Билік алпауыт "Алтын Орда" базары үшін заңды өзгертпек

6800

Шенеуніктер ығай-сығайлардың меншігіндегі базарларды тек қаңтар оқиғаларынан кейін, Президент Тоқаевтың пәрмені мен тапсырмасынан кейін ғана тексере алғандарын айтып ақталады. 

Билік алпауыт "Алтын Орда" базары үшін заңды өзгертпек Фото: informburo.kz

Үкімет басшысының орынбасары-сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың командасы "Алтын Орда" базарына қатысты қаптаған бұзушылықтар анықталғанын және олар бойынша қандай шаралар қабылданғанын жариялады. Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша бұл базар экс-президенттің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі болған.

Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен құзырлы органдар биылғы 4 наурыздан бастап, еліміздің базарларында, соның ішінде "Алтын Ордада" тәртіп орнатуға кірісті. Өйткені жыл басындағы бейбіт шерулердің "қаралы қырғынға" айналып кетуіне үлес қосқан радикалдардың бір тобы осы базарларды паналар жүрген деген дерек болды.

Осы мақсатта прокуратураның қаулылары негізінде жоспардан тыс шұғыл тексеру жүргізу үшін 10-нан астам мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы – ауқымды комиссия құрылды. Ол не бітірді? Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің түсіндіруінше, бұл базарды тексеру "Президенттің прокуратура органдарына берген тапсырмасынан кейін ғана мүмкін болды".

Тексерістер нендей былықтарды әшкереледі?

Сонымен, СИМ комитетінің мәліметінше, "Алтын Орда" базары 90-шы жылдардың басында құрылған ірі базарлардың бірі, ол 28,9 гектер жерді алып жатыр. Оның аумағына 3 меншік иесі иелік етеді, бұлар – "Kurylys LTD" ЖШС (21,9 гектар немесе барлық жердің 75%-ы, онда 44 ғимарат орналасқан), "Meat King" (0,996 гектар, 3 объект) және "Алисултанова" жеке кәсіпкерлігі (6,02 гектар, 16 ғимарат).

Бұл қожайындардың бәрі өз жер учаскелерін "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС-іне жалға берді.

Салық органының дерегінше, біріншіден, "Kurylys LTD" ЖШС 3 жылда салықтың барлық түрі бойынша бюджетке бар-жоғы 41 млн теңге ғана төлеген: 2019 жылы – 15 млн, 2020 жылы – 8 млн, 2021 жылы 18 млн теңге. Шынында қанша төлеуі қажет еді? Биылғы ақпанда камералдық бақылау нәтижесінде бұл компания қызметінен 298 миллион теңгеден астам сомаға салық заңнамасын бұзушылықтар анықталды. Бүгінде ол соның 106 млн теңгесін төледі.

Базардың басқа да былықтары жетерлік екен. Тексеру көрсеткендей, ЖШС аумағындағы 44 құрылыстың 26-сын иелері еш рұқсатсыз, өз бетінше салып алған. Соның ішінде 7-еуі Ақсай өзенінің су қорғау аймағы ішіне тұрғызылыпты. Бұрынғы әкімдер бұған көз жұма қарағанға ұқсайды.

Сорақысы сол, құзырлы органдар осының 17 объектісін күресінге жіберу туралы актілерге қол жеткізген. Алайда ол объектілердің бәрі толыққанды жұмыс істеп тұр, сүрілмеген. Осыдан-ақ тірегі мықты болғаны аңғарылады.

Базар ел заңына да бағынбайтын дәрежеге жеткенге ұқсайды. Сауда комитетінің хабарлауынша, базар аумағында "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС-нің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланылатын су тарту құрылғысы тұрғызылған. Бірақ су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган оған арнайы су пайдалануға рұқсат бермегені белгілі болды. Су ресурсын қанша көлемде шығындайтыны да белгісіз, есепке алу жүргізілмейді. Су өлшеу аспаптары жоқ. Тіпті су объектісін пайдалану туралы ақпаратты уәкілетті органға бермейтін болған. Егер қарапайым тұрғын бір литр суды есептеуішсіз тұтынса, дереу тексерушілер жетіп келіп, қомақты айыппұл салып кетер еді.

Екіншіден, "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС өткен 3 жыл ішінде салықтың барлық түрі бойынша небары 94 млн теңге ғана аударған: 2019 жылы – 28 млн, 2020 жылы – 31 млн, 2021 жылы – 35 млн теңге. Миллиардтаған қаражат айналатын сауда орны үшін бұл теңіздегі тамшымен бірдей. Ақпандағы камералдық бақылау нәтижесінде оның қызметінен 1,3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды. Оның 1,1 миллиардын тез-ақ төлеп тастапты.

Базар аумағында мыңдаған бизнесмен өз ісін жасырын, көлеңкеде жүргізіп келген. Ақпандағы тексерістер қорытындысында, оның аумағындағы 2 898 бизнес субъектісі тіркеуге қойылды. Сондай-ақ, базар аумағында 63 ғимарат, 3 су мұнарасы, 4 408 сауда орны бар екендігі айқындалды. Алайда компания өз есептері мен декларацияларында тек 11 ғимарат пен 3 600 сауда орны бар екенін ғана көрсеткен. Жасырып, жалтарудың ауқымын осыдан-ақ байқауға болады. Тек осылар бойынша салық төлеуден жалтару көлемі 400 млн теңгеден асты.

Сауда комитеті бұл базар сауда орындары мен автомобиль тұрақтарын ұсынудан күн сайын ең кемі 2,6 млн теңге, ай сайын 170 млн, 1 жыл ішінде орташа 3 миллиард теңге көлемінде кіріс табады деп отыр. Алайда бақылау-кассалық аппарат қолданылмайды, чек берілмейді.

"Компания жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз "Алматы–Бішкек" автомобиль жолының бойында, яғни қызыл сызық шегінде ортақ пайдаланымдағы жерлерді өз еркімен басып алған. Онда жалпы ауданы 321 шаршы метр жерде сауда бутиктері салынған. Сонымен қатар, базар аумағына жалпы ауданы 1,3 гектар мемлекет меншігіндегі жер учаскелері кіріп кеткен", – деп мәлім етті Сауда министрлігі.

Өз кезегінде Алматы облысының ТЖД-сі базар аумағында Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 200-ден астам дерегін анықталды.  

Санэпидқадағалау мамандары да 20-дан аса бұзушылық тапты. Мысалы, базар аумағынан лас су Ақсай өзеніне төгіледі. Оның қоршаған ортаға ықпалы, келтірген зияны белгісіз, рұқсат алынбаған.

Базарда ешқандай рұқсат құжаттары жоқ және Қазақстанда болу мерзімі өтіп кеткен 231 шетелдік – негізінен Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары ұсталды. Қарасай ауданының мамандандырылған әкімшілік соты оның 203-ін айыппұлмен жазалады,  28-ін елден аластатты.

Сауда комитеті сондай-ақ "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС сауда орындарын ұсынумен шектелмей, заңсыз түрде автокөліктен тауар сатуды ұйымдастырып, ақы жинап келгенін жеткізді. Бұл ретте жүк көліктерінің, фуралардың әрқайсысынан күнделікті – 15 000 теңгеден, "Спринтер" автобустарынан – 6000–7000 теңгеден, "Газелдерден" – 5000 теңгеден, жеңіл автомобилден – 3500 теңгеден жинады. Бірақ мұндай стационарлы емес саудаға рұқсат алынуы қажет еді.

"Базарда азық-түлік, ауылшаруашылық және көкөніс өнімдерін сақтап, сатуға арналған 49 қойма бар. Оның 25-і жеке кәсіпкерлермен шарттар жасау арқылы жалға берілген. Жалға алу құны шаршы метріне – 1000–1500 теңгеден. Арендаторлардың айтуынша, олар өнім жеткізушілермен тек ауызша келісіп, жұмыс істейді, яғни фирмалар оларға шот-фактура бермейді. Базарда 280 контейнер жалға берілген, олардың жалға алу құны 50 мың теңге. Базар әкімшілігі түбіртек-квитанция бермейді. Сатушылар мен жеткізушілер жүкқұжатсыз, ауызша келісіммен жұмыс істейтіндіктен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қатысты бекітілген сауда үстемесінің қаншалықты сақталатынын анықтау мүмкін болмады", – деген тоқтамға келді Сауда комитеті.

Тексеріс барысында базардағы азық-түлік және жеміс-көкөніс сататын жеке кәсіпкерлерде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ болып шыққан. "Алтын Ордада" тамақ өнімдеріне зертханалық зерттеулер жүргізумен "Kaz Express Lab" ЖШС айналысқан. Бір "қызығы", базар әкімшілігі онымен 2022 жылғы 5 қаңтарда, қаңтар оқиғалары кезінде келісімге отырыпты. Дегенмен, Сауда ведомствосының дерегінше, тексеру барысында зертхананың жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге лицензиясы жоқ болып шыққан. Ет ұшаларын тасымалдайтын көліктері вет-санталаптарға сәйкес келмейді. Ветеринарлық дәрігері біліктілік талаптарына сәйкес келмейді. Басқа да бұзушылықтары жетерлік.

Билік не істеуде?

Айтқандай, "Meat King" ЖШС де жалдау шарты негізінде "Altyn Orda Qaz Trade Ltd"-ға ауданы 0,9966 гектар болатын, тұрғын емес үй-жайлар орналасқан жер учаскесін арендаға береді. Облыстық мемкірістер департаментінің мәліметінше, 2 жыл ішінде ЖШС салықтың барлық түрлері бойынша айтуға ұят 370 мың теңге ғана салық төледі: 2020 жылы – 220 мың, 2021 жылы – 150 мың теңге. Тексеру кезінде "Meat King" ЖШС аумағында 3 түрлі нысан анықталды, бұлар – автовокзал, сою пункті және сауда бутиктері. Оның 2-уі рұқсатсыз, өз еркімен салынған құрылыстар. Бұл нысандарда да, әсіресе автостанцияда төтенше жағдай қызметкерлері көптеген жөнсіздікті енді ғана тапты.

"Облыстың құқық қорғау органдары "Алтын Орда" базарына қатысты бірқатар қылмыстық істерді тергеуде. Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша облыс прокуратура уәкілетті меморгандар атына санитарлық, ветеринарлық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салық, бәсекелестікті қорғау салаларында 10 қадағалау актісін енгізді. Олар қазір әкімшілік жаза тағайындау үшін қаралуда. "Meat King" ЖШС және "KazExpressLab" ЖШС-ына қатысты тексерулер аяқталды. Салықтық тексеруді аяқтау қажеттілігіне байланысты "Kurylys LTD" ЖШС және "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" қызметіне қатысты прокурорлық тексеру тоқтатылды", – деп түсіндірді СИМ Сауда комитеті.

Ведомство бүгінде "Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты. Құжат қабылданса, онда салада рұқсат беру тәртібі енгізіледі.

Яғни, Қазақстанда базарлар қызметін жүзеге асыру үшін оның иелеріне рұқсат алуға тура келеді. Ондай рұқсат бермес бұрын құзырлы орган – Сауда комитетінің мамандары тексеру жүргізеді. Сондай-ақ жұмыс барысында да тексеріп, заң талаптарын сақтамайтын базарлардың рұқсатнамасын жоя алады. 

Айта кеткен жөн, екі айдай бұрын атышулы осы базардың қожайыны ауысты. Жаңа әкімшілік, атқарушы директор Ермек Марқабаев журналистерге бұрынғы иелері былықтырған проблемаларды жоюға уәде берді. Шынында, базарды абаттандыру, асфальттау шаралары қолға алынды. Базаршы халық "Алтын Орданың" ішінде адамдарды жапыра жаздап ойқастаған көліктердің жым-жылас болғанын байқаған: базар ішіне көлікпен кіруге бірқатар шектеу қойылыпты.

"Бұған дейін былай болыпты: бұрынғы басшылық кәсіпкерлерге ішке тауар алып өтуіне кедергі келтірген, өзімен бөлісуге мәжбүрлеген. Енді бірде бір қызметкеріміз жалгерлердің ісіне араласа алмайды. Базарда саудаға және тауар енгізуде еркіндік берілді. Кел, арендаңды төле де, саудалай бер! Тауарлар 7–8%-ға арзандады", – деді Е.Марқабаев жергілікті журналистерге сұхбатында.

Руслан есімді коммерсанттың байламынша, еліміздің ең ірі мегаполисін өніммен, ең бастысы – жеміс-көкөніспен негізінен дәл осы "Алтын Орда" қамтамасыз етеді. Алайда базар қалаға қымбатшылықты экспорттап келді: ортадағы делдалдар өз үстемелерін қосып, қалаға қымбаттаған өнімдерді жіберетін. Қазіргі кезде базарда азық-түлік бағасы шамалы түскен көрінеді. Себебі, бұрынғыдай аренда ақысы сыртында қосымша алымдар жинау тыйылған. Жалдау ақысы да шамалы арзандапты. Орынға 2,5–3 мың теңгедей алады. Тексерушілер ӘМАТ тауарларына 5%-дан артық үстеме қосуға болмайтынын қадап тапсырып кетіпті.

Базар басшылығы барлық ірі шаруа қожалықтарына өз өнімдерін базарға әкелуге рұқсат етіп, жол ашқан көрінеді. Нәтижесінде, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан ауыл шаруашылығы өндірушілері "Алтын Ордаға" ағыла бастаған деседі.

Әрине, "Алтын Орда" базары өркениетті сауда өрісіне толыққанды шыға ала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Әйтсе де, заң талаптары күшейсе, жаңа ойын ережелері қабылданса, елімізде бетімен кеткен, үй ішінен үй тіккен, өз заңдарымен өмір сүрген базарлар тарихқа кетуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу