанын айтты.  

Несиелік серіктестіктер қауымдастығының жетекшісі Альмира Сағатова Тұжырымдамадан көрініс тапқан аталмыш мекемелерге қаржылық демеуден тыс, мемлекеттен құқықтық-экономикалық қолайлы ахуал жасап беруін сұрады. Оған министр заңнамаға өзгерістер енгізу ісінде нақты жазбаша ұсыныс күтетінін айтты.

"Агроинтерптица" ЖШС директоры Максим Божконың соя өсімдігінің тағдырына алаңдайтынын айтты. Асқар Мырзахметов бұл өнімге мемлекет назарының әлсіремейтінін мәлімдеді.

Жиында көп мәселе қозғалып, вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов көтерілген ешбір мәселенің ескерусіз қалмайтынына уәде берді.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы, Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасымен біріктіру арқылы Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Жоғарыдағы Тұжырымда осыған орай атқарылған жұмыс жемісі болып отыр.

Тәңірберген Арғын

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу